Accessibility links

Орталық Азияда қан көп төгілген жыл. Династиялық билік, баламасыз сайлау, өзгермейтін риторика


Наразылық кезінде демонстранттар басып алған Қазақстан президенті резиденциясына кіреберістегі баспалдақта жатқан сынық кресло. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл
Наразылық кезінде демонстранттар басып алған Қазақстан президенті резиденциясына кіреберістегі баспалдақта жатқан сынық кресло. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл

2022 жыл Орталық Азияда қантөгісі мен қақтығысы көп жыл болды. Бұл жылы аймақ елдерінде тәуелсіздік алғаннан бері қалыптасқан авторитар жүйе сыр бере бастады. Дегенмен биліктің саяси мәселелерді бұрынғыдай шешу үрдісі тыйылған жоқ. Ұраны әрекетіне сай келмей жатты. Электорат декорация сипатынан ажырамады.

ҚАҢТАРҒА "ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БІР ҚАЛАСЫНАН КЕЛГЕНДЕР" КІМ?

Сұйылтылған газды қымбаттату туралы шешім 2021 жылдың аяғында Қазақстан батысындағы Жаңаөзен қаласында жұрттың наразылығын тудырған. Оны қолдаушылар аясы кеңіп, қаңтар айының басында наразылық Қазақстанның басқа қалаларына жайылды.

2-7 қаңтар аралығындағы наразылық биліктің халыққа оқ атуымен аяқталды. Салдарынан, ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза тауып, 4500-дей адам жараланды.

Оқиға барысында Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына көшті. Бұл қызметті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен соң да атқарып келген, оған дейін арнайы заң арқылы өзіне жүктеп алған болатын. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, президент Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйырды.

Оқиға барысында премьер-министрден бастап, біршама лауазымды тұлға қызметтен босады. ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов "билікті басып алу" және "мемлекетке опасыздық жасау" айыбымен қамалды. Елдегі жағдайды бақылауда ұстау үшін, Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері бірінші рет ұйымға мүше мемлекеттің аумағына енгізілді.

Үкіметке қарсы бейбіт шерудің аяғы дүрбелеңге ұласқаннан кейін Алматы көшесінде өртенген жеңіл көлік қаңқасының қасында тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл
Үкіметке қарсы бейбіт шерудің аяғы дүрбелеңге ұласқаннан кейін Алматы көшесінде өртенген жеңіл көлік қаңқасының қасында тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл

Оқиға кезінде Қазақстан президенті "бір ғана Алматыға 20 мың бандит шабуылдағанын" мәлімдеген. Кейін мемлекеттік арнаға берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны "мұқият жоспарланған террористік операция" деп атады.

Айтуынша, бейбіт шеруден кейін алаңды басбұзарлар мен мародерлер басып алған. Оларды сырттан "арнайы дайындықпен" келген "кәсіби әскери жасақ" басқарған. "Орталық Азияның бір қаласы арқылы" Қазақстанға "гастарбайтер" ретінде келген олар Алматы әуежайын басып алған, ал тойтарысқа тап болғаннан кейін бұл топ "эвакуацияланып" үлгерген деді президент. Алайда оқиғаға жетекшілік жасады дегендердің Орталық Азияның қай елі, қай қаласынан келгені сол күйі айтылмай қалды. Кейін Тоқаев бұған қоса Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келгендер жайлы да екіұшты пікір айтқан.

Оқи отрыңыз: ҚАҢТАРДАҒЫ ОҚИҒАНЫҢ ТОЛЫҚ ХРОНИКАСЫ

Билік оқиға кезінде қаза болғандардың ресми тізімін тек тамыз айында жариялады. Ал ұсталғандар қамау орындарында түрлі азаптауға ұшырады. Тергеу кезінде де қаза тапқандар бар.

Оқиғаның халықаралық деңгейде тексерілуіне Қазақстан билігі қарсы болды. Ал ресми тексерудің нәтижесі әлі күнге жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Тек биыл күзде кезектен тыс президент сайлау қарсаңында билік осы оқиға кезінде ауыр қылмыс жасамағандарға рақымшылық жариялады.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы "Қазақстан билігі адам құқығы өрескел бұзылған Қаңтар оқиғасын тиімді тергей алмады" деп бағалаған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі реформалар легін жариялады. Оқиғаға дейін жиі айтылатын "халық үніне құлақ асатын үкімет" тұжырымдамасы "жаңа Қазақстан", "әділетті Қазақстан" тұжырымдамасына жалғасты. Алайда іс барысында бәрі де бұрынғыша өзгермеген күйі қалды.

Маусым айында өткізілген жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша, бұрынғы президенттің "елбасы" деген мәртебесі Конституциядан жойылып, ықпалын азайтқандай болғанымен, билік тәсілі Назарбаев басқарған кездегіден қатты өзгермеді.

Конституцияға қыркүйек айында бір жылда екінші рет өзгеріс енгізілді. Одан кейін қараша айында "қуыршақ кандидаттармен" өткізілген президент сайлауында Тоқаев жеті жылдық бір мерзімге сайланды. Бұл шын мәнінде Тоқаевтың екінші мерзімге сайланғандай әсер қалдырды. Өйткені өзгеріс енгізілгенге дейінгі Конституция бойынша 2024 жылы өтетін сайлауға қатысып, жеңсе де, Тоқаев 2029 жылға дейін билікте отыра алатын. 2022 жылы жеті жылға сайлану арқылы да Тоқаев 2029 жылға дейін билік басында қалды.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫ ТЕЖЕГЕН ҚАРАҚАЛПАҚСТАН

2022 жылы Өзбекстанда да референдум жолымен конституциялық реформа өткізу көзделген. Әуелде референдум 8 желтоқсан, Конституция күніне жоспарланғаны айтылған. Сарапшылар өзгертудің түпкі мәні қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің өкілетін ұзарту деп есептейді. Қолданыстағы Конституция бойынша, президент бес жылдық екі мерзімге сайлана алады. 2021 жылғы сайлауда Шавкат Мирзияев соңғы мерзімге сайланған. Бұрынғы президент Ислам Каримов Конституциядағы осы шартқа қарамастан дүниеден өткенше қайта-қайта сайлауға қатысып келген. Мирзияевтің Каримовтан айырмашылығы – сайлау шартын өзгертіп, ендігі билікте қалу мерзімін заңдастыруға тырысып жатқан сыңайлы.

Көксарай көздеген өзгертулер енгізіле қалса, Мирзияев 2026 жылы қазіргі биліктегі мерзімі аяқталған соң сол орнында 2040 жылға дейін, бәлкім одан да көбірек тағы қалуға мүмкіндік табады.

Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы жарияланғаннан кейін Қарақалпақстан астанасы Нөкісте наразылық білдіріп жиналған адамдар.
Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы жарияланғаннан кейін Қарақалпақстан астанасы Нөкісте наразылық білдіріп жиналған адамдар.

Шілде айында Конституцияның өзгерту енгізілген жобасы жарияланды. Өзгертулер жобасында Қарақалпақстан республикасының "егемен мәртебесі" алынып тасталды және оның референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шығып кету құқығы да түсіп қалды. Бұған Қарақалпақстан халқы қарсы болып, оның аяғы "Нөкіс оқиғасына" ұласты.

Ташкент билігі Қарақалпақстанда тұтанған наразылықты күшпен басты. Ресми есеп бойынша, наразылық кезінде 18 адам қаза тауып, 516 адам жараланған.

HRW халықаралық ұйымы биліктің Нөкісте қару қолданғанын сынап, тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырған.

Осы оқиғадан кейін президент Мирзияев Конституцияда Қарақалпақстанның мәртебесі туралы баптары өзгеріссіз қалатынын жариялады. Конституцияның бес бабында Қарақалпақстанның өз Конституциясы бар егемен ел екені, референдум жолымен Өзбекстан құрамынан бөлініп шыға алатыны, Қарақалпақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынас екі ел арасындағы бекітілген келісімдер арқылы жүзеге асатыны айтылған.

Осы оқиға Өзбекстанда Конституцияға биыл енгізілмек өзгертулерді тежеді. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Өзбекстандағы Конституцияны реформалау жөніндегі референдум алдағы көктемде өткізілуі мүмкін.

ШЕКАРАДА АТЫЛҒАН ОҚ

Қазақстандағыдай Өзбекстан да ішкі проблеманы "сырттағы жауға" жапты. Бұл риторика Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиясындағы қақтығыста да қайталанды. 16 адамның қазасымен аяқталған Таулы Бадахшандағы наразылыққа шыққандарды билік ел ішінде іріткі туғызуға сырттан бұйрық алатын қылмыстық топ мүшелері деп жариялады. Оларды күшпен басқан билік мұны да "террорға қарсы операция" деп атады.

2022 жылы Қырғызстан мен Тәжікстанның бұрын да мазасыз шекарасында қақтығыс болып, қан төгілді. 16-19 қыркүйекте Ворух анклавы маңындағы оқиғада қырғыз-тәжік шекарасында оқ атылып, тараптар бір-бірін ауыр әскери техникамен шабуылдады деп айыптаған. Ресми мәлімет бойынша, Қырғызстан жағынан – 59, Тәжікстан жағынан 41 адам қаза тапқан. Бейресми деректер бойынша, қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Төтенше жағдай жарияланып, шекарадағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланған.

Кейін екі ел атысты тоқтату туралы келіскенімен, тараптар одан кейін де бір-бірін "келісімді бұзды" деп кінәлаған. Бішкек пен Душанбе бір-бірін "әскери агрессия жасады" деп айыптады.

Осы қақтығыстан соң қазан айында Қырғызстан билігі Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайтын бірнеше айға уақытша тоқтатты. Оның себебі ретінде билік аталған сайттың шекарадағы қақтығыс кезінде "тексерілмеген және қоғамды ыдыратуы мүмкін ақпарат жариялағанымен" түсіндірді және Азаттықтың банктегі есепшоттарын да бұғаттады. Қырғызстанда осы оқиғадан кейін басқа да ақпарат құралдарына қысым күшейе түсті.

Қырғызстанда 2022 жылы Кемпірабад су қоймасы маңындағы кейбір жерді Өзбекстанға беріп, су қоймасын бірігіп басқару туралы келісім де дау тудырды. Бішкек қазан айында осыған қарсы шыққан 30 шамалы саясаткер мен белсендіні қамады. Оларға жаппай "тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген айып тақты. Қамаудағылардың кейбірі биліктің әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялады.

ДИНАСТИЯЛЫҚ БИЛІК ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ДА КЕЛДІ

2022 жылы Түркіменстанда Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедовтің орнына ұлы Сердар Бердімұхаммедов президент болып сайланды, сөйтіп Орталық Азия билікті әкеден балаға өткізген аймақ қатарына енді. Бұған дейін бұл дәстүр Кавказда болды: Әзербайжанда билік Гейдар Әлиевтен ұлы Илхам Әлиевке өткен. Ал Илхам Алиев кейін бірінші вице-президент етіп әйелі Мехрибан Әлиеваны тағайындаған.

2022 жылы ақпан айында Түркіменстанның авторитар басшысы Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедов "жастарға орын босататынын" айтқан соң жедел түрде кезектен тыс президент сайлау ұйымдастырылып, оның ұлы Сердар жоғары билікке отырды. Әдеттегідей бұл науқанда да еркін сайлау ережесі аяқасты болды.

Түркіменстанның бұрынғы және қазіргі президенттері әкелі-балалы Ғұрбанғұлы (сол жақта) және Сердар Бердімұхамедовтердің суретінен коллаж.
Түркіменстанның бұрынғы және қазіргі президенттері әкелі-балалы Ғұрбанғұлы (сол жақта) және Сердар Бердімұхамедовтердің суретінен коллаж.

Кейінгі жылдары Сердардың әкесі оны президенттіке әзірлеп жатқаны жиі айтылатын. 40 жаста билікке келген Сердар Бердімұхаммедов – Орталық Азиядағы ең жас президент. Алайда оның билікке келе салып, әйел құқығына қарсы әрекет етуі ешкімді таңғалдырмады.

Орталық Азияда бір кезде билік әкеден балаға өтуі мүмкін ел ретінде Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан жиі аталатын. Өзбекстанда Ислам Каримовтың қызы – Гүлнара Каримова, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева әкелерінің ізбасары болуы мүмкін екені айтылатын. Каримова әкесінің көзі тірісінде-ақ оның қаһарына ұшырап, мал-мүлкі мен саяси ықпалынан айырылса, Назарбаева Қаңтар оқиғасы болғалы парламенттің төменгі палатасы – мәжілістегі орнына оралмай, ақыры депутат мандатынан бас тартып, көзден таса болды.

Ал Тәжікстанда билікті әкеден балаға өткізу заң тұрғысынан "кепілдендіріліп" қойған. Қазір президент Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали – билік иерархиясы бойынша мемлекеттегі екінші адам, ол парламенттің жоғарғы палатасын басқарып отыр. Дегенмен әкесі президенттіктен кеткенін жариялаған 2019 жылы Дариға Назарбаева да сенат төрайымы қызметіне барып, биліктің ұшар басында бір жылдай отырғанын ескерген жөн.

ҚАЙШЫЛЫҚТЫ САММИТТЕР

Биыл Орталық Азияда халықаралық, аймақтық ұйымдардың саммиттері жиі өткен жыл болды. Астанада ТМД елдері басшыларының басқосуы және Ресей – Орталық Азия форматындағы саммит ұйымдастырылды. Самарқанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының, кейін Түркі елдері ұйымы басшыларының жиыны өтті. Шолпан-Атада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі өтсе, Бішкекте Еуразия экономика одағы жоғары экономикалық кеңесі саммиті ұйымдастырылды. Ал Ашғабатта Каспий жағалауы елдері басшыларының алтыншы басқосуы болды.

Шолпан-Атадағы Орталық Азия басшыларының консультативтік кездесуінде достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа Тәжікстан мен Түркіменстан қол қоймады.

Солдан оңға қарай: Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Шолпан-Ата, Қырғызстан, 20 шілде 2022 жыл
Солдан оңға қарай: Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Шолпан-Ата, Қырғызстан, 20 шілде 2022 жыл

Осы жиындарда ұйымдарға мүше елдер арасындағы келіспеушілік те көбейе түсті. Биыл ақпан айында Украинаға басып кірген Ресейдің халықаралық санкцияларға ұшырауы Мәскеумен тығыз қатынастағы Орталық Азия елдерін екіұдай күйге түсірді. Орталық Азия биыл Ресей басшысы Владимир Путин ең көп сапарлаған аймақ болды. Ресей Украинадағы соғысқа қатысу үшін мобилизация жариялаған кезде Ресейдің қарапайым азаматтары да лек-легімен Түркіменстаннан басқа аймақ елдеріне ағылды. Ресей – Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетте әскери база ұстап отырған ел.

2022 жылы Ресейге қарсы қабылданған халықаралық санкциялар Орталық Азия елдерін қуат көздерін тасымалдауда балама жолдар іздестіруге де итермелей бастады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG