27 тамызда Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот "қаладағы үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге және үйлерді жөндеуге бөлінген бюджет ақшасын жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірді" деп айыпталған қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған шенеунікке 9 жыл және оның кәсіпкер серігіне 8 жыл түрме жазасын кесті. Шенеунік үкімге келіспеймін деді, ал кәсіпкер пікір білдірмеді.
Сот кәсіпкерді Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабымен (189-бап), ал шенеунікті осы баппен қоса, "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру" бабымен (218-бап) кінәлі деп таныды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Сот үкім күшіне енбейінше сотталушылардың аты-жөнін, бейнесін жариялауға тыйым салды.
Бұған қоса, сот шенеунікті мемлекеттік, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен оны реттеу және бақылау, қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына, ал оның серігі деп танылған кәсіпкерді коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметті атқару құқығынан он жылға айырды.
Сотталушылар, олардың қорғаушылары журналистердің сотқа қатысуына қарсы болған. Айыпталушы шенеуніктің туысының сөзінше, ағасының кінәсі дәлелденбей тұрып оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұстаған сәттегі видеосы тарап, желіде көп талқыланған. Бұл оның отбасына моральдық тұрғыдан соққы болған.
Оның сөзінше, бұл айыпталушының зейнеттегі әке-шешесінің денсаулығына кері әсер еткен, мектеп жасындағы балаларына буллинг жасалған. Судья іс ашық екенін ескеріп журналистердің қатысуына рұқсат берген. Тек айыпталушылардың аты-жөнін жариялауға тыйым салған.
Биыл ақпанда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желіде әкімдік жиналысынан видео жариялады. Онда әкім жиналыс кезінде жемқорлық туралы айтып, "көпшілікке сабақ болуы үшін" жемқорлық күдігіне ілінген шенеунікті залдан алып кетуді сұрайды. Жемқорлықпен күрес қызметкерлері залда отырған бір адамды алып кетеді. Бұл әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырып, желі қолданушылары арасында "кінәсіздік презумпциясы сақталмады" дегендер болған.
Сот үкімі күшіне енгенге дейінгі қамаудағы бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелінді. Судья Айнел Орақбаева сот тергеуінде "шенеуніктің кәсіпкер көмегімен мемлекеттен 367 млн теңгеден аса қаржы жымқырғаны дәлелденді" деді. Бұл ақшаға ата-анасының атына тіркелген монша кешенін салуды ұйымдастырып, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырғаны айтылды. Сот монша кешенін тәркіледі.
Сотталушылардың адвокаты Шымырбай Ағабеков апелляциялық шағым түсіреміз деді. Оның айтуынша, "жымқырған ақшамен салды" деген монша кешені оқиға болғанға дейін пайдалануға берілген, тиісті мемлекеттік тіркеу органдарынан өткен. Сот тергеуінде 367 млн теңге жымқырылғаны және оның қайда кеткені дәлелденбеген.
Істе қалалық тұрғын үй басқармасы жәбірленуші деп танылған. Басқарманың заңды өкілі Азаттыққа сот үкіміне байланысты "ештеңе дей алмаймыз" деді.
Прокурор жарыссөзде соттан шенеунікті 10 жылға, оның серігі деп танылған кәсіпкерді 8 жылға соттауды сұраған. Прокурордың сөзінше, 2023 жылы айыпталушы шенеунік қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған кезде Шымкенттегі көпқабатты 154 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге және көпқабатты 7 үйді жөндеуге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы үш конкурс жариялаған. Жеңімпаз ретінде өз ауылдастары танылған. Көпқабатты 17 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге – 35 млн теңгеден аса, көпқабатты 137 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге – 202 млн теңгеден аса, көпқабатты 7 үйді жөндеуге 129 млн теңгеден аса ақша қарастырылған.
Айыптау актісіне сәйкес, басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы талапқа сай орындалмаған жұмысты қабылдаған. Сөйтіп мемлекет бюждетіне 312 млн теңге залал келтірген. Ол бұл әрекетін бір ауылда туып-өскен кәсіпкермен бірге жасаған.
ПІКІРЛЕР