Accessibility links

Үндістанның 90-нан аса азаматы Ресей әскері сапында Украинаға алданып барып, сегізі қаза тапқан

Үндістандық Мохаммед Имран ресейлік сарбаздың киімін киген бауыры Мохаммед Асфанның суретін көрсетіп тұр. Туысының айтуынша, Ресейге жұмыс істеуге кеткен Мохаммед Асфан үйіне Ростов қаласынан телефонмен хабарласып, Украинаға соғысқа бара жатқанын айтқан. 22 ақпан, 2024 жыл.

Үндістанның 90-нан астам азаматы Украинада Ресей әскері жағында соғысуға алданып барып, кемі сегізі қаза тапқан. Мұны "Дождь" телеарнасына Үндістан парламентінің депутаты Викрамджит Сингх Сахнейб айтты. Ол соғыста өлгендердің сүйегін елге қайтару әзірге мүмкін болмай тұр деген.

Сингхтің айтуынша, соғысқа баратын Үндістан азаматтарының басым бөлігін Ресейге жұмысқа орналастырамыз деген желеумен шақырып, аудармашысыз қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға мәжбүрлейді. Адамдардың көбі майданға аттанғанын сол жерге барғанда бір-ақ білген деді "Дождь".

"Дождь" телеарнасы Украинада қаза тапқан Үндістан азаматы Рави Мунның ата-анасымен сөйлескен. Олардың айтуынша, әлдекімдер Равиді Ресейдегі көлік компанияларының біріне жұмысқа тұрғызуға уәде берген. Ресейге кеткен ол елде қалған отбасымен байланысқа майданнан хабарласқан.

Шілдеде Мәскеуге сапарлап барған Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Владимир Путинмен кездесуде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған Үндістан азаматтарын босату, соғысқа тартуға қайта жол бермеу жөнінде өтініш айтқан. Путин екі мәселені де шешуге көмектесуге уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG