19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиасарапшылар мен журналистер сынаған "Масс-медиа туралы" заңға қол қойды. Баспасөз құқығын қорғаушылар заңдағы өзгерістер қабылданса, мемлекет БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдаған.
Жаңа заңға сәйкес, "масс-медиаға" бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) ғана емес, интернет-ресурстар да жатады. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңдар күшін жояды.
"Масс-медиа туралы" заң бойынша, азаматтар ақпарат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде (бұған дейін үш жыл болды) ғана талап ете алады. Ал редакция сауалдарын қарау бес жұмыс күнінен (бұған дейін жеті күн болған) аспауға тиіс.
Заңда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстан заңына сай, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқылы" деп көрсетілген бөлігі баспасөз құқығын қорғаушыларды алаңдатқан.
Заң жобасы парламент қарауында жатқанда бірнеше депутат билік шетелдік БАҚ-ты "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, сыртқы істер министрлігі оған және журналистеріне аккредитация беруден бас тарта алады деген өзгеріс енгізуді ұсынған. Кейін бұл бөлігін өзгертіп, жоба мәтінінен "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы сөзді алып тастады.
Жаңа заңға сәйкес, қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін көтеріледі. Ал теле-, радиоэфирдегі шетелдік теле-, радиохабарларды кезең-кезеңімен 20-дан 10 пайызға дейін азайтады.
Ақпарат министрлігі масс-медиаға "қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты" мониторинг жүргізе алады.
БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді.
Жаңа заңға сәйкес, журналист өз міндеттерін орындау кезінде өмірге және (немесе) денсаулыққа зиян келтірген жағдайда "БАҚ иесі оған зиянды Қазақстан заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті".
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 ел арасында 142-орында тұр.
ПІКІРЛЕР