Accessibility links

AFP: Дуровты қамауда ұстау мерзімі ұзарды


Павел Дуров
Павел Дуров

Франция соты Telegram мессенжерінің негізін қалаған Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімін 48 сағатқа ұзартты. AFP агенттігі тергеуден хабары бар дереккөзге сүйеніп осылай деп хабарлады.

Ақпарат агенттігі Дуровты қамауда ұстау ең көп дегенде 96 сағатқа созылуы мүмкін деп жазды, одан кейін судья оны босатуға я айып тағуға тиіс. Аса ауыр жағдайларда (есірткі саудасы, терроризм айыбы бойынша) күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 120 немесе 144 сағатқа дейін ұзаруы мүмкін.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімі ұзаруы мүмкін деп жазған. Франция заңына сәйкес, қамауда ұстау мерзімін тек бір-ақ рет ұзартуға болады деді агенттік.

Франция билігі Дуровтың ісіне байланысты әзірге ресми түрде түсініктеме берген жоқ.

Telegram мессенжері тобы мәлімдемесінде компанияның бас директоры Павел Дуровтың жасыратын түгі жоқ, ол Еуропада жиі саяхаттайды, ал Telegram мессенжері Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайды деп жазылған.

"Бұл платформаны теріс пайдаланғанға платформа я оның иесі жауап береді деу – сандырақ", – деді Telegram тобы.

24 тамыз кешке француз ақпарат құралдары Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталды деп хабарлаған. Франция билігі Дуровтан жауап алып, уақытша қамауға алған. Бизнесмен Францияға Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып барған.

Дереккөздеріне сүйенген France-Presse ақпарат агенттігі Павел Дуров жақын арада сотта жауап береді деп жазды. Агенттік хабарлауынша, Дуровты тұтқындауға Францияның кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстармен күрес басқармасы (OFMIN) алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарды алдын ала тергеуге байланысты ордер берген.

Ресейдің ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі 25 тамызда Париж прокуратурасы Дуров ісіне байланысты 26 тамызда баспасөзге мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр деп жазды.

Ресейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған, Telegram кеңсесі де сол елде орналасқан. Кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG