Accessibility links

Қазақстан мен Тәжікстан уран мен сирек металдарды бірге өндіруге келісті


Құрамында уран бар кен.
Құрамында уран бар кен.

"Тәжік сирек металдары" мен "Қазатомөнеркәсіп" компаниялары уран мен сирек кездесетін металдар өндіру және қайта өңдеу саласы бойынша меморандумға қол қойды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22 тамызда Тәжікстанға ресми сапармен барғанда құжатқа қол қойылған деп хабарлады "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының баспасөз қызметі.

Меморандумда екі елдің тау-кен өнеркәсібіндегі стратегиялық әріптестік қарастырылған. Компаниялар "уранды және басқа да сирек кездесетін металдарды барлау, өндіру және қайта өңдеу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, инновациялық технологиялар енгізу, кадр даярлау бойынша бастамаларды іске асыруда бірге жұмыс істеуді" жоспарлап отыр.

"Тәжік сирек металдары" компаниясының өкілдері "Қазатомөнеркәсіптің" өндіріс қуатымен танысу, алдағы әріптестік шамасын егжей-тегжейлі бағалау үшін Қазақстанға сапарлап келмек.

"Қазатомөнеркәсіп" – дүниежүзіндегі ең ірі уран өндіруші компания. Оның ресми мәліметіне сәйкес, "Қазатомөнеркәсіп" еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріккен 26 кен орнын игеріп жатыр. Олардың бәрі Қазақстанда орналасқан.

Былтыр Қазақстан әлемдік нарыққа 21 мың тонна табиғи уран шығарды, бұл – әлемдегі бастапқы өндірістің тұтас көлемінің 40 пайыздан астамы. Бұл цифрлардың ішінде Қазақстан аумағынан шетелдік компаниялар өндірген уран да бар. Жалпы көлемнің жартысына жуығы Ресей, Қытай, Франция, Жапония компанияларының үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға тиесілі.

"Тәжік сирек металдары" – Тәжікстанның өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігіне бағынатын мемлекеттік унитарлық кәсіпорын, рекультивация жұмыстары бойынша оператор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG