Accessibility links

Жоғарғы сот Алматы әуежайын "басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп шешті


Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

15 шілдеде Астанадағы Жоғарғы сотта Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алған" деген айыппен сотталған адамдардың кассациялық шағымын қарау бойынша алдын ала отырыс өтті. Сот істі қайта қарауға "негіз жоқ" деп тапты.

Бұл іс бойынша азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужан, бұрынғы мұғалім Қалас Нұрпейісов, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменов сотталған еді.

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова шешімге келіспейтінін айтты, олар сот үкімін жою үшін енді халықаралық инстанцияларға жүгінбек.

Адвокаттың айтуынша, кассациялық шағым бойынша сот отырысы әуелде 15 шілде сағат 15.00-де өтеді деп жоспарланған, алайда адвокаттарды сот залына сағат 17.30-да кіргізген, соттың өзі сағат 20.05-те басталған.

Айдарханова сотталғандарды қорғаған бес адвокатты лицензиясынан айыру туралы бірінші сатыдағы сот шығарған жеке қаулы Алматы қаласының сотына беріледі деп мәлімдеді.

Әйгерім Тілеужанның анасы Шекерхан Мырзаханова соттан кейін Азаттыққа пікір білдіріп, шешім әділетсіз болды деді.

"Көңіл-күйім су сепкендей басылды. Жоғарғы сотта әділдік бола ма деп ойлап едім, үмітіміз ақталмады. [Әйгерім де] бір өзгеріс бола деп еді. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, ары қарай шағымданамыз. Әділетсіз шешім болды деп ойлаймын" деді Шекерхан Мырзаханова.

Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанды былтыр шілдеде сот "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Белсенді бұл айыпқа келіспейді.

Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменов 8 жылға бостандығынан айырылған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.

2023 жылы қарашада апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG