Accessibility links

Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы келісімде "өзара көмек" бар


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Пхеняьн, 19 маусым, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Пхеняьн, 19 маусым, 2024 жыл.

Пхеньянда келіссөз өткізген Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Құжат екі елдің біріне агрессия болған жағдайда өзара көмектесуді көздейді.

Путин Солтүстік Корея астанасына 19 маусымға қараған түні ұшып барды, оны әуежайда Ким Чен Ын қарсы алған. Путин бұған дейін Солтүстік Кореяға 2000 жылы барған.

Путин мен Ким қызыл кілем төселген жерде бірнеше рет құшақтасып, кейін лимузинге отыруға біраз уақыт бір-біріне ілтипат көрсеткені түсірілген видео тарады. Пхеньян көшелерінде Ресей туы мен Путиннің суреттері ілулі тұрған суреттер жарияланды.

Ким Путинмен өткізген келіссөзде Солтүстік Корея үкіметі "Ресей үкіметіне, армиясына және халқына арнайы әскери операция кезінде", яғни Украинадағы соғыста "толық қолдау танытатынын және тілектес екенін" айтқан. Кимнің пікірінше, операция "егемендікті, қауіпсіздік мүдделерін, аумақ тұтастығын қорғау үшін" жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Ким Ресейдің "әлемдегі стратегиялық тепе-теңдікті сақтаудағы" рөлі жөнінде айтқан.

Путин өз сөзінде Ресей мен Солтүстік Кореяның тарихи байланысын, соның ішінде совет ұшқыштарының 1950-53 жылдары Корея соғысына қатысқанын еске салған. Ол АҚШ-ты сынға алып, Украинадағы соғыста Ресейге қолдау көрсеткен Пхеньянды тағы да мақтаған. Путин бұл туралы сапар алдында Солтүстік Корея газетіне жарияланған мақаласында да жазған.

Солтүстік Корея – Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын қолдайтын әлемдегі бірнеше елдің бірі. Пхеньян Ресей армиясына артиллерия снаряды мен ракета жүйелерін жеткізген, ал Мәскеу мұның қарымы ретінде Пхеньянға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тыйым салған ракета бағдарламасына көмектескен деген ақпарат бар. АҚШ пен Батыс елдері екі елдің қарым-қатынасына алаңдайтынын айтқан.

Делегациялар келіссөздерінен кейін Путин мен Ким сөйлесіп, кейін стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған.

Путиннің айтуынша, құжат екі елдің біріне қарсы агрессия болған жағдайда өзара көмек көрсетуді көздейді. Құжат мәтіні әлі еш жерде жарияланған жоқ, бұл әскери көмек туралы ма, әлде басқа нәрсе жайлы ма, ол жағы белгісіз. Егер әскери көмек туралы болса, бұл Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында соғыс қайта басталса, Ресейдің Пхеньяндағы соғысқа қатысуы мүмкін екенін білдіреді. 1953 жылы Корей соғысында атысты тоқтату туралы бітім жасалғанымен, бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылмаған.

Путин БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Кореяға салған санкциясын қайта қарауды қолдады. Ол Мәскеу Пхеньянмен "әскери-техникалық әріптестігін" дамытуға дайын екенін айтты. Ким Чен Ын қол қойылған келісім саясаттағы, экономикадағы және "әскери істегі" қарым-қатынасқа қызмет етеді деді. Ол құжатты "бейбіт әрі қорғаушы", ал Путинді "корей халқының ең қымбат досы" деп атады.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Путин бұл сапарда Ким Чен Ынға жаңа Aurus көлігін, қанжар мен шай ішетін ыдыс-аяқ сыйлаған. Пхеньян өкіметіне Aurus сыйлау – санкция талабын бұзатын әрекет саналады, өйткені бұған дейін қабылданған санкциялар Солтүстік Кореяға люкс автокөлік жеткізуге тыйым салған-ды.

Бұған дейін Еуроодақ Ресейге барған Ким Чен Ынға оқ өтпейтін кеудеше мен Ресейде шығарылған алты дрон сыйлаған Приморск өлкесінің губернаторы Олег Кожемякоға санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG