Accessibility links

Түркіменстанда істеп тұрған жалғыз мессенджер ашылмай қалды


Ашғабатдағы интернет-кафе, 2017 жыл.
Ашғабатдағы интернет-кафе, 2017 жыл.

Түркіменстанда хат-хабар алмасатын соңғы мессенджер – IMO-ны қолдану мүмкін болмай отыр. Өйткені әлемдегі ең баяу интернет сапасы кейінгі күндері мүлде нашарлап кеткен. Елде басқа мессенджерлер мен қосымшалар қолданысына тыйым салынған.

Түркіменстан азаматтарында хат-хабар алмасатын әлеуметтік желі платформасы қалмады. Елде жұмыс істеп тұрған соңғы мессенджер IMO ашылмай қалды.

Түркіменстанның авторитар билігі басқа әлеуметтік желілер мен қосымшаларға әлдеқашан тыйым салған. Халық көп жылдан бері сыртқы әлемнен оқшау өмір сүріп келеді.

Халықаралық сарапшылар Түркіменстанды “интернеті ең баяу елдер” қатарына қосады. Жергілікті тұрғындар сөзінше, онсыз да әзер істеп тұрған интернет кейінгі күндері тіпті нашарлап, сайттар мен қосымшалар ашылмай қалған.

– IMO істемейді, басқа қосымшалар әлдеқашан бұғатталған. Интернеттен шетелдік арналар да жоғалып кетті. Бір аптадан бері Euronews көре алмай отырмыз, – деді 3 тамызда Азаттық тілшісіне хат жазған Ашғабад тұрғыны аты-жөнін жасырын қалдыруды өтініп.

Кей азаматтар интернет бұғаттауды айналып өту үшін жауапкершілік қарастырылғанын біле тұра VPN пайдаланған.

Ашғабад студенттері компьютер алдында. Архив.
Ашғабад студенттері компьютер алдында. Архив.

Түркімен халқы интернет әдеттегіден де баяу істеп тұрғанын айтады. Баяу болғанына қарамастан, елде интернет бағасы өте қымбат.

Британдық Cable.co.uk компаниясының әлемдегі кең жолақты интернет жылдамдығы туралы есебіне сәйкес, Түркіменстанда интернеттің орташа жылдамдығы – 0,50 мегабит/сек. Бұл – 2021 жылғы зерттеуге қатысқан 224 мемлекет ішіндегі ең баяу көрсеткіш. Түркіменстанда 5 гигабайт фильмді жүктеуге 22 сағат 34 минут кеткен.

Түркіменстан билігі сәуірдің соңында ICQ мессенджерін бұғаттап тастағаннан кейін IMO хат-хабар алмасатын жалғыз мессенджер болып қалып еді. WhatsApp, Viber, Facebook, Twitter, VK, Odnoklassniki, YouTube платформалары бұрыннан істемейді. Түркіменстан туралы жазатын тәуелсіз басылымдар мен шетелдік ақпарат құралдарын VPN-сіз ашу мүмкін емес.

Түркіменстан билігі халықты сыртқы әлемнен оқшаулап, ақпараттың таралуын қатаң бақылауда ұстайды. Елде тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ. Радио, телерналар мен басылымдар мемлекетке қарайды.

Мемлекет азаматтардың шетелге шығуына да кедергі жасайды. Тіпті қолында билеті мне визасы бар адамдарды ұшақтан түсіріп алған кездері де болған.

– Сыртқы әлеммен байланысудың жалғыз жолы – электронды пошта, – дейді Ашхабад тұрғыны. Ол мобильді не стационар телефоннан хабарласпауды өтінді. Өйткені арнаулы қызмет өкілдері шетелге жасалған телефон қоңырауларын тыңдап отыр дейді.

Бірнеше азамат мемлекеттік “Түркіментелеком” компаниясына интернет сапасына қатысты шағым жазғанын, бірақ еш нәтиже болмағанын айтты.

Кей азаматтар интернет жылдамдығы күшейер деген үмітпен интернет көлемі үлкен, қымбат тарифтер сатып алған. Бірақ бұл да көмектеспеген.

2022 жылы сол кездегі президент Гурбангулы Бердімұхамедов Ұлттық қауіпсіздік министрлігіне интернетке қосымша шектеулер енгізуді тапсырды.

Ол мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің отырысында “2021 жылы интернетке бақылау дұрыс жүргізілмей отыр” деп шамданды. Президент арнаулы қызмет өкілдерінен Түркіменстанның конституциялық құрылымына қарсы идеялар жариялайтын, қоғамдық тәртіпті бұзып, терроризм, экстремизм, ультранационализм мен басқа да заңсыз қызметті насихаттайтын адамдарға көбірек назар аударуды талап етті.

Былтыр Бердімұхамедов президент қызметінен кетіп, орнына ұлы Сердар Бердімұхамедов келді, бірақ жағдай өзгерген жоқ.

Түркіменстан билігі азаматтар бұғатталған сайттарға кіру үшін VPN пайдаланатынын жақсы біледі.

Маусымда полиция бірнеше жергілікті блогер мен танымал тұлғаларды шақырып, Түркіменстанды жақсы жағынан көрсететін материалдар ғана жариялауды сұраған.

Түркіменстанда мемлекеттік БАҚ үкіметтің нұсқауымен жағымды хабар таратуға мәжбүр.
Түркіменстанда мемлекеттік БАҚ үкіметтің нұсқауымен жағымды хабар таратуға мәжбүр.

Құқық қорғау өкілдері әлеуметтік желіде үкіметті сынау, тіпті, билікке ұнамайтын жазбаға лайк басып, пікір жазудың өзі мемлекетке қарсы әрекет деп бағаланып, айыпталушы түрмеге жабылуы мүмкін екенін ескертті. Полиция Instagram, TikTok, and YouTube желісінде танымал, саясат тақырыбын мүлде қозғамайтын жас блогерлерді жинаған.

Түркіменстандағы мемлекеттік ақпарат құралдары арнайы ұйымдастырылған суреттер мен мемлекеттік іс-шаралар арқылы елде бәрі жақсы, халық бақытты деген пікір қалыптастыруға тырысады. Журналистер мен өкілетті тұлғалар елдегі экономикалық дағдарыс, кедейлік, жұмыссыздық туралы айтпайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG