29 шілдеде Ресейдің Волгоград облысында жолаушылар пойызының бірнеше вагоны рельстен шығып кетті. "Ресей темір жолдарының" ақпаратына қарағанда, 140-қа жуық адам зардап шеккен. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза болғандар жоқ, 55 адам ауруханаға жатқызылған.
Пойызда 800-ден аса адам болған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі ақпарат құралдарына Ресейдегі пойыз апатынан зардап шеккендер арасында ел азаматтары жоқ деп хабарлады.
Телеграм-арналардың ақпаратынша, Котельниково ауылы маңында жүк автокөлігі Қазан – Адлер бағытында кетіп бара жатқан пойыздың алдынан өтіп кетпек болған. Осыдан кейін пойыз апатқа ұшыраған деп жазды арналар. Кейін "Ресей темір жолдары" бұл ақпаратты растап, сегіз вагон аударылды деді.
"Ресей темір жолдары" компаниясының мәліметінше, машинист пойызды дереу тежеген, бірақ қашықтық қысқа болуына байланысты соқтығысып қалған.
Жүк автокөлігін жүргізуші аман қалды, оны ауруханаға жатқызды деп хабарлады баспасөз құралдары. Ресей тергеу комитеті апатқа байланысты қылмыстық іс қозғады.
ПІКІРЛЕР