Accessibility links

Жаңалық ауылындағы мемориалға жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды


Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым ету іс-шарасына жиналған адамдар. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2016 жыл.
Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым ету іс-шарасына жиналған адамдар. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2016 жыл.

31 мамыр – совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына еске алу күніне орай Алматы облысы Жаңалық ауылында еске алу іс-шарасы өтті. Оған жиналған ондаған адамның арасында билік өкілдері, тарихшы, жергілікті тұрғындар мен азаматтық белсенділер болды. Олар сол жердегі мемориалға гүл қойып, марқұмдарға құран бағыштады.

Іс-шараға келгендердің бірі – Сағила Шамшабаева есімді адам Қазақстанда қазіргі кезде саяси ой-пікіріне бола қудаланып жатқандар барын айтып, билікті айыптап сөйледі.

"Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев түрмеде шіріп жатыр. Өткен күнді айтамыз, өлі риза болмай, тірі байымайды дейді. Дұрыс, еске алу керек. Құран оқытылуы керек. Байлықтың үстінде отырған халық қайыршы күйде, жылап-еңіреп жатыр. Желтоқсан, Жаңаөзен, кешегі Қаңтар... Қаншасын қырып тастады! Тоқаев деп неге жағымпазданасыңдар? Қашан билікте демократия болады? Жетеді! Жетер! Тоқтатыңдар!", – деді ол.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай да елде қуғын-сүргін жалғасып жатыр деді. Іс-шараны полиция қызметкерлері сырттай бақылап жүрді, бірақ кедергі келтірген жоқ.

Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған мемориал. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2024 жыл.
Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған мемориал. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2024 жыл.

31 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Қазақстан "қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихының ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр" деді мемлекет басшысы.

"Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз" деп жазды Тоқаев. Президент бұл жазбасында Қазақстандағы қудалау туралы айтпады.

Құқық қорғаушылар тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылдан асқан Қазақстанда үкіметті ашық сынайтындар жиі қудалауға түсіп, негізсіз айып тағылып, жазаланатынын, елде саяси тұтқындар тізімі үнемі толығып отыратынын айтады. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG