Accessibility links

Жетібай кенішінде 50-ден астам күзет қызметкері жалақыны өсіру туралы талап айтты


Oil construction company компаниясына күзет қызметін көрсететін мекеме жұмысшылары билік пен жұмыс беруші компанияларға талаптарын айтып тұр. Маңғыстау облысы 24 сәуір 2024 жыл.
Oil construction company компаниясына күзет қызметін көрсететін мекеме жұмысшылары билік пен жұмыс беруші компанияларға талаптарын айтып тұр. Маңғыстау облысы 24 сәуір 2024 жыл.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы Жетібай кенішінде күзет мекемесінің 50-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп, үндеу жасады. Олар видеоүндеуді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс басшысы Нұрлан Ноғаев, "ҚазМұнайгаз" төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Oil construction company және Senym guard жетекшілеріне бағыттаған.

"1 мамырдан бастап бізге тендерді ұтқан мекеме келейін деп отыр. Олар біздің айлық-жалақымызды төмен көрсетіп, 126 мың теңгеге дейін қысқартып тастаған. Біз мұнай бұрғылайтын экологиялық мәселесі бар орында жұмыс істейміз. Жылжымалы вагонда қызмет етеміз. Бұған дейін бізге сағатына 993 теңге төленген. Енді сағатына 767 теңге төлейін деп жатыр" дейді аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі Азаттыққа.

Оның сөзінше, бір күн бұрын жұмыс беруші күзетшілермен кездесіп, "126 мың теңгеге көнбесеңіздер, жұмыстан шыға беріңіздер, басқа адам аламыз" деп айтқан.

Мекемеде әзірге жұмыс тоқтамаған. Наразы жұмысшылар тапсырыс беруші Oil construction company ұйымына да арыз-талаптарын берген. Егер ол жақтан жауап болмаса, "ҚазМұнайгаздың" Ақтаудағы бөлімшесіне апаратынын жеткізді.

"Мына жалақы бір отбасыға бір айда қажет керек-жарақты алуға жетпейді. Әркімнің басында несие бар. Бала-шағасы, оқытып жатқан студент балалары бар. 126 мың теңгемен күн көру мүмкін емес. Маңғыстауға барлық зат сырттан келеді. Тамақ, киім-кешектің бәрі өте қымбат. Айлықты 300 мыңға өсіруді сұрап отырмыз" деді жұмысшылардың бірі.

Азаттық 25 сәуірде Senym guard компаниясына хабарласып көрді. Компанияның Ақтаудағы бөлімшесінің жетекшісі Жәнібек Әлібекұлы жұмысшылардың талаптарынан хабардар екенін айтып, алайда оны орындау мүмкін емес екенін жеткізді.

"Тапсырыс берушінің тендерге салған ақшасын соның бәрін жалақы қылып, бәрі беріледі. Біз мердігер компания өз қалтамыздан қосып бере алмаймыз. Ал егер тапсырыс беруші солар үстіне ақша қосып, тағы қосымша келісім беріп, айлығын көтеру керек десе, онда қосамыз" дейді Жәнібек Әлібекұлы. Оның сөзінше, жұмысшыларға 126 мың теңге жалақыға тоқсан сайын берілетіні бар, мереке кезде төленетіні бар, әлеуметтік төлемдер қосылады. "Соның бәрін қосқан кезде шамамен 196 мың теңгеге барады" дейді ол. Оның сөзінше, қазір жұмысшылар алып отырған жалақыда мұндай төлемдер қарастырылмаған. Ол 24 сәуірде жағдай жұмысшыларға түсіндірілгенін атап өтіп, "жұмысшылар жұмыстан кетпейтінін" айтты деді.

Ал наразы жұмысшылар Маңғыстауда мұнай саласынан басқа отбасыны асырай алатын жұмыс табу қиындығын алға тартып, "жұмыстан шықпауға келісім бергенін" растады. Бірақ талаптары күшінде қала беретінін жеткізді.

Oil construction company мұнай кеніштерінде құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаратын мекеме. 2002 жылы "Маңғыстаумұнайгазға" тиесілі үш ірі кәсіпорын – "Маңғыстаумұнара", "Мұнайқұрылыс", "Маңғыстаумұнайжолдары" ұйымдарының бірігуінен пайда болған. Қазір OCC "ҚазМұнайгазға" 100 пайыз еншілес компания.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG