28 тамызда Қазақстанның туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж олимпиадасын қорытындылаған жиында жарыстан алтынсыз қайтқан ұлттық бокс құрамасы үздік нәтиже көрсете алмады деді. Ол "дәстүрлі" саналатын спорт түрлерінен дайындық төмен, нәтиже нашар болды деп сынады.
Маржықпаевтың сөзінше, Қазақстаннан Париж олимпиадасына жеті салмақ дәрежесі бойынша барған бокстан ерлер құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алуға уәде еткен. Бірақ команда жалғыз ғана жүлде – 80 келіде бокстасқан Нұрбек Оралбай алған күміс медальмен оралды.
Ерлер құрамасы екінші олимпиада қатарынан алтынсыз қалды. Қазақстан боксшылары 1996 жылдан бергі кезеңде олимпиада ойындарында 22 медаль алған: жеті алтын, жеті күміс және сегіз қола.
Маржықпаев жекелеген спорт түрлері бойынша да нәтижені жақсарту керек деді.
Маржықпаев Парижге сегіз лицензия жеңіп алып, бір күміс жүлдемен қайтуға уәде берген жеңіл атлетика құрамасынан "жақсы нәтиже күткен едік, бірақ үмітіміз ақталмады" деді.
27 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасынан жүлдемен оралған спортшылармен, бапкерлермен кездесті. Тоқаев "мемлекет спортшылар дайындығына жеткілікті қаржы бөледі, халықаралық жарыстарда жұрттың кей спорт түрінен жүлде күтуі – заңдылық" деді.
Тоқаев осы жиында шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, Қазақстан атынан жарысқа қосуды доғару керек деп мәлімдеді. Президенттің сөзінше, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін елдегі жас атлеттердің жолын кеседі. Тоқаев "дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлері бойынша" елге шетелдік мықты бапкерлерді тарту жағын қарастыруды ұсынды.
Тамыздың ортасында Қазақстан бокс федерациясы Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлерді қызметінен босатты. Бас бапкер болып 54 жастағы маман Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Ол 2021-2022 жылдары бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болған, 2024 жылдан бастап Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырған.
ПІКІРЛЕР