Accessibility links

Ербол Мырзабосынов – Қазақстанның жаңа туризм және спорт министрі


Ербол Мырзабосынов
Ербол Мырзабосынов

2 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Мырзабосыновты туризм және спорт министрі етіп тағайындады. 40 жастағы Мырзабосынов бұған дейін спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болған.

Биыл ақпанда ол ұлттық олимпиада комитетінің жалпы мәселелер бойынша вице-президенті болып сайланған.

Еңбек жолын Семей мемлекеттік педагогика институты Дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушысы болып бастаған Мырзабосынов әр жылдары "Қызылжар арландары" спорт клубының директоры, Qazaq Kuresi қауымдастығының басқарушы директоры, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болған.

31 тамызда Тоқаев бір жылдай туризм және спорт министрі болып істеген Ермек Маржықпаевты қызметінен босатқан. Бұл шешімге не түрткі болғаны айтылмады.

Биыл Париждегі жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша 43-орынды иеленген. Қазақстан атлеттері жеті медаль алды, оның біреуі – алтын.

Қазақстан құрамасы Парижде Токио олимпиадасынан гөрі жақсырақ нәтиже көрсетті. Спортшылар Токиода сегіз қолаға ие болған. Алайда бұл нәтижеге жанкүйерлер көңілі толмады. Олар Қазақстанды көп жағдайда Парижде сегіз алтын медаль алған Өзбекстанмен салыстырды.

28 тамызда Маржықпаев Париж олимпиадасын қорытындылаған жиында "дәстүрлі" саналатын спорт түрлерінен дайындық төмен, нәтиже нашар болды деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG