Accessibility links

Трампқа оқ атқанда мерт болған адамның кім екені анықталды


Трампқа оқ атылғаннан кейінгі сәт.
Трампқа оқ атылғаннан кейінгі сәт.

АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Батлер қаласында сайлауалды митингідегі шабуылдан мерт болған адамның кім екені анықталды. Шабуыл кезінде республикашылдар атынан президенттікке кандидат Дональд Трамп жеңіл жараланды.

Марқұм – Пенсильвания штатының 50 жастағы тұрғыны, екі қыздың әкесі Кори Комператоре. Оның есімін штат губернаторы Джош Шапиро хабарлады. Комператоренің қазасы туралы оның туысы да Facebook-те жазды.

Марқұм өрт сөндіруші болған, біраз уақыт Баффалодағы өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметінде істеген. Губернатордың айтуынша, Комператоре Трампты белсенді қолдағандардың бірі болған. Шапироның сөзінше, митингіде атыс басталғанда марқұм отбасын қорғаған. Оқ оның басына тиген.

Митингіде Трамптың құлағына оқ тиген, тағы екі адам жараланған. Оқ атқан адамды сол жерде өлтірді. ФБР оны 20 жастағы Томас Мэттью Крукс деді. Қастандықтың мән-жайы анықталып жатыр. Бұрынғы президентке не себепті шабуыл жасағаны әзірге белгісіз.

Республикашылдар штабы Трамп шабуылдан кейін өзін жақсы сезінеді, сайлау науқанын жалғастырады деп хабарлады. Ол енді Висконсин штатындағы Милуоки қаласына барады, онда Трамптың президенттікке кандидатурасын ресми түрде ұсынатын республикашылдар жиыны ашылады.

Митингідегі шабуылды америкалық және шетелдік саясаткерлер, соның ішінде Трамптың қарсыластары да айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG