Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кавказ" портындағы паромға дрон шабуылдап, өрт шыққан. Экипаж арасында зардап шеккендер бар, бір адам қаза тапты деп хабарлады облыс губернаторы Вениамин Кондратьев. Оның сөзінше, портқа Украина дрондары шабуыл жасаған.
Украина билігі паромға шабуыл жөнінде ресми пікір білдірген жоқ. "Кавказ" портында экспорт мұнайын ауыстырып тиеуге арналған жүк терминалы орналасқан.
Ресей қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары түнде Украинаның 25 дронын атып түсірді деп хабарлады. Министрлік дрондардың басым бөлігі аннексияланған Қырым мен Қара теңіз аспанында атып түсірілген деді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Севастополь қаласы мен Брянск облысының басшылары да дрондар шабуылдады деді.
Белгород губернаторы жеңіл көлікке дрон түсіп, үш адам зардап шекті деп хабарлады.
22 шілдеге қараған түні қорғаныс құралдары Ресей аймақтарында 75 дронды атып түсірді, басым бөлігі Ростов облысында болды деді Ресей әскери министрлігі.
Белгород облысының билігі 23 шілдеден бастап Украинамен шекарадағы 14 елді мекенге кіруге шектеу қоймақ, оларға Украина қарулы күштері шабуылдап жатыр.
Шектеудегі елді мекендерге кіреберісте бақылау-өткізу бекеттері қойылады. Биліктің арнайы рұқсаты бойынша "тек ересек ер адамдар" кіре алады деп хабарлады Белгород губернаторы Вячеслав Гладков. Оның дерегінше, 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі өңірде 200-ден астам тұрғын қаза тауып, мыңнан астам адам жараланған. "Екі жарым мыңға жуық адам уақытша орындарда тұруға мәжбүр" деді Гладков ТАСС агенттігіне.
Жергілікті биліктің ақпаратынша, губернатор 15 шілдеде күн сайын Украина шабуылына ұшырап жатқан елді мекендерге кіруге шектеу қоюды тапсырған.
ПІКІРЛЕР