Accessibility links

Путиннің Валдайдағы резиденциясы маңына "Панцирь-С1" қорғаныс жүйесі қойылған


Ресей президенті Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясынан 3,7 шақырым жерде әуе шабуылынан қорғайтын "Панцирь-С1" жүйесі қойылған. Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) Google-дың спутник суреттерінен көрінетін зенит-зымыран кешеніне назар аударды.

"Панцирь-С1" мұнараның басында тұр, бұған дейін мұндай кешендер Мәскеу облысында да байқалған. Журналистер Planet.com сайтынан өткен айларда спутниктен түсірілген суреттерді зерттеп, қорғаныс жүйесін Путиннің Валдайдағы резиденциясы маңына 2024 жылы наурызда орнатқан деген қорытындыға келген.

Оқырманына сүйенген Astra телеграм-арнасы осы резиденциядан шамамен үш шақырым жерде әуе шабуылынан қорғайтын қондырғыға ұқсас тағы екі кешен тұр деп жазды.

2023 жылы қаңтарда "Агентство" сайты Новгород облысындағы Ящерово ауылына "Панцирь-С1" кешені орнатылғанын хабарлаған, ол Путиннің Валдайдағы резиденциясынан алты шақырым жерде орналасқан. "Агентство" бұл ақпаратты жергілікті тұрғын жіберген суретке, Ящерово мен көрші ауылдарда тұратын адамдардың сөзіне сүйеніп жазған.

Бұған дейін "Сирена" басылымы спутниктен түсірілген суреттерден Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясынан он шақырым жерде "Панцирь-С1" тұрғанын байқаған. Суреттер 2023 жылғы қаңтардың басында түсірілген еді.

Ресей қорғаныс министрлігіне тиесілі Остафьево аэродромынан шамамен екі шақырым жерде, сондай-ақ Краснодар өлкесіндегі Красная Поляна өңіріндегі Путиннің резиденциясы болуы мүмкін деген ғимаратқа жақын жерде тағы бірнеше әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі көзге түскен. Бұған дейін "Панцирь-С1" кешенін Ресей қорғаныс министрлігі ғимаратының төбесіне орнатқан деген хабар тараған.

Қаңтарда ВЧК-ОГПУ телеграм-арнасы Украина дрондарының Санкт-Петербург пен Ленинград облысына жасаған шабуылы қорғаныс жүйелерін "Валдайдағы стратегиялық маңызды нысанды қорғауға" ауыстырумен байланысты деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG