Accessibility links

"Қаңтар оқиғасынан кейінгі ашу-ызаны басуға тырысқан" Тоқаев және "Мәскеуден алшақтаудан төнетін қауіп"


Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында "Халық террорист емес" деген жазуы бар баннер ұстап тұрған жұрт. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында "Халық террорист емес" деген жазуы бар баннер ұстап тұрған жұрт. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Тоқаев Қаңтарға қатысқандарға рақымшылық жариялау арқылы оқиғадан кейінгі ашу-ызаны басуға тырысып жатыр ма дегенді талдады. Сонымен қатар қайта сайлану Тоқаевты Назарбаевтан біржолата алшақтатып, өз бетінше әрекет ететін саясаткер ретінде көрсетудің амалы екенін жазды. Бұдан бөлек Астана Мәскеуден алшақтай берсе, оның арты Ресейдің елге басып кіруіне әкеп соқтыруы мүмкін бе дегенге үңілді.

ТОҚАЕВТЫҢ САЙЛАУАЛДЫ КАМПАНИЯСЫ ЖӘНЕ "НАЗАРБАЕВТАН БІРЖОЛАТА АЛШАҚТАУ АМАЛЫ"

Eurasianet басылымы президент Тоқаевқа көпшілік дауыспен сайлауда жеңіске жету оны экс-президент Назарбаевтан біржолата алшақтатып, өз бетінше әрекет ететін дербес саясаткер ретінде бекіте түсетін соңғы қадам екенін жазады.

Автордың жазуынша, Тоқаев – легитимділігін күшейтуді қажет ететін президент. Тоқаевты қайта сайлануға итермелеген қалың бұқара қозғалысы дегенді көрсетудің жолы – «Халық коалициясын» құру.

Бірақ көпшілік коалиция өздігінен ұйымдасып құрылған дегенге күмән келтіреді.

Автор бұған дәлел ретінде қазан айында биліктің «Аманат» партиясының «Жастар Рухы» қанатының Алматыдағы кеңсесінде топтасып тұрған студенттердің видеосы таралғанын еске салады. Видеодағы жас жігіттің бірі өзіне және басқаларға 70 мың теңгеге бір айға жұмыс беріледі делінгенін, бірақ бүге-шігесін ешкім ашып түсіндірмегенін жеткізді. «Кейін «Жастар Рухы» кеңсесіне барған адамдардан Тоқаевтың үгіт-насихатын жүргізуші деген жазбаша құжатқа қол қою талап етілген». Бірақ «Жастар Рухы» мұны жоққа шығарып, ешкімді алдамағанын алға тартты.

Ақпарат құралдары саласындағы мән-жайдан хабардар адамдар басылымға мемлекеттік және мемлекет қаржыландыратын БАҚ-та Тоқаевты қолдайтын материалдар көптеп шығып жатқанын хабарлады.

Аты-жөнін атамауды сұраған бір мемлекеттік басылымның редакторы Eurasianet'ке Тоқаевты қолдайтын материалды жариялаудан бас тартуға құқығы жоқ екенін айтқан. Бұған себеп – үкіметтің ақпарат құралдарына «мемлекеттік тапсырыс» беруі. Қазақстандағы көптеген БАҚ дау тудырған «мемлекеттік тапсырыс» бастамасының аясында үкіметтен тікелей қаржы алады.

Саясаттанушылардың айтуынша, Тоқаевтың кампаниясындағы астротурфинг, қоғамдық қолдауды қолдан жасап көрсету талпынысының астарында оны 2019 жылы президент қызметіне қойып кеткен экс-президент Назарбаевтан алшақтату амалы жатыр. Экс-президент 2019 жылдың наурызында отставкаға кеткенімен, Қаңтар оқиғасына дейін елді сахна сыртынан басқарып тұрды. Қаңтар оқиғасындағы наразылық негізінен Назарбаев тұсындағы жемқорлық пен непотизм мұрасына қарсы бағытталды. Бұл оқиғадан кейін Тоқаев пен оның жақтастары экс-президенттен барынша алшақтауға тырысты. Көпшілік дауыспен қайта сайлану Тоқаевты өз бетінше әрекет ететін жеке-дара саясаткер ретінде көрсету әрекеті.

«Тоқаевтың сайлауалды штабы «Халық коалициясы» арқылы оның артында ауыз толтырып айтатын электорат тұр, ол халықтың қамын ойлайды дегенді жеткізгісі келетін шығар», − дейді Астанадағы PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев. Сарапшы дәл осындай халық қолдауын көрсететін көзбояу әдістерді кезінде Назарбаевтың сайлауалды штабы да қолданғанын еске салады. Тоқаев та қазір тура сол соқпақпен жүріп келеді.

РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖӘНЕ "ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ АШУ-ЫЗАНЫ БАСУҒА ТЫРЫСҚАН" ПРЕЗИДЕНТ

Eurasianet басылымы президент Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау арқылы оқиғадан кейінгі ашу-ызаны басуды тырысып жатқанын жазды.

Тоқаев жаппай тәртіпсіздікке қатысқан азаматтарға рақымшылық жариялау туралы заңға 2 қараша күні қол қойды. Бірақ тағылған айыпты мойындағандар ғана рақымшылыққа ілінеді (Дегенмен бұған дейін талқылау кезінде "мойындау" туралы норма толық алынып тасталғаны хабарланған. Азаттық ақпаратты тексеріп үлгермеді – ред.)

Құжатқа сәйкес, 1600 айыпталушының 1500-іне, оның ішінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айып тағылған 700 адам мен наразыларды таратуға қатысқан күштік құрылым өкілдеріне рақымшылық жарияланады. Ауыр емес қылмыс жасағаны үшін сотталып, түрме жазасына кесілгендер бостандыққа шықпақ. Ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылғандардың түрме жазасы 75 пайызға қысқарады.

Терроризм, мемлекетке опасыздық жасау, экстремизм мен жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген аса ауыр айып тағылғандар рақымшылыққа ілінбейді. Олардың арасында мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағылған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те бар.

«Тоқаев рақымшылық арқылы Қазақстанды 10 ай бұрынғы толқудың күйзелісінен арылтып, ұзаққа созылған сот процестерінің бетін жапқысы келеді», − дейді мақала авторы, Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис.

Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында жұрт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер мен халыққа оқ атқандарды жазалауды талап етті. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында жұрт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер мен халыққа оқ атқандарды жазалауды талап етті. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Бірақ рақымшылық шарттары бәрінің көңілінен бірдей шықпаған. Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясының ғылыми қызметкері Сәбигүл Бекішеваның айтуынша, өзіне тағылған айыпты мойындамағандар «қылмыс жасағанын мойындаса ғана» рақымшылыққа ілінетініне наразы.

Түрме жазасына кесілгендер кінәні мойындамаған жағдайда рақымшылыққа ілінбейді. Ал сот процесін күтіп жүргендер кінәні мойындамаған жағдайда сотқа тартылады.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қаңтар оқиғасында ұсталғандарды азаптады деп айыпталған полицейлер рақымшылыққа ілінбейді. Азаптау бойынша 300 шағым түскенімен, бұл айып бойынша 29 полицей ғана қамауға алынған. Азаптау бойынша кей шағымдар кері қайтарылды. Прокуратураның айтуынша, азаптау бойынша істерді тергеуге полицейлердің «айғақтарды жасырып», бір-бірін жабуы кедергі келтіреді.

Видео: Қаңтардағы азаптаулар істерінің басым бөлігі жабылған (4 қараша 2022 жыл).

Қаңтардағы азаптау істері жайлы не белгілі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:22 0:00

АСТАНА МӘСКЕУДЕН АЛШАҚТАП ЖАТЫР. БҰЛ ЕЛГЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕ МЕ?

АҚШ-тағы тәуелсіз Stratfor тәуелсіз барлау агенттігі Қазақстанның Ресейден біртіндеп алшақтауы елге қандай қауіп төндіруі мүмкін деген сұраққа жауап іздеді.

«Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі оқиғалар тізбегі Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасы нашарлай бастағанын көрсетеді», − дейді агенттік өз зерттеуінде.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң бір апта өтер-өтпестен Алматыда соғысқа қарсы митингіге рұқсат берілді. Астана кейін соғысты насихаттайтын Ресейдің пропаганда символикасына тыйым салды. Артынша 9 мамыр Жеңіс күніне жоспарланған шеруді өткізуге тыйым салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусымда Санкт-Петербургте өткен экономика форумында Путиннің көзінде Украина шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын мәлімдеді. Оны былай қойғанда, бертінде Тоқаев Ресейдегі мобилизациядан қашқандарды Қазақстан кері қайтармайтынын, оларға қамқорлық жасайтынын мәлімдеді. Астананың соғыс басталғалы Қытай және Түркия тәрізді аймақтағы державалармен қарым-қатынасты нығайта түсуі Ресей ықпалының біртіндеп азайып жатқанын көрсетеді.

Алматыда Украинаны қолдау жиыны. 6 наурыз 2022 жыл.
Алматыда Украинаны қолдау жиыны. 6 наурыз 2022 жыл.

Кремль қалай болғанда да Қазақстанға ықпалынан айырылмауға тырысады, себебі «Қазақстаннан “айырылу” бүкіл Орталық Азиядан айырылуды білдіреді, оның салдары Мәскеу үшін ауыр болмақ». Сол себепті зерттеу авторлары Мәскеудің Астанамен болашақтағы қарым-қатынасының түпкі мақсаты Қазақстанды терең интеграцияға, тіпті Беларусь пен Ресейдің одақтас мемлекетіне тартуды көздеуі мүмкін деп есептейді. Алайда жақын болашақта бұл іске аспайды.

«Нәтижесінде Қазақстанның Ресейден біртіндеп алшақтауы Мәскеуді Астананы көндіру үшін қоқан-лоқы көрсетіп, мәжбүрлеу шараларын, тіпті, бәлкім, әскери күш қолдануға итермелеуі мүмкін».

Авторлардың жазуынша, Мәскеу көп жылдан кейін Астана тым алшақтап кетті деп түйіп, Ресей Украинадағыдай емес, бұл жолы алдын ала қимылдап, елге қарсы әскери іс-қимылға бару керек немесе Астананы үлкен шығынға батырып жазалуы керек деген қорытындыға келуі мүмкін. Бұл ретте агенттік Ресей Қазақстанға басып кіруді ақтау үшін дәл Украинадағыдай басқа елдермен қарым-қатынасты және ішкі саяси реформаларды сылтау етуі мүмкін деп есептейді.

«Дегенмен Ресейдің Қазақстанға басып кіріп, үкіметті төңкеру немесе орыстілді аймақтарды аннексиялап алу қаупінің төнуі әзірге екіталай. Бірақ егер Астана Мәскеумен саяси және экономикалық қарым-қатынасты қысқарта берсе және Украинадағы соғыс Ресейге қолайлы шарттармен аяқталса, бұл сценарийдің ықтималдығы арта түседі. Ресей Қазақстан үкіметі мен әскер қарсылық көрсете қоймас деп болжап, ертерек қимылдауы мүмкін, өйткені ұзақ мерзімде бәрі басқаша болуы ықтимал».

Барлау агенттігі Қазақстан үкіметі мен шенеуніктердің кей шешімдері олардың Ресей тарапынан төнетін қауіпті жоққа шығармайтынын әйгілейді дейді. Қыркүйек айында Тоқаев қол қойған жарғыға сәйкес, елдің әскери-өнеркәсіп кешеніне қосымша 441 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG