Accessibility links

Атырауда әкімге "жала жапты" деген белсенді 20 күнге қамалды


Атырау облысындағы жергілікті қоғам белсендісі, AQIQAT қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин
Атырау облысындағы жергілікті қоғам белсендісі, AQIQAT қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин

Атырау облысындағы Мақат аудандық соты жергілікті қоғам белсендісі, AQIQAT қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллинді Қызылқоға ауданы әкіміне "жала жапқаны" үшін 20 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа "Аналар үндестігі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Биташева хабарлады.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет Ғазиз Ғабдуллиннің сот қаулысы бойынша Мақат аудандық полиция бөлімінде әкімшілік қамауға алынғанын растады.

Сот отырысы 1 тамызда өткен. Мақат аудандық соты белсенді Ғабдуллин әлеуметтік желіде аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың "абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн я оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратты" деп тапқан.

Әзмұханов "Ғабдуллин Facebook желісінде ашқан "Доссор жаңалыктары" парақшасында беделiмді түсiретiн көрінеу жалған ақпарат таратты" деп сотқа берген. Кейін Ғабдуллиннің үстінен Әкімшілік кодекстің "Жала жабу" бабы (73-3-бабы 2-бөлігі) бойынша іс қозғалған.

5 тамызда Азаттық тілшісіне сұхбат берген белсендінің жақтастары оны босатуды талап етіп, сот қаулысына наразылық білдірген.

"Ақниет" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асқат Қариннің айтуынша, қамауда отырған Ғабдуллиннің қан қысымы көтеріліп, оған жедел жәрдем шақырған. Бұл туралы оған Мақат ауданының полиция бөлімшесіндегі адамдар айтқан. Ол белсендімен кездесуге барып, онымен көрісе алмай кеткенін айтты.

Азаттық тілшісі Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов пен оның баспасөз хатшысына хабарласты, бірақ олар телефон тұтқасын көтермеді.

Белсенді Ғазиз Ғабдуллин Атырау облысы Мақат ауданындағы Доссор кентінде тұрады. Ол "Доссор жаңалықтары" парақшасында өңірдегі мәселелерді көтеріп, билікке үндеу жолдап отырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG