Accessibility links

Алматыда "орыстар туралы" ән шырқаған белсендіні полицияға шақырды


Полиция көлігі.
Полиция көлігі.

Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін шырқаған белсенді Мария Кочневаның видеосы желіде тарап кеткеннен кейін оны Алмалы ауданының полиция басқармасына шақырды. Бұл туралы белсенді Темірлан Еңсебек хабарлады.

"Маша екеуміз "Шулама" (жақында прокатқа шыққан қазақстандық фильм – ред.) рэп-баттлында соғыс жүріп жатқанын тағы бір рет бәріне еске салатын, соғысқа қарсы екенімізді көрсететін перфоманс ойлап таптық. Бұл ән Украинада соғыс басталғаннан кейін трендке айналған. Сондықтан біз сол әнді айтамыз деп шештік. Маша оны шырқауды өзі шешті", – деді Азаттыққа Темірлан Еңсебек. Кочнева орындаған әнде балағат сөздер бар.

Қазақстандық "Шулама" фильмінің желідегі парақшасында шыққан видео жарты миллион көрілім жинаған, оған мыңдаған пікір жазылған. Белсенді Еңсебектің айтуынша, онда бірде-бір теріс пікір жоқ.

Оның сөзінше, полиция Кочневаға оның видеосы "Z-пабликтерде" тараған соң ғана хабарласқан.

Мария Кочневаның Азаттыққа хабарлауынша, тергеуші оны Алмалы ауданының полиция басқармасына шақырған.

"Ол маған сол видеоны жіберді (сепаратистік телеграм-арнаға сілтеме, онда Кочневаның рэп-фристайлда ән шырқаған видеосы жарияланған). Қоғамдық резонансқа байланысты маған міндетті түрде полицияға келуді, оның басшылығымен сөйлесу керек екенін хабарлады. Өзі ештеңе шешпейтінін айтты", – деді Мария Кочнева.

Кочневаның сөзінше, полиция оны қандай статуста шақырып жатқанын айтпаған, оған "тек түсіндірме беру керек" деген. Оның айтуынша, полиция шақыру қағазын да бермеген я жібермеген.

Белсенді желідегі видеодан кейін оған және жақындарына сес көрсеткен хабарлама түсе бастағанын айтты.

"Олар мені өлтіретінін айтты, мені қорғауды сұраймын. Ол жаңалықты (видео – ред.) анама, оның таныстарына жіберген. Олар мені "рейдтер" тобына қосқан. Олар нашақорларды, ЛГБТ өкілдерін және киімінде америкалық жапсырмалары бар адамдарды тауып, ұрып-соғады", – деді Мария Кочнева. Ол Азаттыққа өзіне келген аудионы жіберді, онда "бәріне жауап бересіңдер","азап шегесің","сені, отбасыңды өлтіреміз", "тірідей көміп тастаймыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен ер адамның даусы естіледі.

Мария Кочнева бұл бойынша полицияға арыз жазатынын айтты.

Азаттық тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметінен Кочневаны полицияға шақыруға байланысты пікір сұрады, олар "ақпаратты нақтылауға және кейін хабар беруге" уәде берді.

Мария Кочнева – азаматтық белсенді, Qushtar әйелдер құқығы қозғалысының мүшесі. Бұған дейін ол Алматыдағы бейбіт наразылық акциясына шыққан.

UPD: Алматының полиция департаменті әлеуметтік желілерге жасалған мониторинг барысында қалада "орыстар туралы" ән шырқаған белсенді қоғамдық орында балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағанын анықтаған. Бұл жөнінде полицияның баспасөз қызметі хабарлады.

"Осы оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр. Құқық бұзушыға заңға сәйкес шаралар қабылданады" делінген хабарламада.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG