Accessibility links

Асхат Тағыберген: cенсацияны қайталауға тырысамыз


Қазақстан футболшылары Дания командасын жеңгеннен кейін жанкүйерлерге алғыс айтып тұр. Астана, 26 наурыз, 2023 жыл.
Қазақстан футболшылары Дания командасын жеңгеннен кейін жанкүйерлерге алғыс айтып тұр. Астана, 26 наурыз, 2023 жыл.

6 қыркүйекте Алматыда футболдан UEFA ұйымдастыратын Ұлттар лигасы жарысы аясында Қазақстан мен Норвегия командалары арасында ойын өтеді. 5 қыркүйекте Қазақстан құрамасы баспасөз мәлихатын өткізіп, жарысқа дайындығы туралы айтты.

Жиында футболдан Қазақстан құрамасының капитаны әрі жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген "әр цикл басталған сайын бізден сенсация күтпейді, бірақ биыл да сенсацияны қайталауға тырысамыз" деп мәлімдеді.

"Қазақстан футболшыларының проблемасы – ойын практикасы. Алдыңғы жылдары басында аз ойнап, нәтиже көрсетіп жүрдік. Ұлттық құрама ойындары ерекше, тек оймен емес, жүрекпен беріліп ойнаймыз. Алдағы ойындарда жеңіске жетеміз деген ойдамыз", – деді футболшы.

Бас бапкер Станислав Черчесов Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының алдында тұрған міндет туралы сұраққа "команданы көруге мұрша берсеңіздер, толық құрамда кеше бірінші рет көрдім. Ертең Норвегиямен ойын, содан кейін кездесіп, сөйлесеміз" деп жауап қатты.

Норвегия құрамасы 5 қыркүйекке қараған түні Алматыға ұшып келді. Бұл елдің құрамасында "Манчестер Сити" командасында ойнап жүрген Эрлинг Холанд пен "Арсеналдың" жартылай қорғаушысы Мартин Эдегор бар.

Қазақстан футболшысы Асхат Тағыберген Норвегиямен ойынға достары да билет сұрап хабарласқанын айтты. "Кімді көруге келе жатырсың? Холандты көруге ме, бізге жанкүйер болуға ма?" деп сұраймын" деді құрама капитаны.

"Бәрі Эдегор мен Холандты айтып жатыр ғой. Өз командам қалай ойнайды, [ойын] соған байланысты болады" деді Тағыберген матч алдындағы баспасөз мәслихатында.

Қазақстан Ұлттар лигасының (Nations League) биылғы маусымында В деңгейінде ойнайды. Жеребе тартқанда Қазақстан құрамасы Австрия, Норвегия және Словениямен бір топқа түсті.

UEFA Ұлттар лигасы футболдағы жолдастық ойындардың орнын алмастырады деп санайды. Бұл турнир арқылы Қазақстан, Литва, Латвия, Молдова, Грузия, Македония сынды рейтингі төмен құрамалардың Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі артады. Мәселен, Қазақстан құрамасы бұрын Еуропа чемпионаты жолдамасын Англия, Португалия, Украина, Польша, Бельгия сынды өзінен әлдеқайда мықты командалармен сарапқа салған. Ал Ұлттар лигасында деңгейі өзімен шамалас құрамалармен ойнап, лицензияға таласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG