Accessibility links

Тбилисиде парламент үйі маңында "шетел агенті" заңына қарсы митинг өтіп жатыр


Грузия астанасы Тбилисиде парламент үйінің маңында оппозиция мен үкіметтік емес ұйымдар "Еуропаға — иә, орыс заңына — жоқ" атты митинг бастады. Олар биліктегі "Грузия арманы" партиясы ұсынған "Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы" деп аталатын заң жобасына қарсы. Билік бәсекелестері бұл құжат Ресейдің "шетел агенті" заңына ұқсас деп есептейді.

Ұйымдастырушылар қарсылық акциясы билік партиясы даулы заңды қабылдаудан бас тартқанға дейін жалғасады деп мәлімдеді. Наразылар заңды демократия принциптеріне қарама-қайшы және анти-еуропалық сипатта деп сынап отыр. Парламент үйін полицияның арнайы күштері қоршап, күзетіп тұр. Бірнеше наразы белсенді ұсталған деген ақпарат тарады.

15 сәуір таңертең парламенттегі заң комитетінің кеңейтілген отырысында даулы заң жобасы қызу талқыланды. Айтыс-тартыс, айғай-шумен өткен пікірталас төбелеске ұласты: "Граждане" партиясының жетекшісі депутат Алеко Элисашвили баяндама жасап тұрған парламентте көпшілік дауысқа ие билік күштерінің жетекшісі Мамука Мдинарадзені "орыссың!" деп, құлақ-шекеден салып қалды. Сол-ақ екен, Мдинарадзенің жақтастары Элисашвилиге жабыла кетті.

Парламент ғимаратынан шыққан соң журналистер алдында сөйлеген Элисашвили соққыға жығылғанын, бірақ "отанды Ресей құлдығынан құтқару үшін" азапқа дайын екенін айтты.

Комитет төрағасы Анри Оханашвилидің ұйғарымы бойынша бірқатар оппозициялық депутат, соның ішінде қазір қамауда отырған бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері отырыстан шығарылды.

Грузияның Еуропа Одағындағы бұрынғы елшісі Саломе Самадашвилиді де залдан шығарып жіберді. Азаттық радиосына берген эксклюзив сұхбатында ол билік партиясы "[Украинада биліктен қуылған президент Виктор] Януковичтің жолына түсті" деп мәлімдеді.

Самадашвилидің хабарлауынша, 15 сәуір түстен кейін Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания елшілері Грузия билігіне бұл заң қабылданса, салдары ауыр болады деп ескертіп, "дипломатиялық демарш жасаған".

Батыс елшілері әлгіндей ескертуді мемлекеттік кеңсе ғимаратында премьер-министр Ираклий Кобахидземен кездескенде айтқан болуы мүмкін. Бұған дейін Кобахидзе жаңа заң "Грузия мүдделеріне толығымен сай келеді және еуропалық демократия құндылықтарына сәйкес" деп мәлімдеген.

Премьер-министр заң жобасын белсенді сынайтын және "Грузия парламентіне қандай заң қабылдауға болады не болмайтынын көрсететін" Батыс дипломаттарына теледебатқа қатысуды ұсынды. Ол Батыс елдерінің елшілері заңды сынағанымен, "оның Еуроодақ елдері мен АҚШ-тағы осыған ұқсас заңдардан айырмашылығы қандай екенін түсіндірмейді" деді.

Оппозиция мен үкіметтік емес ұйымдар егер даулы заң қабылданса, Грузия былтыр жыл аяғында алған Еуропа Одағына мүше болуға үміткер мәртебесінен айырылуы мүмкін деп алаңдайды. Мдинарадзе мен "Грузия арманы" партиясының басқа да жетекшілері мұны жоққа шығарады. Олардың сөзінше, Еуроодақта елді кандидат мәртебесінен айыруға заңды рәсім жоқ.

"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Леван Хабеишвили бұл туралы комитет отырысында "Еуроодақ жыл аяғында Грузиямен толыққанды мүше болу туралы келіссөз бастамаса, бұл еуроинтеграцияның Грузиядан бас тартуына тең" деп айтты.

Таяуда Германия канцлері Олаф Шольц Берлинде Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидземен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында заң жобасын сынап, ол Грузиядағы демократия институттарына ықпал ететін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қиындатады деді.

  • Былтыр Тбилисидегі екі күндік наразылықтан соң парламентте көпшілік дауысқа ие болып отырған саяси күштер – "Грузия арманы" мен "Халық күші" партиялары бірінші оқылымда мақұлданған "шетел агенті" туралы заңды қайтарып алған. Сол кезде ел өкіметі парламент үйінің алдына наразылығын айтып жиналған ондаған мың адамның талабын орындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG