Accessibility links

Шәрбатпен байланысты ондаған баланың өлімі бойынша іс: Айыпталушы қысымға шағымданды


Ташкенттегі сот залы.
Ташкенттегі сот залы.

Өзбекстанда 10 қаңтарда Ташкент қалалық сотында «Док-1 Макс» ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.

«Газета.uz» басылымының хабарлауынша, сот отырысында прокурор қосымша айыптау қорытындысын оқып шыққан. Судья айыпталушылардан "айыптау түсінікті ме" екенін, "айыптарды мойындайды ма" деп сұрады.

23 айыпталушының бәрі айыптау түсінікті екенін мәлімдеді: 16 адам тағылған айыптарды мойындамады, алтауы ішінара, біреуі толық мойындады.

Одан соң әрқайсысына сөз берілген. Өзбекстан фармагенттігінің бұрынғы басшысы Сардор Кариев тергеу барысында қысымға ұшырағанын мәлімдеді.

Былтыр Өзбекстан билігі жөтелге қарсы үнді шәрбатынан 69 бала өлгенін хабарлаған. 5 қаңтарда өткен сот отырысы барысында кем дегенде 18 бала "Док-1 Макс" шәрбатынан мүгедек болып қалғаны айтылды. Дәріден зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін.

Балалардың «Док-1 Макс» шәрбатынан айлар бойы уланып, ондаған адам өлген соң Өзбекстан фармацевтикасы мен денсаулық сақтау салалары дағдарысқа ұшырады.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, дәрі-дәрмектерді сараптамадан өткізу кезінде нормативтік-құқықтық талаптар бұзылған, соның салдарынан сапасыз препараттар нарыққа шығып кеткен.

Өзбекстанда Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатын ("Док-1 Макс") сату 2022 жылы 22 желтоқсанда тоқтатылған, алайда аталған дәріні алмау жөнінде ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі бір аптадан кейін ғана тарата бастаған. Сол кезде денсаулық сақтау министрлігін басқарған Бехзод Мусаев "Док-1 Макс" шәрбатын қабылдаған балалардың өлімі туралы ақпарат министрліктен жасырылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG