Accessibility links

Парижде паралимпиада ойындары басталды. Қазақстаннан 44 спортшы қатысады


Парижде 2024 жылғы жазғы паралимпиада ойындары басталды. Жарысқа 22 спорт түрінен 4400-ден аса спортшы қатысады. Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты Париж қаласының дәл ортасында өтті. Шараны Франция президенті Эммануэль Макрон мен Халықаралық паралимпиада комитетінің басшысы Эндрю Парсонс ашты.

Париждегі паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысады. Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті мұны ел тарихындағы рекорд көрсеткіш деді. Токиода өткен паралимпиадаға Қазақстаннан 25 атлет қатысқан.

Биыл Қазақстан құрамасы паралимпиадаға 9 спорт түрінен – дзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, нысана көздеу, үстел теннисі, жүзу, каноэ және волейболдан сынға түседі. Спорт комитеті биыл Қазақстанның паралимпиада спортшылары үстел теннисінен және әйелдер арасындағы каноэден бірінші рет лицензия жеңіп алды деді.

Ашылу салтанатына жиналғандар Украина делегациясын шулап қарсы алды, ал кейбіреуі украин спортшыларына орнынан тұрып қол соқты деді ВВС-дің Орыс қызметінің тілшісі.

Париждегі паралимпиада ойындары 8 қыркүйекте аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG