Accessibility links

Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаны тіс дәрігері қызметіне емнен соң аударуды ұсынды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшадан тіс дәрігері қызметіне ақы төлеуге байланысты өзгеріс енгізуді ұсынды. Оған сәйкес, пациент я медициналық ұйым ақшаны қандай мақсатта пайдаланатынын растайтын құжат өткізуі керек.

"Медициналық ұйымның жауапты тұлғасы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде [зейнетақы қорынан ақша алғысы келетін] өтініш берушіге я оның заңды өкіліне емдеуге дейінгі және одан кейінгі дәрігерлік-консультация комиссиясының (ДКК) қорытындысын электрон және/немесе қағаз түрінде беріп, оларды уәкілетті операторға ұсыну үшін ДКК жиыны өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде медициналық ақпарат жүйесіне енгізеді".

Оператор ақшаны медициналық қызмет бойынша шарт пен қорытынды алған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде аударады.

Бұл жоба "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қоғамдық талқылау 12 қыркүйекте аяқталады.

Биыл шілдеде денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың тіс емдету үшін зейнетақы қорынан ақша алуын 10 тамыздан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін тоқтата тұруды ұсынған. Министрлік қордан алынған ақшаны стоматология қызметіне пайдалану кезінде тәртіпке қайшы әрекеттер анықталғанын хабарлады. Бұйрық жобасын жария талқылау 7 тамызда аяқталған.

Қазақстан билігі 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалануына рұқсат берген. Әр азаматтың жас ерекшелігіне қарай зейнетақы қорында қалуға тиіс шекті сома белгіленген. Одан асқан қаржыны: баспана сатып алуға, емделуге және инвестициялық қаржы ретінде пайдалануға рұқсат еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG