Accessibility links

Bloomberg: Иран жақын арада Ресейге зымырандар жеткізбек


Иранның "Раад-500" ракеталары
Иранның "Раад-500" ракеталары

Иран жақын арада Ресейге Украинамен соғыста қолдануға баллистикалық зымырандар жеткізбек. Бұл туралы аты-жөні аталмаған еуропалық шенеуніктер сөзіне сүйенген Bloomberg агенттігі хабарлады. Олар Иран билігінің қадамына Украинаны қолдайтын елдер жылдам реакция танытады деп болжап отыр.

Тамызда Reuters агенттігі барлау өкілдеріне сүйеніп, Тегеран Ресейге жүздеген баллистикалық зымыран жеткізуге ниеттеніп отыр деп хабарлаған. Bloomberg хабарламасында жеткізу мәселесі "шешіліп қойғандай" айтылған, процесс алдағы күндері басталуы мүмкін делінген. Агенттіктің дереккөздері Иран Ресейге қандай және қанша зымыран жеткізе алатынын айтпады.

Иранда 120 шақырымға ұшатын Fath 360 ракеталары бар, Reuters агенттігі осындай ракетаны Ресейге жеткізуі мүмкін деген. Алайда Иранда бұдан да алысқа ұшатын зымырандар бар, оның бірі – радиусы 2500 шақырымға жететін "Саджил" ракетасы.

Ресей Украинаға қарсы соғыста баллистикалық "Ескендір" мен гипердыбысты "Қанжар" зымыранын, тағы көптеген мәліметке сәйкес, Солтүстік Кореяның KN-23 ракетасын қолданады.

Бұған қоса, Ресей Ираннан алатын және өзі де шығаратын "Шахед" дрондарын қолданады. Баллистикалық зымырандар – дрондарға қарағанда әлдеқайда күшті қару.

Bloomberg-тің жазуынша, АҚШ пен НАТО елдері Иранға ракета жеткізудің салдары болады деп ескерткен. Reuters мәліметінше, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Иранның Ресейге осындай деңгейде қару-жарақ жеткізуі Украинаға қарсы агрессияны күшейту ретінде қарастырылады және АҚШ, НАТО мен G7 елдері бұл әрекетке "жылдам және қатаң жауап" беруге дайын деген. Нақты қандай жауап болатыны айтылмаған.

Bloomberg Iran Air әуе компаниясына санкцияларды күшейтуі мүмкін деді. Бұған дейін "Шахед" дрондарын жеткізуге байланысты салынған санкциялар (Иран алдымен мұны жоққа шығарып, кейін Ресей Украинаға басып кіргенге дейін аздаған дрон жеткізілді деген) Иран ұстанымын өзгерткен жоқ. Иран билігі Bloomberg ақпаратына түсініктеме бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG