Accessibility links

"Ресейдің тыңшы киті" делінген Хвалдимир өліп қалды


"Ресейдің тыңшы киті" делінген Хвалдимир. 16 маусым, 2019 жыл.
"Ресейдің тыңшы киті" делінген Хвалдимир. 16 маусым, 2019 жыл.

Норвегия жағалауында Хвалдимир деген лақап атпен көпке танылған белуха-кит өлі табылды. Бұған дейін оны "Ресейдің тыңшы киті" деп атаған.

Бұл кит алғаш рет 2019 жылы Норвегия жағалауында көзге түскен. Киттің қарғыбауында видеокамера тағатын орын, "Петербург 2019 жабдығы" деген жазу болған. Зоолог мамандар тыңшылық жасауға үйретілген кит Ресейдің әскери жаттығу базасынан қашып шыққан болуы немесе "тапсырма" орындауға жіберіліп, жолай видеокамерасы түсіп қалған болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Мамандар кит кемеге ілесіп жүзуге үйретілген, адамдардан да қашпағанына қарағанда, бұған дейін адаммен қарым-қатынаста болып, дайындалғанға ұқсайды деген. Жергілікті баспасөз осы кит жөнінде көп жазған. Норвегтердің hval (кит) сөзі мен Ресей президентінің есімін (Владимир) қосып, оған Хвалдимир деп ат қойған.

Хвалдимирдің неден өлгені әзірге белгісіз. Ол шамамен 15 жаста болған дейді мамандар. Белуха-кит әдетте 35–50 жыл өмір сүреді.

1980 жылдары совет әскері дельфинді су астындағы минаны табуға үйрететін жоба жасап, ол жоба 1990 жылдары тоқтаған. 2017 жылы Ресейдің мемлекеттік "Звезда" телеарнасы белуха-китті, итбалықты және дельфинді әскери мақсатқа пайдалануға үйрететін бағдарлама туралы хабар таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG