Accessibility links

БАҚ: Тоқаев Мәсімовті кешірмеді


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке кешірім бермеді. Бұл жөнінде Informburo.kz сайты президент әкімшілігінің жауабына сүйеніп хабарлады. Тоқаев президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне келіскен.

27 маусымда Мәсімовтің кешірім беруді сұрап жазған өтінішін қараған комиссия "сот дұрыс шешім шығарды" деген ұйғарымға келгенін осы комиссияның төрағасы, мәжіліс депутаты Марат Башимов айтқан еді. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды деген.

Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға сотталған Мәсімовтің өзін кешіруді сұрап президент Тоқаевқа өтініш жазғаны 10 маусымда белгілі болды. ҰҚК Мәсімов өтінішті биыл наурызда жолдағанын айтты.

Бұған дейін ҰҚК Мәсімовтің үстінен "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру" және "Аса ірі мөлшерде пара алу" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Екі рет премьер-министр лауазымын атқарған, президент әкімшілігінің басшысы болған, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімов Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болды.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы қызметінен босатылып, іле-шала "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған. Кейін оның үш орынбасары да тұтқындалды.

Былтыр 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, оған 18 жыл түрме жазасын кескен.

Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Өсіпов 3 жылға сотталды.

Олардың сот процесі жабық өтті, іс материалдары құпия сақталды.

БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі "Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айырды" деп, Астананы істі тәуелсіз зерттеуге және Мәсімовтің құқығын бұзғандарға шара қолдануға үндеген. Жұмыс тобы "Мәсімовті шұғыл босатып, оған халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығы берілуге тиіс" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG