Accessibility links

Вице-премьер Серік Жұманғарин: Қазақстан санкцияларға көзсіз мойынсұнбайды


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресейге салынған Батыс санкциялары өз саласында негізгі жұмыс беруші болып отырған отандық компанияларға зиян тигізген жағдайда, Қазақстан санкция ережелеріне көзсіз мойынсұнбайды деп мәлімдеді.

"Отандық өндірушілердің сауда жасауына тыйым салуына жол бермейміз", – деді Жұманғарин Bloomberg-ке берген сұхбатында.

Bloomberg мұны Қазақстан риторикасындағы күрт өзгеріс дейді, бұл шикізат пен ауылшаруашылық тауарын экспорттау үшін әлем нарығына шығу жолындағы айла-шарғыны көрсетеді.

"Қазақстан 2022 жылы Кремль Украинаға басып кіруге байланысты АҚШ бастаған елдердің санкция шарасына қарсы болғанымен, Жұманғарин сияқты жоғары лауазымды шенеуніктер бұған дейін жария түрде шектеулерге қарсы шыққан емес" дейді ақпарат агенттігі.

Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан шарлы мойынтіректі сатуға салынған тыйымға қосылмады. Шарлы мойынтірек азаматтық және әскери салада қолданыла алады, вице-премьердің сөзінше, жергілікті зауыт оны Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет елдерінде қолданылатын сипаттамаға сәйкес шығарады.

Қазақстан билігі бұған дейін Ресейге қарсы Батыстың санкцияларын бұзбайтынын, оларды айналып өтуге Мәскеуге көмектеспейтінін бірнеше мәрте мәлімдеген. Жұманғарин Bloomberg-ке сұхбатта Қазақстан санкцияларды сақтайтынын айтты.

Бірақ ол Ресейдің кейбір тауарға қол жеткізуіне салынған тыйым Қазақстанға қатты зиян тигізгенін жеткізді. Вице-премьер бұған мысал ретінде 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі Eurasian Resources Group алпауыт тобын келтірді. Санкциялардан кейін алпауыт топ Ресейге темір кенді шекемтастарды сата алмай қалып, үлкен шығынға батты. Ал оның Ресейдегі бұрынғы клиенті оны жергілікті тасымалдаушылардан сатып алып, болат өндіруші өзге компаниялармен бірге дами бастаған.

Шектеулер болмаса, "Қазақстан пайда табар еді. Оның орнына "пайданы енді санкция іліккендер көріп отыр", – дейді Жұманғарин.

Вице-премьер Қазақстан Каспий теңізі арқылы оңтүстікке қарай Иранға баратын дәлізді зерттеп, тұрақты сауда жолдарын құруды көздейтінін айтты. Бірақ бұл реттегі шектеу энергетика мен қорғаныс саласында қос мақсатта пайдаланылатын тауарды қамтиды.

Қазақстан үкіметі Батыстан Иранға тауар сатуға немесе ол елді транзит ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін жеңілдіктер сұрады, алайда нәтиже болмады. Қазақстан біржақты санкцияларды ешқашан мойындаған емес және алға басуды жоспарлап отыр, дейді Жұманғарин.

"Әр уақытта саудаласуға мәжбүрміз, – деді Жұманғарин. – Бірақ ел ретінде қалайда да күн көруіміз керек".

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстан Ресейге салынған Батыс санкцияларын сақтайтынын мәлімдеген. Сарапшылар "Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр" дейді.

АҚШ пен Еуроодақ Ресейге шектеулерді айналып өтуге көмектескені үшін бірнеше қазақстандық компанияға санкция салған. Маусымда Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар. 2024 жылы ақпанда журналистер осы компанияның жұмысы туралы зерттеу жариялаған. Зерттеуде "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқаны айтылған.

Ақпанда АҚШ "Ресейдің Украинаға шабуылының екі жылы мен Навальный қазасына қатысты" жариялаған санкция тізіміне DA Group компаниясы енген. Халықаралық зерттеушілер бұл компания соғыста қолданылатын санкция салынған тауарлар реэкспортына атсалысты деген.

Ал Еуропа одағының 13-санкция пакетіне қазақстандық Elem Group компаниясы кірген. АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазақстандық Elem Group АҚШ-та тіркеліп, Ресейде орын тепкен "Стрелой Е-Коммерц" компаниясына "озық тауарларды" жеткізумен айналысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG