Accessibility links

Армения ҰҚШҰ-дағы жұмысын уақытша тоқтатты


Никол Пашинян
Никол Пашинян

Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін (ҰҚШҰ) органдардағы жұмысын уақытша тоқтатты.

"Арменияның ҰҚШҰ-дағы жұмысын толық тоқтатқанын білесіздер, қазіргі уақытта бұл шешімді жеткілікті деп санаймыз. Қазір басқа шешім қабылдайтын негіз көріп тұрған жоқпыз, алайда бұл келесіде басқа шешім қабылдамаймыз дегенді білдірмейді", – деді 31 тамызда Ереванда өткен баспасөз мәслихатында Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

Ол Арменияның ҰҚШҰ-дан нақты қашан шығатынын айтқан жоқ.

Бұған дейін Пашинян ҰҚШҰ-ға мүше кемі екі ел "соғысқа дайындалуға қатысты" деп мәлімдеді, соның нәтижесінде Әзербайжан Таулы Қарабақтың алдымен бір бөлігін, кейін бүкіл аймағын бақылауына алды. Пашинян олардың қай ел екенін атаған жоқ, бірақ оның сөзі Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконың Бакуге сапарлағанда айтқан мәлімдемелеріне жауап болды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұған дейін Ереван ҰҚШҰ құрамынан шығады деп айтқан. Биыл мамырда Армения билігі ұйымға қаржы қоспайтынын мәлімдеген. Ресей билігі Ереванды бірнеше рет сынға алып, Мәскеу Армения алдындағы барлық міндетін орындады деп мәлімдеген. Ресейлік комментаторлардың көбі Пашинянды Батысқа бет бұрды деп айыптаған. Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасында айрықша проблемалар жоқ деген.

Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. 2020 жылы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін өз бақылауына алған.

2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақта әскери операция бастап, аймақты толық басып алды. Жүздеген мыңнан астам армян баспанасын тастап, қашып кеткен. Таулы Қарабақ жетекшісі Самвел Шахраманян 28 қыркүйекте жікшіл "республика" 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатыны туралы жарлыққа қол қойған.

Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабаққа байланысты қарулы жанжал ушыққан шақта Ереван ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған. Бірақ ұйым ол өтінішті орындаған жоқ. Осыдан кейін Армения ұйымнан шығатынын айта бастаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG