Accessibility links

Харрис сайлау науқанына шамамен 50 млн доллар жинап үлгерді


АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис.
АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис.

Жексенбі күні кешке АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харрис президенттікке кандидатурасына қолдау алу үшін беделді демократтармен, соның ішінде заң шығарушылармен және губернаторлармен телефонмен сөйлесе бастады. Бұл туралы өз дереккөздеріне сүйеніп ВВС хабарлады.

Харристің командасы "бар күшін салып жұмыс істемек" және Демократиялық партияның өз ішінде дауыс беру процедурасы алдында барынша қолдауға ие болу үшін күреспек деп хабарлайды ВВС. "Команда қазір съезд делегаттарынан қолдау алу үшін оларға хабарласып жатыр".

Қазірдің өзінде Харристі бұрынғы президент Билл Клинтон мен оның жұбайы, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон қолдаған.

Оның кандидатурасы 19 тамызда Чикагода өтетін Демократиялық партия съезінде дауысқа салынады. Партия ішінде онымен бәсекеге түсетін күшті үміткерлер де шығуы ықтимал.

Харристің командасы қаржы жинау үшін оның атынан электрон хаттар жібере бастаған.

"Мен АҚШ президенттігіне сайлауға түсемін", – делінген сол хаттардың бірінде. – "Президент қолдауына ие болу мен үшін үлкен мәртебе және мен бұл номинацияға лайық болып, жеңгім келеді".

Қаражат жинауға арналған ActBlue платформасының мәліметінше, Харрис Байденнің президент сайлауы бәсекесінен шығатынын айтқаннан кейінгі бес сағатта 27,5 млн доллардан аса қаржы жинаған, қазірге дейін ол 46,7 млн долларға дейін жетті.

"Қатардағы сайлаушылар арасындағы оның жақтастары өте белсенді және олар [Харристі] демократтар атынан кандидат ретінде қолдауға дайын", – делінген ActBlue платформасында.

АҚШ-тың қазіргі президенті әрі келесі сайлауға қайта қатысады деген Джо Байден 21 шілдеде X желісінде Демократиялық партия мен өз елінің мүддесі үшін биыл қарашада өтетін президент сайлауына түсуден бас тартқанын жазды. Ол енді президенттік мерзімі аяқталғанша "міндетін атқаруға көп көңіл бөлемін" деді.

Маусымда АҚШ президенттігінен басты үміткерлер - қазіргі президент Джо Байден мен Республикалық партияның үміткері, экс-президент Дональд Трамптың теледабаты өткен. Сол пікірсайыстан соң 81 жастағы Байденнің денсаулығына қатысты әңгіме көбейіп, Демократиялық партияның кей өкілдері оны сайлауға түсуден бас тартуға шақырған.

Байден демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде вице-президент Камала Харристі ұсынды. Егер ол жеңіске жетсе, Харрис АҚШ тарихындағы алғашқы әйел президент және шыққан тегі азиялық-америкалық бірінші президент болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG