Accessibility links

Майқайыңдағы апат: марқұм құтқарушының туыстары моральдық өтемақы төлеуді талап етті


Майқайыңда жер опырылғанда пайда болған өте үлкен әрі терең шұңқырға құтқарушылар мінген автобус құлап, үстінен үйінді басып қалған.
Майқайыңда жер опырылғанда пайда болған өте үлкен әрі терең шұңқырға құтқарушылар мінген автобус құлап, үстінен үйінді басып қалған.

4 қыркүйекте Павлодар облысы Екібастұз қаласының соты Майқайыңда мерт болған құтқарушы Олег Тышкевичтің туыстары берген моральдық өтемақы туралы талап арызды қарай бастады. Биыл қаңтарда Тышкевич пен әріптестері мінген автобус "Майқайыңалтын" компаниясына тиесілі кеніш аумағындағы үлкен шұңқырға құлап кетіп, көліктегі төрт адам қаза болған.

Тышкевичтің туыстары жұмыс берушіден моральдық өтемақы ретінде марқұмның жақындарының әрқайсына – екі баласына, анасы мен әпкесіне 30 миллион теңгеден төлеуді талап еткен.

– Әкелері қаза болғаннан кейін арыз берушілердің өмірі қатты өзгерді, уайымнан арыла алмай жүр. Марқұмның артында қалған қызы мен ұлының анасы да өмірден өткен. Адам өмірін төрт миллион теңге деп бағалауды арсыздыққа жатқызамыз. Компания құтқарушылар өмірінен табыс тауып отыр, – деді марқұм Тышкевичтің отбасының адвокаты Бейбіт Омаров сотта.

Талап арыз иелері жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтамай, құтқарушыларды апат болған жерге жіберді деп есептейді. Омаровтың айтуынша, құтқарушылар мінген автобус ескірген: жер опырылып кеткенін жүргізуші қауіпсіз қашықтан көре алатындай көліктің арнайы жарығы болмаған. Арыз иелерінің өкілі сотта шахтада топырақ опырылып кетуіне байланысты апатты жою жоспары жоқ болды деді, оның сөзінше, жауапкер осындай қауіпті өндіріс орнындағы қызметке атүсті қараған.

Бұл істегі жауапкер – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы. Олар талапты ішінара мойындады. Құтқарушылар штабы қайғылы оқиғаға өзін кінәлі санамайды, моральдық өтемақы мөлшері тым жоғары деп есептейді. Құтқару қызметі жұмыс барысында қаза болған қызметкерінің өмірін төрт миллион теңгеге бағалаған. Жауапкер кінәні "Майқайыңалтын" компаниясына артады, олар қайғылы оқиғаға алтын өндіруші компания жауап беруі керек деді.

– Негізгі зиян келтірген – "Майқайыңалтын" компаниясы, бірақ арыз иелері талабында көрсетпеген. Арыз бергендер ақылға қонымсыз жоғары сома талап етіп отыр. Біз тек төрт миллион теңге төлеуге дайынбыз, арыз берген адамдардың әрқайсына миллионнан, – деді сотта авариялық-құтқару қызметінің өкілі Ирина Катаван.

Қаңтардың басында алтын кеніші аумағында жер опырылғанда пайда болған аса үлкен әрі терең шұңқырға құлаған автобуста төрт адам болған. Олардың екеуі – 25 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 53 жастағы Олег Тышкевич бірнеше сағаттан кейін үйінді астынан өлі табылды.

Із-түссіз кеткен тағы екі құтқарушыны іздеу жұмыстары шілденің аяғына дейін жалғасты. Оның барысында кеніш аумағында тағы да топырақ опырылып кету қаупіне байланысты іздеу жұмыстарын бірнеше рет тоқтата тұрып, кейін қайта жалғастырды.

Қаза тапқан екі адам – 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден 19 шілдеде, ал 55 жастағы автобус жүргізуші Айып Тілеубергенов 25 шілдеде табылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG