Ресей өңірлерінен жиналған 250-ге жуық оқушы Солтүстік Кореядағы "Сондовон" лагеріне демалуға кетті. Бұл жөнінде Приморск өлкесінің билігі хабарлады.
Оқушылар лагерьде 22 шілдеден 2 тамызға дейін жүреді, онда "екі ел достығын нығайтатын іс-шараларға қатысып, теңізге шығып, таэквондомен және сурет салумен айналысады" деген хабарламада. "Корея күні", "Ресей күні", "Дарынды балалар сахнасы", "Достық кеші" сияқты іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.
Лагерьге Приморск өлкесі, Сахалин, Мәскеу, Санкт-Петербург, Воронеж, Липецк, Орынбор облыстары, Красноярск және Краснодар өлкесінен балалар барған.
"Сондовон" лагері Жапон теңізі жағалауында орналасқан, айналасында қарағай орманы бар. Лагерьде "аквапарк пен океанариум", "спорт кешені мен хайуанаттар бағы, кинотеатр және ойын алаңдары" бар деді Приморск өлкесінің билігі.
Ресей президентінің Пхеньянға сапарынан кейін мемлекеттік жастар қозғалысы Ресей жасөспірімдеріне Солтүстік Кореяның "Сондовон" лагерінде жазғы демалыс ұйымдастыру жайында хабарлаған.
Қозғалыстың мәліметінше, балалардың Солтүстік Кореяға сапарының шығынын мемлекет төлеуге дайын. Ол үшін балалар Солтүстік Корея неліктен қызықтыратыны туралы, көпполярлы әлемдегі Ресейдің рөлі жайында видео түсіріп, эссе жазуы керек. Байқауда жеңген 50 адам сапарға жолдама алады деп уәде берген.
Украинадағы соғыс Ресей мен Солтүстік Кореяны жақындата түсті. Владимир Путин мен Ким Чен Ын ресейлік шикізат пен технология орнына оқ-дәрі жеткізу бойынша келіссөз жүргізуге бір-біріне сапарлап барған. Украинада Солтүстік Кореяда шыққан ракеталардың сынықтары табыла бастады. Financial Times газеті Ресей БҰҰ-ның 2017 жылы Пхеньянға қарсы ядролық қаруды сынақтан өткізуіне жауап ретінде енгізген санкцияларына қарамастан, Солтүстік Кореяға тікелей мұнай таси бастады деп жазған.
ПІКІРЛЕР