Accessibility links

Жаңаөзенде белсенділер Айдос Садықовтың жетісін берді


Жаңаөзен қаласында Киевте қастандықтан көз жұмған "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың жетісін берген Маңғыстау облысының белсенділері. Жаңаөзен, 8 шілде 2024 жыл.
Жаңаөзен қаласында Киевте қастандықтан көз жұмған "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың жетісін берген Маңғыстау облысының белсенділері. Жаңаөзен, 8 шілде 2024 жыл.

8 шілдеде Маңғыстау облысының белсенділері Жаңаөзен қаласында Киевте қастандықтан көз жұмған оппозициялық журналист, белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың жетісін берді. Марқұмның рухына құран бағыштауға Ақтау, Шетпе, Жетібайдан 50 шақты адам жиналған.

Белсенді Шолпан Өтекееваның Азаттыққа айтуынша, Маңғыстау облысының тұрғындары Садықовтың жетісін беруге Жаңаөзендегі мейрамханалардың бірін таңдап, ақшасын төлеген. Аз уақыт қалғанда мейрамхана иесі орын бере алмайтынын айтып, ақшаларын қайтарып берген. Белсендінің сөзінше, бұған құқық қорғау органдары қызметкерлері кедергі келтірмек болған. Белсенділер мейрамхана иесімен қайта сөйлесіп, жетісін беруге рұқсат алған.

Жиында сөз сөйлегендердің бәрі Садықовтың қазасын "саяси өлім" деп атады дейді белсенді Өтекеева.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшысы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысқан Оразбай Тұрсынбай "бұл іс елеусіз қалмауы керек, оны тергеп, қастандыққа тапсырыс бергендер мен жасағандарды жауапқа тарту қажет" деп айтқан. Жаңаөзен тұрғыны, белсенді Ғазиз Махамбетов те Садықовтың өліміне кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен.

Белсенді Жадыра Досекеева жиында Садықов Қазақстанда адам құқықтары сақталуы үшін күресіп, сол үшін құрбан болды деп санайтынын айтқан.

6 шілдеде Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығындағы 1989 жылғы көтеріліске арнап қойылған ескерткіш маңына жиналған он шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Азаттыққа түскен видеода полицияның белсенді Досекееваны күшпен ұстап жатқаны көрінеді.

Мұнайшы Естай Қарашаевтың айтуынша, Мұратбай Жұмағазиев, Айнұр Өтегенова, Жоламан Сейілов, Алма Қарашаева, Шолпан Өтекешова, Жадыра Досекеева және тағы бірнеше адамды Жаңаөзен іргесіндегі Теңге ауылдық полиция бөлімшесіне апарған. Үш сағаттан астам уақыттан кейін полиция белсенділерге ескерту жасап, босатқан.

Сол күні Астанада бірнеше белсенді қаладағы "Нұр Астана" мешітіне барып, марқұмға құран бағыштаған.

7 шілдеде Алматыда бір топ белсенді Садықовты еске алып, ас берген. Оған жүзге жуық адам жиналған. Белсенділер марқұмға құран бағыштап, Садықовтың қазасына Қазақстан билігін айыптап сөз сөйлеген.

  • Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасаған еді. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды. Марқұмды 5 шілдеде Киевтегі мұсылмандар зиратына жерледі.
  • Украина бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасады деген күдікке Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам ілінгенін хабарлады. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып кеткенін жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
  • Қаратаев пен Жақанбаевтың телефон нөмірлерін ашық дереккөздерден тексеру олардың Қазақстанның арнаулы қызметімен байланысы болуы мүмкін екенін көрсеткен. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың сұрағына жауап беріп, Қаратаев пен Жақанбаев комитет қызметкері емесін айтты. Бірақ "олар бұрын комитетте істеген бе?" деген сұраққа жауап бермеді.
  • Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың мойнында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған.
  • 21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған.
  • Садықовтар Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG