Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи биылғы жолдауда "үнемі өткенмен өмір сүрмеуге, бұрынғы жүйеден кінә іздей бермеуге" шақырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін саяси шешім емес, азаматтық пікірі деп бағалады. Бапидің сөзінше, Тоқаев бұл мәселеге президенттік пәрменмен тоқтату, шектеу қойған жоқ. Депутат қоғамда мұны қалай қабылдайтыны әркімнің өз еркінде деді.
"Президентке бұл туралы айтуға не себеп болды?" деген сұраққа Ермұрат Бапи "қоғамдағы тұрақтылық, елдегі тыныштық, "ескі" және "жаңа" Қазақстан арасындағы ерегес, кикілжіңді шектеу мәселесінде ойлары болған шығар" деп жауап берді.
Оның айтуынша, "Ескі Қазақстан" өкілдері шартты жазамен босап, [оларға] "адамның күлкісі келетін жазалар" қолданылып жатыр. Депутат "қоғамның "ескі Қазақстан" кемшіліктерін ашу мәселесіне шектеу қоюға болмайды" дейді.
"Ашумен, қудалап, артынан қазбалау міндетті емес, "ескі Қазақстанның" кінәратын нақты фактілермен шығаруымыз керек. "Ескі Қазақстанға" ревизия жасамайынша, "жаңа Қазақстан" ешқашан болмайды" деді Бапи.
2 қыркүйекте халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "үнемі өткенмен өмір сүрмеуге, бұрынғы өткендерден кінә іздей бермеуге" шақырды. Алайда ол өткен кезеңдегі нақты нені меңзегенін ашып айтпады.
"Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет" деді Тоқаев.
16 тамызда Өскемен қаласындағы сот экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған.
Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін қамалып, "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған еді. Биыл тамызда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пен Бас прокуратура Сатыбалды заңсыз иеленген 700 млрд теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарды деп хабарлаған. Сол кезде мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи желіде "Қайрат Сатыбалдыны шартты жазамен босатуға дайындап жатыр ма?" деген пост жариялаған еді.
Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде "қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін" 8 жыл шартты жазаға кесілген. Сот жабық өткендіктен, онда не айтылғаны, тіпті Самат Әбіштің нақты нендей әрекет үшін айыпталғаны белгісіз.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев өзінің телеграм-арнасында Әбіштің жеңіл жазаға кесілуін қазіргі билік пен Назарбаевтың отбасы арасындағы ымыраның нәтижесі деп бағалаған.
Кей саясаткерлер 2019 жылға дейін президент болып, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң биліктен біржола кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірін, оның отбасы мүшелері мен жақын адамдарын, сол кезде билікте болған азаматтарды "Ескі Қазақстан" деп жиі атайды.
ПІКІРЛЕР