4 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қошмамбет ауылында азапталған адамдардың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасты. Жәбірленуші тараптың адвокаты Әлия Жанұзақова істі қарау кезінде мүдделер қайшылығы болуы мүмкін деп, бұл істі Қарасай ауданынан басқа ауданға ауыстыруды сұрады. Оның сөзінше, күдіктілердің бірінің адвокаты Мәди Көшікбаев бұған дейін Қарасай аудандық сотының судьясы болған. Оның бұл өтінішін осы істегі 23 Өзбекстан азаматының қорғаушысы Айна Шорманбаева да қуаттады.
Мәди Көшікбаев бұл уәжге қарсы шықты. Ол бұрынғы судья қызметі қазіргі адвокат қызметіне әсер етпейді деді.
– Мен сонда судья болғаным үшін адвокат ретінде Қарасай ауданындағы соттарға қанша жыл қатыспауым керек? Оның мерзімі бар ма? – деді Көшікбаев сотта.
Судья Дінмұхамед Адайбаев істі басқа ауданға ауыстыруға негіз жоқ деп, жәбірленуші тараптың өтінішхатын қанағаттандырмады. Бұдан бөлек, ол істі қайта тергеуге жіберу өтінішін қараусыз қалдырды. Бұған дейін жәбірленушілердің адвокаттары күдіктілерге жеңіл айып тағылды, істе ашылмаған мән-жайлар бар деп, оны қайта тергеуге жіберуді сұраған.
Негізгі сот талқысы 16 қыркүйекте өтеді деп белгіленді.
Қошмамбет ауылындағы азаптау ісінде алты полиция қызметкері күдікті деп танылған, жәбірленушілер саны – 44. Олардың арасында Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары бар.
Іс бойынша күдікті деп танылған полиция қызметкерлері – Серік Тұрпанбаев, Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдархановқа "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" (Қылмыстық кодекстің 146-бабы 1-бөлігі) және "Билiк немесе лауазым өкiлетін асыра пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі) баптары бойынша айып тағылған.
Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан "бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын" "мойындаған" жігіттің видеосы көрсетілген. Кейін оның қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов екені, полицейлер оны азаптап, "ағынан жарылуға" мәжбүрлегені анықталып, іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің "Орталық Азия елдерінің бірінен келген террористер" тезисі күлкіге айналды.
ПІКІРЛЕР