Accessibility links

Испания Хорватияны оңай жеңіп, Еуроны сәтті бастады


Испания ойыншысы Альваро Мората Хорватия қақпасына гол салған сәт. 15 жыл 2024 жыл.
Испания ойыншысы Альваро Мората Хорватия қақпасына гол салған сәт. 15 жыл 2024 жыл.

Еуро-2024 додасының В тобындағы Испания мен Хорватия 15 маусымда Берлинде өзара ойнап, жанкүйер көз тіккен ойында Испания жеңіске жетті. Осылайша Испания бұл Еуроны айқын жеңіспен бастады. Азаттық тілшісі Руслан Меделбектің Берлиндегі "Олимпиадиштадионнан" репортажы.

НӘТИЖЕСІ БІРІНШІ ТАЙМДА-АҚ ШЕШІЛГЕН ОЙЫН

Былтыр желтоқсанда Еуропа чемпионатының жеребесі Испания мен Хорватияны бір топқа түсіргенде-ақ екі құраманың ойынын асыға күткен. Испания бірінші таймда-ақ басымдыққа ие болып, шабуылды үдетіп жүріп, 29-минутта есеп ашты. Гол авторы – құрама капитаны Альваро Мората. Араға үш минут салып, Фабиан Риус Доминик Ливакович қорғаған қақпадан саңылау тапты. 45-минутта Даниель Карвахаль Испанияның үшінші голын салды. Испанияның үш ойыншысы да гол салғанда Хорватия қорғаушыларын алдап өтіп, допты айып алаңынан тепті.

Даниель Карвахаль гол салған сәт. Берлин. 15 маусым 2024 жыл.
Даниель Карвахаль гол салған сәт. Берлин. 15 маусым 2024 жыл.

Екінші таймда Хорватия есепті қысқартуға тырысты. 80 минутта Испания қорғаушылары өз алаңында тәртіп бұзып, ағылшындық төреші Майкл Оливер пенальти белгілеген. Хорватия ойыншысы Бруно Петкович тепкен допты испан Унаи Симон қайтарған, сол маңда тұрған Иван Перичич қақпашыдан қайтқан допты қайта Петковичке берген. Петкович тепкен доп бұл жолы қақпадан табылды. Бірақ матч төрешісі Хорватия ойыншылары пенальти тебіле сала допқа жүгірді деп, голды есептемеді. Ереже бойынша, ойыншылар пенальти тебілген соң ғана ойынға араласу керек.

Бітіспен қарсыластардың кезекті ойыны осылайша Испанияның жеңісімен аяқталды – 3:0. Бірақ Хорватияның алда Италия мен Албаниямен ойында плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндігі бар.

Хорватия жанкүйерлері. Берлин, 15 маусым 2024 жыл.
Хорватия жанкүйерлері. Берлин, 15 маусым 2024 жыл.

Испания мен Хорватия құрамасы Еуропа чемпионатында төртінші рет қатар ойнап жатыр. 2012 және 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде екі ел бір топта ойнап, 2012 жылы Испания (1:0), 2016 жыл Хорватия (2:1) басым түскен. Ал Еуро-2020 турнирінде екі құрама 1/8 финалда ойнап, Испания қосымша уақытта 5:3 есебімен жеңген еді. Бұған қоса, Испания мен Хорватия 2023 жылы Ұлттар лигасының финалында кездесіп, Испания пенальтиден басым түскен еді.

В тобындағы екінші ойында Италия Албанияны 2:1 есебімен жеңді. Матчтың 21-секундтында Албания ойыншысы Недим Байрами есеп ашқанымен, Италия футболшысы Алессандро Бастони 11-минутта есеп теңестірсе, 15-минутта Николо Барелла Италияны алға шығарды. 2:1 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Бұл топта 19 маусымда Хорватия мен Албания, 20 маусымда Испания мен Италия ойнайды.

"ӨЛІМ ТОБЫН" КІМ "ТІРІ" ШЫҒАДЫ?

Жанкүйерлер Испания, Италия, Хорватия, Албания ойнайтын В тобын биылғы доданың "өлім тобы" деп те атайды. Себебі Испания, Италия, Хорватия арасындағы ойындар кез келген жарыстың финалына бергісіз. Үш ел де кейінгі жылдары әлемдегі ірі турнирлер де атой салып жүр. Мәселен, Италия Еуро-2020 турнирінде жеңімпаз атанған. Хорватия 2018 жылғы әлем кубогында күміс, 2022 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Испания екі рет қатарынан (2008, 2012 жылдары) Еуропа чемпионы атанды. Оның арасында, 2010 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Дегенмен үш құраманың да мұндай үлкен футбол додаларында жанкүйерлерін есеңгіреткен сәтсіздіктері де бар. Испания 2018 жылы әлем кубогының 1/8 финалында Ресейден пенальтиден, 2022 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалда Мароккодан пенальтиден жеңілген.

Италия Еуро-2020 додасында жеңіске жеткенімен, 2022 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмай қалған еді.

Хорватия әлем чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсеткенімен, Еуропа біріншілігінде жартылай финалға шыға алмай жүр. Сондықтан үш ел үшін де биылғы Еуро осыған дейінгі олқылықтарды толтыруға үлкен мүмкіндік. Ал екінші рет Еуропа чемпионатына қатысып жатқан Албания Испания, Италия, Хорватиядан ұпай алуға тырысып көрмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG