Өзбекстан түрмесінде отырған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың денсаулығы қатты нашарлады деп хабарлады Австриядағы "Еуразияға бостандық" (Freedom for Eurasia) ұйымы.
Тамыздың басында Тәжімұратовтың анасы Науаи қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отырған ұлымен жолығып қайтқан. Құқық қорғаушылар Тәжімұратовпен бірге бір баракта 150 адам тұрады деп хабарлады. Тұтқындардың түрмедегі жағдайы нашар, таза ауыз су іше алмайды делінген осы ұйымның хабарында.
Тәжімұратовтың анасы "ұлым бір айда шамамен 10 келіге азып кетті, әрең қозғалады, кездесуден үш күн бұрын жүрегі айнып, құсып, ештеңе жей алмаған" деген. Белсендінің денсаулығы түрмедегі мәжбүрлі еңбекке байланысты нашарлаған болуы мүмкін. Тәжімұратов әк өндіретін цехта арнайы киімсіз және бетпердесіз жұмыс істейді. Оның аяғына, қолына және ерініне жаралар шыққан. Құқық қорғаушылар белсендіге медициналық көмек көрсетілмей жатыр деп дабыл қағады. "Еуразияға бостандық" ұйымының сайтында осындай мәлімет келтірілген.
Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы туралы таяуда "Еуразияға бостандық" ұйымының жетекшісі Лейла Назгүл Сейітбек "Настоящее Время" арнасына берген сұхбатында айтты. Құқық қорғаушы Өзбекстан билігі Тәжімұратовты әлемнен оқшаулауға барынша тырысқан деді.
"Әк сияқты улы затпен арнайы киімсіз ұзақ уақыт жұмыс істеудің арты өлімге әкелуі мүмкін. Оның әсері бірден емес, уақыт өте келе шығады. Егер бұл бойынша ештеңе істемесе, қиналып өлуі мүмкін" деді құқық қорғаушы.
2022 жылғы 14 желтоқсанда Өзбекстан бас прокуратурасы сол жылы шілдедегі Нөкіс оқиғасы бойынша 171 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бұқарада 22 адамның ісі бойынша сот процесі өтті. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды.
2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті.
Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тәжімұратовты босатуды талап еткен. АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстандағы адам құқығы ахуалы жайлы есебінің саяси тұтқындар туралы бөлімінде Дәулетмұрат Тәжімұратовты атап өткен. Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиясы туралы 2024 жылдың қаңтарында қабылданған қарарында Еуропарламент депутаттары Өзбекстанды Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР