Accessibility links

Ресейде қамалған журналист Гершковичтің соты жабық өтеді


Америкалық журналист Эван Гершкович (сол жақта) Мәскеу сотында тұр. Ресей, 23 сәуір, 2024 жыл.
Америкалық журналист Эван Гершкович (сол жақта) Мәскеу сотында тұр. Ресей, 23 сәуір, 2024 жыл.

Ресейде қамауда отырған The Wall Street Journal журналисі Эван Гершковичтің ісі бойынша сот процесі жабық өтетінін Свердлов облыстық соты хабарлады.

Соттың бірінші отырысы 26 маусымда өтпек. 2023 жылғы наурыздан бері Мәскеудегі "Лефортово" тергеу абақтысында отырған Гершковичке Ресей билігі "тыңшылық етті" деген айып таққан.

Тергеу нұсқасы бойынша, журналист Америка орталық барлау қызметінің (ЦРУ) тапсырмасымен әскери техника шығаратын және жөндейтін "Уралвагонзавод" жөнінде ақпарат жинаған. Тергеу ол ақпаратта мемлекеттік құпия бар дейді.

Өзіне тағылған айыпты мойындамаған Гершкович Ресейде тек журналист ретінде жұмыс істегенін айтқан. The Wall Street Journal газеті де қызметкеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Редакция Гершковичтің алдағы сотын "жалған процесс" деп атады және журналист қызметіне бола қудалауға түсті деді.

АҚШ билігі, халықаралық құқық қорғаушы және журналистік ұйымдар Мәскеуді бірнеше рет Гершковичті босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті Гершковичке "заңсыз ұсталған" деген статус берген.

Бұған дейін ресейлік және америкалық саяси топтарға жақын бірнеше дереккөз Гершковичті АҚШ түрмесінде отырған ресейліктердің біріне айырбастау мақсатымен ұстап отыруы мүмкін деп айтқан. 2023 жылы желтоқсанда АҚШ билігі Ресейдің журналисті босату туралы ұсыныстан бас тартқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG