Accessibility links

"Елбасы заңы" жойылса да, Назарбаевқа берілген артықшылықтар сақталмақ. Қалайша?


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы кезектен тыс президент сайлауында дауыс берген сәт. Сол кезде ол басқарған билік партиясы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы кезектен тыс президент сайлауында дауыс берген сәт. Сол кезде ол басқарған билік партиясы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған.

"Тұңғыш президент – Елбасы" заңын жойылса да, бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа берілетін жеке артықшылықтар мен оның қолсұқпаушылық статусына аса әсер етпейді деп санайды сарапшылар.

13 қаңтарда Қазақстан парламентінің қос палатасы "Тұңғыш президент – Елбасы" заңының күшін жою мәселесін қарау үшін жиналады. Депутаттар Назарбаевтың президенттігі кезінде қабылданып, сарапшылар тарапынан жеке басқа табынуға жол ашқан деп сыналған заңның күшін жоятын құжатты рәсімдемек.

"Елбасы заңында" Назарбаевқа көп артықшылықтар беріліп, құжатта ол "жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы", "бірліктің, Конституцияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы" деп көрсетілген.

Бір жарым жыл бұрын ешкім бұл заң күшін жоятынына сенбеген еді. Бірақ 2022 жылғы Қаңтар қырғынынан кейін жағдай күрт өзгерді. Қаңтардың басында наразылыққа шыққандар 30 жылдан ел басқарған Назарбаевтың мұрасына қарсылық білдірген. Кейін қаңтардағы қантөгістен соң экс-президенттің жақындары қызметтен кетті, Назарбаевтың өзі жұрт көзінен таса болды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел көзіне сирек түскен жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

Былтыр маусымда қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде Конституцияны өзгерту бойынша референдум болды. Билік референдумды "саяси реформа" деп атап, Конституциядан бірінші президентке берілген артықшылықтарды алып тастады. Бірақ "Тұңғыш президент – Елбасы" конституциялық заңы күшін жоймаған еді.

2023 жылы қаңтарда бір топ депутат Конституциялық сотқа қайырылып, "Бірінші президенттің статусы Конституциядан алынып тасталса, "Елбасы заңы" күшін жоя ма?" деп сұраған.

10 қаңтарда Конституциялық сот депутаттарға "Тұңғыш президент – Елбасы заңы" күшін жойды деп тануға болады деп жауап берді. Ертесінде мәжіліс спикері заңды қарау үшін қос палатаны жиынға шақырды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫМЕН ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Конституциялық құқық бойынша заңгер Акиф Сүлейменов "Елбасы туралы" заң жойылса да, Назарбаев қолсұқпаушылық статусын сақтап қалатынын айтады. Экс-президенттің статусы Конституцияда және "Президент туралы" заңда жазылған. Мәселен, "Президент туралы" заңның 36-бабында елдің экс-басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке сатқындық жасаса жауап беретіні жазылған.

Сүлейменов Қазақстанда экс-басшы мемлекетке сатқындық жасаса да, жауапқа тарту қиын деп санайды.

— Мемлекеттік сатқындық түсінік бойынша мемлекеттік құпияларды беру, мемлекет мүддені сату дегенді білдіреді. Ал Қазақстанда президент әскери жағдай кезінде екінші тарапқа өтіп кетуі мемлекеттік сатқындық деп саналады. Бізде мемлекетке сатқындық жасау ісін қозғаудың процедурасы қиын. Мәжіліс депутаттарының үштен бірі бұл мәселені көтеруі керек, ал сенат тергеуді ұйымдастыру тиіс. Одан соң Конституциялық сот қорытынды жасап, Жоғарғы сот негіздеме беруі керек, — дейді заңгер.

Акиф Сүлейменов президентке мұндай деңгейде қолсұқпаушылық статусын берген заң басқа елдерде жоғын айтады.

— Тіпті ТМД елдерінің заңдарында президент ауыр қылмыс жасаса, жауапқа тартылатыны жазылған. Бұған зорлық-зомбылық, адам өлтіру де кіреді. Осының өзі жеткілікті. Кейбір дамыған елдерде президентті тәртіптік жауапкершілікке тартуға болады. Ал бізде тек мемлекетке сатқындық жасау бойынша қылмыстық жауапкершілік бар, — дейді ол.

Сүлейменов "Назарбаевқа берілген артықшылықтар мен оларға материалдық жағдай жасау сақталады" деп жалғады сөзін.

— Оны "қарапайым зейнеткер" деп атау қиын. "Президент туралы" заңда экс-президентке мемлекет есебінен қызмет көрсету және күзет беру қарастырылған. Оған өмір бойына қазіргі президент алатын жалақының 80 пайызы көлемінде зейнетақы тағайындалады. Президенттің жалақысы өссе, экс-президенттің зейнетақысы да артады. Елдің бұрынғы президентіне мемлекет пәтер мен мемлекеттік саяжай, жеке күзет, жүргізушісі бар көлік, тегін емделуге және курортқа баруға мүмкіндік береді. Жеке кітапханасы мен жеке архиві экс-президенттің меншігі болып қалады. Ол табысы жайлы декларация тапсыруға да міндетті емес, сондықтан оның қаржысының ашықтығын тексеру мүмкін емес, — дейді заңгер.

Назарбаев "құрметті сенатор" атағынан да айырылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

"Елбасы туралы" заңның күші жойылған соң Назарбаев мемлекеттік органдарға мемлекет құрылымы, ішкі және сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар жасау, парламент пен үкімет алдында сөйлеу құқығынан айырылады. Бірақ "Президент туралы" заңға сәйкес, бұрынғы президент парламент палаталарының бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатыса алады.

"Елбасы туралы" заң жойылардың алдында депутаттар Назарбаевты "құрметті сенатор" мәртебесінен айырды. Бұл мәртебе оған президент қызметінен кеткеннен кейін берілген еді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТУЫСТАРЫ, ҚОРЫ МЕН КАНЦЕЛЯРИЯСЫНЫҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛАДЫ?

"Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет береді. Заңға сәйкес, Назарбаев пен оның отбасының мүлкі, тұрғын үй мен қызметтік ғимараты, көліктері, байланыс құралдары, хаттары мен құжаттарына тиісуге болмайды. Қорғаудағы азаматтардың банк құпиясы мен есепшоттары да сақталады. Азаттық Назарбаев отбасының мүлкі туралы зерттеулерінің бірінде Алматыда тау бөктерінде жатқан ондаған гектар жерде бұрынғы президент пен оның үш қызына тиесілі сарайлар барын жазған. Назарбаевтың ересек қыздары мен немерелерін оның отбасына жатқызуға бола ма? Заңда бұл сұраққа нақты жауап берілмеген.

Қазақстанда Назарбаевтың туыстары бай тұратыны құпия емес. Олар ірі банк, пайдалы қазба өндіруші компаниялар, девелоперлік және сауда кәсіпорындарын басқарады. Ел ішіндегі және шетелдегі қымбат мүліктерге иелік етеді. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың кей туыстары қызметінен кетті. Бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды, Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев ақша жымқырды деген айыппен қамауға алынды.

Заң жойылғаннан кейін Назарбаев отбасының басқа мүшелері де жауапқа тартыла ма? Акиф Сүлейменов теориялық тұрғыдан алғанда, Назарбаевпен бірге тұратын туыстары қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін деп топшылайды.

"Бірінші президент — Елбасы туралы" заңға сәйкес, бірінші президент қоры мен Назарбаев құрылтайшысы болған басқа да ұйымдардың мүлкіне қол сұғылмауы керек.

Былтыр Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Назарбаевтың өзіне қарасты төрт қайырымдылық қоры арқылы сегіз миллиард долларға жуық активтерді пайдаланып отырғанын анықтады. Бұрынғы президент бұл активтерге тікелей иелік етпейді. Активтер қатарында банктер, қонақ үйлер, телеарналар, сауда орталықтары мен 100 миллион доллар болатын авиалайнер бар. Зерттеушілер дерегінше, Назарбаев активтерді бақылап, шешім қабылдаумен айналысады.

— Заңның күші жойылғаннан кейін аталған қорлардың есебін тексеру керек. Бірақ бұрынғы президент заңға қайшы әрекет жасаса да, оны "мемлекетке сатқындық" бабынан басқа бап бойынша жауапқа тартуға болмайды, — дейді Акиф Сүлейменов.

Заңның жойылуы бірінші президент канцеляриясын қаржыландыруды тоқтатуға негіз бола алады. Биыл канцелярия қызметіне 1,6 миллиард теңге бөлінген. Былтыр 2,6 миллиард теңге жұмсалатын. 2021 жылы канцелярия бюджеті 2,1 миллиард теңгені құраған.

БИЛІК ЗАҢДЫ ЖОЮ ҮШІН НЕГЕ ЖАРТЫ ЖЫЛ КҮТТІ?

Жарты жыл бұрын референдум өтіп, Конституциядан бірінші президент туралы баптар алынып тасталса да, "Тұңғыш президент туралы" заңның күші енді жойылмақ.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Назарбаев пен оның туыстарының іс-әрекеті толық зерделеніп, байлығының шығу төркіні анықталмаса, заңды жою жай ғана ресми шара болып қалады" деп санайды.

— Тоқаевтың қазіргі әрекеті Назарбаевтың атын Конституция мен басқа да заңдардан алып тастап, саяси режим мен өз билігін тұрақтандыру үшін оны қоғам назары мен сынынан алыстатуға ұқсайды. Бұл — Қаңтар оқиғасына бір жыл толғанда халыққа көрсететін шынайы ісі болмағандықтан, қоғамды алдаусыратуға арналған ресми қадам. Президент қаңтарда наразылыққа шығып, Назарбаевтың образы мен легитимділігін жоққа шығарған азаматтардың еңбегін өзіне танып алғысы келеді, — дейді ол.

Әлжанов Ақорда шынымен Назарбаев мұрасынан арылғысы келсе, заңнамалық өзгерістер мен ақпараттық науқанды ертерек бастауы керек еді деп есептейді.

— Олай болмады. Тараптардың бәрін Қаңтар оқиғасы байланыстырады. Сондықтан бір-біріне жалтақтап отыр. Тоқаев Назарбаевқа қарсы тергеу ашса, билігін асыра пайдалану мен жемқорлыққа құрылған өз режимі де қудалануы мүмкін деп қорқады. Заң Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан соң ғана жойылды. Яғни, Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінде активтерін жинап, қоғам мен ақпарат құралдарының назарынан тыс жерде көп мәселесін шешіп алуға жеткілікті уақыты болды. Негізгі активтерді елден шығарып, жасырып үлгерген де шығар. Қазір Назарбаевтың жүйеде болғанын растайтын ресми белгілер ғана жойылып жатыр, — дейді саясаттанушы.

"Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң 2000 жылы қабылданды. 2010 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, Назарбаевқа "елбасы" ("ұлт көшбасшысы") мәртебесі берілді.

Бұл мәртебе оған қалағанынша президент сайлауына қатысып, билігін шексіз ұзартуға мүмкіндік берген еді. Назарбаев бұл өзгерістерге қол қоймады. Құжатта премьер-министр Кәрім Мәсімов (қазір ол 2022 жылы қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты деген айыппен тергеліп жатыр), мәжілістің бұрынғы спикері Орал Мұхамеджанов (марқұм) пен сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG