Accessibility links

Украин күштерінің дәлдігі мен оқты орманнан іздеген орыс әскері. Соғыстан оралған сарбаздың көргені


Украинадағы соғысқа аттанған Башқұртстан азаматтары.
Украинадағы соғысқа аттанған Башқұртстан азаматтары.

Украинадағы соғысқа Башқұртстаннан аттанған ондаған адам келісімшартын үзіп, әскери қызметті жалғастырудан бас тартқан. Өткен айда үйіне оралған сарбаздардың бірі Азаттық радиосына соғыста не көргенін баяндап берді.

Башқұртстаннан шыққан 37 жастағы Анатолий маусым айында өз еркімен әскери келісімшартқа отырып, үш айдан кейін Украинаға жіберілген. Ол қызмет еткен "Шаймұратов батальоны" соғыс алаңына шығып үлгерген. Анатолий шайқас кезінде қандай қиындық көргенін әңгімелеп берді.

– Алдыңғы шепте екі жарым апта болдық, – дейді ол Азаттыққа. – Осы уақыттың бәрінде батальонымыз қажет жабдыққа қарық болған емес. Оқ-дәрі болған жоқ. Оқты орманнан іздеуге тура келді. Жаңа техника мен қару беретінін айтты, бірақ үшінші (соңғы) рет жөндеуден өткен автомат қана таратты. Біреуінің ауызы қисық, басқасы екінші рет атқанда қарысып қалды. Ауыр қару-жарақ мүлде болған емес.

Анатолий мен "Шаймұратов батальонына" кіретін ондаған сарбаз соғысқа барғанына бірнеше апта болғанда келісімшартты үзгісі келетінін айтып, үйіне жіберуді сұраған.

Анатолийдің бұл әңгімесі Ресей әскеріндегі ахуал туралы хабарларды растағандай болды. Украинадағы соғыста орыс әскерінің сәтсіздікке ұшырағаны, сарбаздардың әскери рухы әлсірегені жиі сөз болатын.

Ресейдің Украинадағы соғыста қанша сарбазынан айырылғаны белгісіз. Батыс барлау деректерінде қаза тапқан және жарақат алған ресейліктердің саны 80 мыңға дейін баратыны айтылады.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Ресей ерікті сарбаздарға сыйақы тағайындау, түрмеде отырғандарды соғысқа тарту, соғысқа қатысуға келіскен шетелдіктердің азаматтық алуына жеңілдіктер жасау секілді шешімдер қабылдады. 21 қыркүйекте президент Владимир Путин мобилизация жариялап, үш жүз мынан астам адамның соғысқа тартылатынын мәлімдеді.

Ресей тап болған әскер жетіспеушілігі мәселесін келісімшартқа отырған ерікті сарбаздардың соғысудан бас тартуы да ушықтырып отыр.

Мобилизация туралы бұйрық берген кезде Путин сарбаздардың келісімшартын автоматты түрде созуға мүмкіндік беретін ереже жариялады. Бұл сарбаздардың соғысудан бас тартуын қиындатады.

Осы күнге дейін жүздеген адамның келісімшартты үзгені тіркелді. Бірақ олардың нақты саны белгісіз. "Соғысудан бас тарту феномені жүйелі сипат алып отыр" деді Conflict Intelligence Team тәуелсіз ұйымының негізін қалаған Руслан Левиев "Настоящее время" басылымына. Ұйым ашық дереккөздерден әскери қызметкер туралы ақпарат жинаумен айналысады.

"Келісімшарт бойынша Украинадан оралған және қайта жіберілуі керек әскери қызметкерлердің 20-40 пайызы сапқа оралудан бас тартып жатыр" деді ол сәуірде.

Баспасөз құралдарынан, ашық дереккөздерден алынған, Украина шенеуніктері келтірген деректер жағдайдың ушығып жатқанын көрсетеді.

"ТІРІ ҚАЛАМЫН ДЕП ОЙЛАҒАН ЖОҚПЫН"

Жаз айларында Ресей әскердегі тапшылықтың орнын толтыру үшін түрлі аймақта еріктілерден тұратын әскери құрылымдар құрған. Башқұртстанның "Шаймұратов батальоны" – солардың бірі. Мамырдың аяғында құрылған батальонға 800 адам тарту жоспарланған еді.

Билік келісімшарт жасаған сарбаздарға 200 мың рубль ($3,300) бір реттік төлем, соғыстағы әр күн үшін 2 мың рубль ($33) төлейтінін мәлімдеген. Бұл – Башқұртстандағы орташа жалақыдан анағұрлым көп.

Анатолий соғысқа "пайдам тиер" деп барғанын айтады. Башқұртстанға келген соң Азаттық радиосымен телефон және әлеуметтік желі арқылы тілдескен ол аты-жөнін атамауды сұрады.

– Ақша да маңызды рөл атқарды. Қарыздарымнан құтылып, отбасым үшін табыс табамын деп ойладым, – дейді ол.

Бірнеше апта бойы Украина шабуылына ұшыраған Анатолий 17 қыркүйекте 42 адаммен бірге өтініш жазғанын айтады.

– Олардың артиллериясы дөп тигізетін. Бір ұзындығы мен ені 1 метр болатын окопқа дәл тиетін. Қатарынан он окоп тұрса, соның бәріне дөп түсетін, – дейді Анатолий. Ол Украина әскерімен тікелей шайқаспағанын айтады.

Украина артиллериясы Донецк облысында жау әскерін атқылап жатыр.
Украина артиллериясы Донецк облысында жау әскерін атқылап жатыр.

– Ал біздікілер не істеді?. [Қарымта шабуыл] сұрасақ, жауап бермейді, – дейді ол.

Сарбаздар әскери қызметті жалғастырғысы келмейтінін жазбаша жеткізген соң, оларға батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары келген. Содан кейін оларды екі жүк көлігіне отырғызып, көрші қалаға апарған.

– Олар балалар лагерін іздеді. Бірақ қараңғыда таба алмады, – дейді ол. – Орманда түнеуге тура келді. Ертеңінде лагерьді таптық. Сонда екі күн ұстады.

20 қыркүйекте оларды Херсон облысына апарып, қорада ұстаған.

21 қыркүйекте Путин мобилизация туралы жарлыққа қол қойған соң, оларды бірнеше топпен әкететінін айтқан. "Шекарадан бірден 40 адамды өткізбейді" деген.

Бірінші топты алып, діттеген жерге бірнеше шақырым қалғанда, жүк көлігі қораға қайтып келген. Анатолий олардың жазбаша өтінішіне қатысты мәселе туындады дейді.

Жаңа ереже бойынша, соғысудан бас тартқандарға қатаң жаза қарастырылған. 23 қыркүйекте келген офицерлер келіп, сол күнмен қайтадан өтініш жазуға мәжбүрлемек болды дейді Анатолий.

Офицерлер оларды балағаттап, ұрысқан соң сарбаздарды жүк көлігіне отырғызып, жергілікті әскери қолбасшылық орналасқан басқа жерге апарған.

Сарбаздарды аумағы 25 шаршы метр болатын гаражға қамап қойған. Ара-тұра сол жерге мас немесе комендант сағатын бұзған әскери қызметкерлерді әкеліп отырған. Анатолий екі жарым күн бойы жалғыз адамдық камерада жеңіл киіммен отырғанын айтады.

Әскери қызметкерлер видео үндеу түсіріп, оны Башқұртстан басшысы мен оның мобилизация жөніндегі көмекшісі Алик Камалетдиновқа жіберген. Кейін әлеуметтік желіде екінші видеоны жариялаған.

Камалетдинов Азаттық сауалына жауап беруден бас тартты.

500 КЕЛІ БАЛ

Офицерлер сарбаздарды жазалаған: олардың дәретханаға баруын шектеп, су мен тамақ бермейтінін айтқан.

1 қазан күні өзін Камалетдинов штабының өкілі деп таныстырған бір адам "гуманитарлық көмек" ретінде бес жүз келі бал әкелгенін айтқан. Сарбаздар бұған күлген де қойған.

Бір күннен кейін Камалетдинов Башқұртстан астанасы Уфадан өзі келген. Ол кезде 30 сарбаз соғысқа оралуға келісіп, гаражда 13 адам қалған.

– Ол бізді [Украинадағы] әртүрлі бөлімге жіберуді ұсынды, бірақ бәріміз бас тарттық, – деді Анатолий.

Ол екі аптадан соң қайтып келген.

– Бізді итке теңеп, елге қайтқанда сатқын атанатынымызды, керексіз болып қалатынымызды, туыстарымыздың да күн көре алмай қалатынын айтты, – деді Анатолий Азаттыққа. – Сосын кетіп қалды. Одан кейін оны көрген жоқпыз.

Америкалық HIMARS дүркіндетіп ату жүйесі. Сарапшылар осы техниканың Украинаға үлкен демеу болғанын айтады.
Америкалық HIMARS дүркіндетіп ату жүйесі. Сарапшылар осы техниканың Украинаға үлкен демеу болғанын айтады.

"УКРАИНАДА ТЕГІН ЖҮРГЕН БОЛЫП ТҰРМЫН"

9 қазанға дейін гаражда, одан кейін тоғыз күн зауытта ұстады дейді Анатолий.

Ал 18 қазан күні офицер құжаттарын беріп, кете беруге болатынын айтқан.

Сарбаздар бірі автобуспен, бірі автостоппен қырымға жеткен. Бес адам Уфаға 22 қазанда жеттік дейді Анатолий.

Ол соғыста қалған сарбаздарға не болғанын білмейтінін айтады.

Анатолийдің келісімшарт мерзімі 28 қазанда аяқталған. Бірақ ол әскери комиссариатқа баруға қорқатынын, сол жерден оны түрмеге немесе Украинаға қайта жібере ме деп алаңдайтынын айтады.

Ол бір реттік 200 мың рубльді де, күн сайын есептелуі керек төлемді де алмаған. Оған қыркүйек айына 34 мың рубль төлеген.

– Украинада осы күндердің бәрінде тегін жүрген болып тұрмын ғой, – дейді ол.

Азаттық радиосы Idel.Реалии қызметінің мақаласына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG