Accessibility links

ШҚО соты белсенді Серік Ыдырышевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Шығыс Қазақстан облыстық соты бүгін, 29 мамырда жергілікті белсенді Серік Ыдырышевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Судья бұған дейін Глубокое аудандық соты шығарған шешімді күшінде қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне Ыдырышевтің өзі хабарлады.

– Маған айыппұлды заңсыз салып отыр. Бірақ судья оны алып тастауға көнбеді. Бұл шешімге келіспейміз. Алдағы уақытта қалай әрекет ететінімді заңгеріммен кеңесемін, – деді белсенді.

Серік Ыдырышевқа былтыр 12 желтоқсанда полиция "Тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу" бабы бойынша 172 500 теңге айыппұл салған. Оған "тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының ісіне қатысты" деген айып таққан.

Белсенді полиция хаттамасына қол қоюдан бас тартып, сотқа жүгінген. Глубокое аудандық соты биыл сәуірде полиция хаттамасын заңсыз деп таныған, бірақ қаңтарда белсендінің әлеуметтік желіде жариялаған видеосы үшін 120 750 теңге айыппұл салды. Сот қаулысында Ыдыршевтің "әлеуметтік желіде Марат Жыланбаевты қолдап видео жариялағаны", Жыланбаев жетекшілік ететін "тіркелмеген ұйым ісіне қатысқаны" және "билік өкілдерін қорлағаны" айыппұл салуға негіз болды деп көрсетілген.

"Саяси көзқарасымды білдіру – конституциялық құқығым", – деген Серік Ыдырышев өзіне полицияның айыппұл салғанын "саяси қудалауға" теңеген.

  • Қазақстан билігі елде "саяси тұтқын" барын және азаматтар саяси себеппен қуғындалады деген тұжырымды жоққа шығарады.
  • Тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев былтыр қарашада жеті жылға сотталған. Оған "тыйым салынған ұйым ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айып тағылды. Жыланбаевтың соты жабық өтті. Ол істің саяси астары барын айтқан. Бірнеше құқық қорғау ұйымы Жыланбаевқа шыққан үкімді айыптап, Астананы оны дереу босатуға шақырған.
  • Марат Жыланбаевты босатуды талап еткен бірнеше белсендіні сот әкімшілік жауапқа тартқан.
  • "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ партия ретінде ресми тіркелуге 24 рет (2022 жылғы мамырдан бастап) өтініш берген, бірақ әділет министрлігі олардың құжаттарын "талаптарға сәйкес келмейді" деп кері қайтарып келеді.
 «Алға, Қазақстан!» белсенділері партияны тіркеуді сұрап тағы құжат өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG