Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаттары судья шығарған үкімге келіспейді


Думан Мұхаметкәрім Іле аудандық полиция басқармасында тұр. Алматы облысы, 12 қазан 2022 жыл.
Думан Мұхаметкәрім Іле аудандық полиция басқармасында тұр. Алматы облысы, 12 қазан 2022 жыл.

5 тамызда Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталып, жеті жылға бостандығынан айырылған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаттары мен туыстары баспасөз мәслихатын өткізді. Олар журналистің айыбы дәлелденбеді деді.

Адвокаттар Мұхаммедкәрімнің журналистикамен айналысып, билікті сынға алғаны оның үстінен іс қозғауға түрткі болды деп санайды. Адвокат Төлеген Берліқожа "іс заңсыз қозғалды, Думанды заңсыз қамады" деді.

– ["Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар] Әблязовпен сұхбатта Думанның сөзінде оны қолдау, оған келісу болмаған. Ол тыңдаушы ретінде сұрақ қойып, жауап алған. Сұхбатта Әблязов адвокат жалдауға халықтан көмек сұрап отырмын дейді. Думанның "500 теңге болса да қосу керек шығар" деген сөзі тілге тиек болып, іс қозғауға негіз болды, – деді Төлеген Берліқожа

Адвокаттың айтуынша, істегі сарапшы журналистің сұхбатында "экстремизмді қолдау" бар деген қорытынды шығарған. Төлеген Берліқожа сарапшының арнайы сертификаты, лицензиясы болмады деді.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Сот Думан Мұхаммедкәрімге "Экстремизмді қаржыландыру" бабы (258-бап) бойынша – алты жыл, "Тыйым салынған ұйым ісіне араласу" бабы (405-бап) бойынша бір жыл жаза берген.

– 405-бап бойынша [айыптау үшін] әрекет болуы керек. Думанның өзі "партияларға қатысым жоқ, қатыспаймын" деп айтқан. Ешқандай дәлел болмады, сол үшін сотты әдейі жабық өткізді, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деуге бірнеше себеп бар.

– Біріншісі, сот процесі жабық өтті. Заң бойынша, істі жабық өткізуге ерекше себептер бар, бірақ Думанның ісінде ондай жоқ. Екіншісі, үкім шығарғанда Думанға болашақта қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Ал Думан билікті сынады, – деді адвокат Нұрпейісов.

Журналистің тағы бір адвокаты Мұрат Жолшиев Қонаев соты шығарған үкімді "негізсіз" деп атады. "Сот үкімі толық шыққан соң апелляциялық шағым түсіреміз" деді ол.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Құқық қорғаушылар "саясиланған іс" деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпанда басталған. Сот кезінде Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтып, сотты "цирк" деп атаған. Журналист "бұл менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып" деген. Ізінше прокурор сотты жабық өткізуді өтініп, судья қанағаттандырған. Журналистің жақтастары, белсенділер соттың жабық өтуіне қарсы болған.

Абақтыдағы журналист. Думан Мұхаммедкәрім ісінің мән-жайы
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:48 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG