Accessibility links

Дипломатиядан қателесу ме, әлде тұзақ па? Киев Софияға "сексолог" әйелді елші етіп жібергені дау туғызды 


Украинаның Болгариядағы елшісі болып тағайындалған Олеся Илащук.
Украинаның Болгариядағы елшісі болып тағайындалған Олеся Илащук.

Киев Олеся Илащук туралы "қазіргі қызметіне тамыр-таныстықпен қол жеткізген "сексолог-кеңесші" деген ақпаратқа қарамастан, оны Болгарияға елші етіп жіберді. Бұл Болгарияның Украинаға әскери көмек беру туралы шешіміне кері әсер етпей ме?

Дипломатиялық тәжірибесі жоқ сексолог-кеңесші. Мұндайды кез келген елшінің резюмесінен кездестіре бермейсіз. Бірақ қазір Украинаның және оның сыртқы әлеммен байланысы бұрынғыдан өзгерген.

2014 жылдан бері әскери жағдайда өмір сүріп, бір жылдан бері Ресейге қарсы соғысып жатқан Украина халқы мен ел президенті Владимир Зеленский елдің шығысындағы кескілескен шайқаспен қатар халықаралық қолдау үшін де аянбай күресіп жатыр.

Болгарияның Ресеймен бұрыннан саяси-энергетикалық байланысы бар. Жақында НАТО өз міндеттемелерін қайта қарағаннан кейін, Софияға Ресейдің басқыншылығына қатысты көзқарасын өзгертуге тура келді. Кейбір ақпарат бойынша, Болгарияда Совет Одағынан қалған үлкен қару-жарақ қоры бар. Ал Украина әскері совет қаруын қалай ұтымды пайдалану керегін жақсы біледі. Бұл елдің қорғанысына елеулі үлес қосуы мүмкін.

Өткен айда Болгарияның уақытша үкіметі мен заң шығарушы органы Украинаға әскери-техникалық көмек беру туралы шешім шығарған.

Болгария сарапшылары Киевтің Олеся Илащукты елші етіп жіберуі Софияның Украинаға көмек беруге асықпағанына жауап болуы мүмкін деп топшылады. Бұл, сондай-ақ, Украинаға әскери көмек беруді "соғыс өртін тұтату" деп атап, бұл шешімге қарсы шыққан бұрынғы қолбасшы, президент Румен Радев сияқты сыншыларға жақсы сылтау болды.

"Олеся Илащук бұл қызметке лайық емес деген ақпарат расталса, бұл жағдай Украина Болгарияға құрметпен қарамайды деп қабылдануы мүмкін" деді Софияда күнделікті шығатын газет редакторының орынбасары Петар Карабоев.

ТОСЫН СЫЙ

2022 жылғы 23 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсесі Болгариядағы елші қызметіне Олеся Илащук тағайындалғанын жазды. Қысқа ақпаратта елшінің аты-жөні мен жаңа қызметі ғана аталған. Содан бері желіде Илащук туралы түрлі ақпарат тарап жатыр.

Журналистер Facebook желісінен Илащукқа тиесілі делінген парақшаны тапқан. Онда елшінің бұрынғы қызметі "клиника психологі, жүйелі отбасылық терапевт, гештальт-терапевт, сексолог-кеңесші" деп көрсетілген. Көп ұзамай бұл парақшаны бұғаттап тастады. Илащук Telegram-дағы жаңа арнасында елшілік өмірбаянын жариялайтынын айтты.

2022 жылғы 26 желтоқсанда Украина сыртқы істер министрлігі баспасөз хабарламасын жариялап, Илащук туралы сұрақтарға жауап берді. Онда елші Юрий Федькович атындағы Черновицкий ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығын қызыл дипломмен бітіргені жазылған. Ресми ақпаратта Илащук кәсіби аудармашы болғаны, ағылшын тілін жетік білетіні айтылады.

Илащук елдің соғыс жағдайында өмір сүріп жатқанын алға тартып, барлық ақпаратты Telegram-дағы арнасына жариялап отырды. Ол өзі туралы тараған сыбыстарды жоққа шығарады.

2022 жылғы 28 желтоқсанда Илащук интернетте өз беделіне, жаңа қызметіне нұсқан келтіретін әрі Украина президенті мен үкіметінің шешімін күмәнді етіп көрсеткен жалған ақпарат пен ақылға қонбайтын әңгімелер тарап жатқанын, әлдекім украиндер мен болгарлардың арасына от салғысы келетінін айтты.

Ертеңіне "Қазір біздің жауынгерлерімізге өмірбаянымның маңызы бар ма?" деп сұрап, журналистерді "расталмаған болжамдар таратып, президент пен үкімет шешіміне күмән келтіріп, интернетті шулатуды көздеп жатыр" деп айыптады.

Бұған қоса, Илащук өзінің әлеуметтік желіден алынған фотосын жариялаған журналистерге қарсы авторлық құқық пен суретті иесінің рұқсатынсыз пайдалану туралы даулы талқылау да бастады. Ол журналистерден өзінің суретін жариялаған сайын Украинаның қарулы күштеріне 540 доллардан жіберуді талап етті. Илащуктың журналистерге қарсы шағымына қарап, ол шынымен сексолог ретінде кеңес беруі мүмкін деген ой туады.

Илащук пен оның жақтастары елшінің басқару саласында мол тәжірибесі барын айтады.

Бірақ мұндай мадақтаулар украин сыншыларының сұрақтарына жауап бере алмай отыр.

2022 жылғы 29 желтоқсанда журналист Татьяна Николаенко "Олеся Илащукты Болгарияға елші етіп тағайындағандары шектен шығу болды. Мәселе оның сексолог болғанында немесе Зеленский аппаратының басшысы Андрей Ермакпен байланысында емес. Украина Совет Одағы тұсында өндірілген қару-жараққа тәуелді болып отырған кезде әскери көмек беруге дайын елге сексологті жібергендеріне қынжылдық" деп жазды.

БОЛГАРИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Украинаның АҚШ пен Франциядағы бұрынғы елшісі Олег Шамшур Азаттықтың Украин қызметіне "Қазір елімізге кәсібилік пен қарым-қатынас құру дағдысы керек. Өкінішке қарай, Болгарияға тағайындалған елші бұл критерийлерге сай келмейді" деді. Бұрынғы дипломат бұл сыбыстар расталмағанын айтқанымен, Илащуктың президент әкімшілігінің басшысы Ермактың "адамы" болғанын алға тартты.

"Бұл кандидатураны таңдауда жеке таныстық, жақындық, адалдық деген критерийлерге басымдық берілген сияқты" деді Шамшур.

Шамшур Болгария президенті Радев "соғыс өртін тұтату" туралы мәлімдеме жасап, "Ресей Қырымды заңсыз оккупациялап алды" деген жазушыны қудалағанын еске салып, Украинаның болгарлармен қатынасы шиеленесіп тұрғанын ескертті.

"Бұл – Болгарияда және елдің өкілетті тұлғаларының арасында орысшыл көңіл-күй басым екенін көрсетеді. Осының бәрі Болгариямен әріптестікті қиындатады" дейді ол.

Бақылаушылардың сөзінше, Болгария шекарасын нығайтып, НАТО-дағы әріптестеріне көмектесіп, Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларына қосылған. Бірақ ресейлік "Лукойлға" қарасты жергілікті мұнай өңдеу зауыты санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатыр деген күдікке ілінген.

"Соғыс басталғалы Болгарияда Украинаны қолдаушылар көбейді. Бірақ бұл процесс әлі аяқталған жоқ. Киевті қолдаушылар басым болғанымен, процесс жалғасып жатыр" деді Ресейдің Болгариядағы бұрынғы елшісі Илиан Васильев.

Болгария астанасы Софиядағы Украинаны қолдау акциясы. 2022 жылдың сәуірі.
Болгария астанасы Софиядағы Украинаны қолдау акциясы. 2022 жылдың сәуірі.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының дерегінше, Болгарияда 55 мың украин босқыны бар. Бұл 1,6 миллион босқын қабылдаған Польша және БҰҰ-ның өңірлік жоспарына кірген елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Болгарияда Батысқа қарсы "Жаңғыру" партиясы Ресейді қолдап, украин босқындарын қабылдауға дайын емесін білдірген.

"ЗЕЛЕНСКИЙ АЙНАЛАСЫНА ӨЗІНЕ АДАЛ АДАМДАРДЫ ЖИНАП ЖАТЫР"

Украина сыртқы істер министрлігі халықаралық тәжірибеде кәсіби дипломат емес елшілерді тағайындау көп кездесетінін, Болгария үкіметі Илащуктың кандидатурасына қарсы болмағанын хабарлады.

Украина елшілігі Азаттықтың Болгар қызметінің "Елші қашан келеді?" деген сұрағына жауап бере алмады.

Редактор Карабоев ашық дереккөздерде Илащук туралы ақпарат аз екенін айтып, "Бұл Киевтің Софияға наразылығын білдіру үшін жасалған болуы мүмкін. Болгарияның бұлай ойлауға негізі бар" деді.

Журналист Украина президентінің шешімін "Зеленский айналасына кәсіби мамандарды емес, өзіне адал адамдарды жинап жатқан сияқты. Өйткені Украинаның кәсіби дипломаттарының өзі соғыстың алдын алып, Ресейді тоқтата алмады ғой" деп түсіндіреді.

Карабоев "Илащук саяси-дипломатиялық мектептен өтпеген, сондықтан Болгариядағы саяси шынайылықпен жұмыс істеуге таптырмас кандидат бола алады" деп те топшылайды.

"Илащуктың стилін көруіміз керек. Оның жұмыс істеу тәртібі Болгарияның саясаткерлеріне сай келуі мүмкін" дейді журналист.

Болгарияға белгілі саяси блогер әрі белсенді Асен Генов (оның YouTube арнасындағы "Контракоментар" шоуында 15 мың жазылушы бар) Илащуктың тағайындалуы Болгарияға қызық болуы мүмкін деп есептейді.

Ол мұны "Украинаның лайықты жауабы" деп атады. Болгарияның Украинадағы елшісі Констадин Коябашев соғыстың оныншы айында эвакуацияланған. Содан бері Болгария Украинаға жаңа елші жіберген жоқ. Болгарияның Одессадағы бас консулы да елден кетіп қалған.

"Украинамен дипломатиямызға немқұрайды қарап отырмыз. Елімізге кәсіби біліктілігі жоғары дипломат жібергенін қалаймыз, бірақ өзіміз сол деңгейге лайықпыз ба?" дейді Генов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG