Accessibility links

"Олимпиада медалін алудан бұрын жолдама алу қиын болды". Гимнаст Құрбанов күмісі жайлы не деді?


Гимнаст Нариман Құрбанов Париж олимпиадасының күміс медалін алған сәт. 3 тамыз 2024 жыл.
Гимнаст Нариман Құрбанов Париж олимпиадасының күміс медалін алған сәт. 3 тамыз 2024 жыл.

Париж олимпиадасында қазақстандық 26 жастағы Нариман Құрбанов спорттық гимнастиканың тұтқалы ат жаттығуында күміс медаль иеленді. Гимнаст Париждегі жүлдесінен соң олимпиадаға дайындығы және жүлдеге дейінгі жолы жайлы айтып берді.

Төрешілер Нариман Құрбанов жаттығуына 15, 433 ұпай берді. Ал ирландиялық Рис Маккленаган 15, 533 ұпайымен олимпиада чемпионы атанды. Қола медальды америкалық Стефан Недорошик иеленді - 15, 300.

Гимнаст Нариман Құрбанов жаттығуын орындап жатыр. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.
Гимнаст Нариман Құрбанов жаттығуын орындап жатыр. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.

26 жастағы Құрбанов Парижде тұтқалы ат жаттығуында финалға алтыншы орынмен (15,000) шыққан еді. Ал шешуші сында ол жаттығуының қиындығын көтеріп, барынша қатесіз орындап шықты.

Бұл – Құрбановтың алғашқы олимпиадасы. Ол 2022 жылғы әлем чемпионатында дәл осы жаттығуда төртінші орынмен шектелген. Бұған қоса, Токио-2020 олимпиадасына да жолдама иелене алмай қалған еді.

- Токио олимпиадасына жолдама ала алмаған соң Парижге дейін қалай нәтижемді жақсартамын деп көп ойландым. Жаттығу бағдарламасын толық өзгерттім. Үш жыл, яғни, осы олимпиада циклі ала-құла болды. Бір ірі жарыста жүлде алсам, бір жарыста психологиялық тұрғыдан соңына дейін жете алмай жеңіліп қалып жүрдім. Қазір олимпиаданың күміс медалімен отырмын, сене алар емеспін. Бұл жүлде үшін көп еңбек еттім, көп жұмыс істедім. Бақыттымын шынымен, - деді ол жарыстан кейін журналистерге.

Құрбанов (сол жақта), ирландиялық Рис Маккленаган (ортада) және америкалық Стефан Недорошик (оң жақта) тұғырда сельфиге түсіп жатыр. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.
Құрбанов (сол жақта), ирландиялық Рис Маккленаган (ортада) және америкалық Стефан Недорошик (оң жақта) тұғырда сельфиге түсіп жатыр. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.

2021 жылдан кейін Құрбанов, расымен, әлем кубогы кезеңдерінде жүлде ала бастады. 2023 жылы Доха (Катар) мен Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем кубогында алтын, 2024 жылы Котбустағы (Германия) әлем кубогы этабында алтын медаль иеленді. 2023 жылы Қытайдағы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Бірақ ол Париж олимпиадасына жолдаманы соңғылардың бірі болып алды.

Биыл сәуірде ол Дохада өткен әлем кубогының лицензиялық кезеңінде төртікке еніп, рейтинг бойынша Париж олимпиадасына тұтқалы ат жаттығу бойынша соңғы төрт жолдаманың бірін алған.

– Олимпиадаға жолдама алу қиын болды. Жыл басында олимпиадада жүлде алудан бұрын лицензия алу қиын болады деп айтқан едім. Себебі іріктеу жарыстарында олимпиадаға қарағанда қарсыластар көп болады. Маған біраз адам олимпиадада қобалжу, қысым көп болатынын айтқан еді. Бірақ олимпиадаға келгенде қобалжымағаныма қатты таң қалдым. Іріктеуде мүлде қобалжымадым. Финалда да қобалжымай шығып жаттығуымды орындадым. Ең қиыны жаттығуды орындап болған соң ұпайыңды күту болды, - деді ол.

Нариман Құрбанов жаттығуын орындап жатқан сәт. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.
Нариман Құрбанов жаттығуын орындап жатқан сәт. Париж, 3 тамыз 2024 жыл.

Құрбанов Париждегі күміс жүлдесі Қазақстанда спорттық гимнастиканың дамуына үлкен серпіліс береді деп үміттенеді.

– 2013-2014 жылы мектеп бітіретін кезде мектепке таксимен баратынмын. Сол кезде такси жүргізушілері "немен айналысасың, спортшысың ба?" деп сұрайтын. "Спорттық гимнастика айналысам" десем, бұл спортты ешкім білмейтін. Бізді көркем гимнастикамен, жеңіл атлетикамен не футболмен шатастыратын. Әрине, бұл жүлдеден соң Қазақстанда спорттық гимнастика барын, біздің спортшылар жоғары орындар үшін күресе алатынын біледі деп ойлаймын, - деді ол.

Нариманды әкесі Хусанжан Құрбанов жаттықтырады. Париж ойындарының күміс жүлдесі – "әкесі екеуінің залдағы тынымсыз жаттығуларының еңбегі".

– Биыл ақпанда Париж олимпиадасының медальдарын таныстырған кезде суретін телефоныма сақтап алған едім. Олимпиадаға дейінгі жарыстарда сол суретті ашып қарайтынмын. Бұл медаль – халықтың көптен күткен жүлдесі. Ал өз басым, олимпиада жүлдесін кішкентай кезімде армандадым деп айта алмаймын. 18 жасқа толғанда олимпиадаға бара алатынымды, жүлдеге таласа алатынымды түсіндім. Сол кезде ғана алдыма мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге жоспарлы түрде бет алдым. Ал бұл медальға менен бұрын елде халық қуанып жатқанын білемін, – деді Париж олимпиадасының жүлдегері.

Париж олимпиадасында Қазақстан әзірге бір алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі. Дзюдошы Елдос Сметов (60 кг) олимпиада чемпионы атанса, қоланы дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле командалық жарыста жеңген еді. Олимпиада 11 тамызда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG