Accessibility links

Politico: Моңғолия энергияға тәуелді болғандықтан Путинді тұтқындай алмады


Ресей президенті Владимир Путин Моңғолияда. 3 қыркүйек, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Моңғолияда. 3 қыркүйек, 2024 жыл.

Моңғолия энергияға тәуелді ел болғандықтан, Ұланбатыр Ресей президенті Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық сот берген ордер бойынша тұтқындай алмайды. Бұл туралы Politico басылымы сөйлескен моңғол үкіметінің өкілі мәлімдеген.

Оның сөзінше, Моңғолия ел өмірінде өте маңызды рөл атқаратын мұнай өнімдерінің 95 пайызын және электр қуатының 20 пайыздан астамын жақын көршілерінен алып отыр.

"Моңғолия дипломатиялық қарым-қатынастарында әрқашан бейтарап саясат ұстанған, оны бүгінгі біздің ресми мәлімдемелеріміз көрсетіп отыр" деген моңғол үкіметінің өкілі.

Ресеймен және Қытаймен шектесетін Моңғолияда үш миллионнан астам адам тұрады. Моңғолия – Халықаралық қылмыстық сот мүшесі, шарт бойынша, ел халықаралық сотпен жұмыс істеуге, оның ішінде елге кіретін кез келген күдіктіні тұтқындауға және ұстап беруге міндетті.

Құқық қорғаушылар Моңғолияны Путинді тұтқындауға үндеген.

Моңғолия Путинді неге тұтқындамады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:04 0:00

Ресей президенті Моңғолияға 2 қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғыста совет-моңғол әскері жапон армиясын жеңгеніне 85 жыл толуына орай өткен шараға қатысуға барған. Путинді Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух шақырған.

3 қыркүйек кешке Кремльдің телеграм-арнасы Путиннің Моңғолияға ресми сапары аяқталды, Ұланбатыр әуежайында оны шығарып салған кезде құрметті қарауыл сап түзеп тұрды деп хабарлады. Моңғолиядан Владивостокқа ұшып барған Путин онда Шығыс экономикалық форумына қатысады.

Путин Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутын ратификациялаған елге ордер шыққалы бері алғаш рет сапармен барды. Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG