Accessibility links

"Министрлік жолдауды насихаттауға міндеттеді". Ұлттық университеттегі қызметкерлердің наразылығы


Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Алаш" ғылыми-зерттеу университетінің директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы мен жетекші ғылыми қызметкері Халил Маслов салалық министрлік пен университеттің жолдауды насихаттауға міндеттеп отырғанын айтады. Нұр-Сұлтан, 8 қыркүйек 2022 жыл
Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Алаш" ғылыми-зерттеу университетінің директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы мен жетекші ғылыми қызметкері Халил Маслов салалық министрлік пен университеттің жолдауды насихаттауға міндеттеп отырғанын айтады. Нұр-Сұлтан, 8 қыркүйек 2022 жыл

Бейсенбі, 8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтандағы Журналистер үйінде Еуразия ұлттық университетінің екі қызметкері баспасөз мәслихатын өткізіп, салалық министрлік пен оқу орны президент жолдауын насихаттауға міндеттеп отырғанын айтты. Министрлік те, университет басшылығы да тағылған айыпты жоққа шығарды, бірақ эвфемизм тілімен жолдауды талқылауға университет қызметкерлерінің тартылатынын мойындағандай болды.

Баспасөз мәслихатын Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы мен осы институттың жетекші ғылыми қызметкері Халил Маслов жүргізді.

Институт директорының сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауынан кейін келесі күні университетке Ғылым және жоғары білім министрлігінен жолдау жөніндегі медиа-жоспарды толтыру тапсырмасы түскен. "Аса шұғыл" деген айдары бар тапсырма қағазында екі кестенің үлгісі келтірілген. Біріншісінде университет жолдауға байланысты шараларының атын, осы шарадан хабар тарататын БАҚ тізімін, орындау мерзімін және жауапты адамдарды көрсетуі тиіс. Екіншісінде жолдауды түсіндіретін спикерлердің аты-жөні, қызметі, байланыс ақпараты, сөйлеу тілі және жауапты адам жазылуы қажет. Нұсқаулықта жоспарды 2 қыркүйектің кешіне дейін жіберу керегі нақтыланған.

Баспасөз брифингінде сөз сөйлеген қызметкерлер университет басшылығынан осы тізімге қосылу туралы тапсырма алғанын айтады. Сұлтан Хан Аққұлұлының айтуынша, "жолдауды түсіндіру" деген сөздің астарында жолдауды мақтап, насихаттау қажет деген мағына жатыр.

– Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеп жүргеніме биыл тура тоғыз жыл болды. Мұны алғаш рет көріп отырмын. Қатты көңілім қалды, – дейді зерттеуші. – Мұндай нұсқаулық бюджеттік, мемлекеттік мекемелердің барлығына берілгеніне күмәнім жоқ. Бұл отыз жыл бойы қолданылып келген әкімшілік ресурс пирамидасын іске қосқанын білдіреді.

Қыркүйектің алғашқы күнінде айтылған жолдауында Тоқаев күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеген еді. Осы арқылы Тоқаев өзінің сайлауалды науқанын бастап кетті дейді институт директоры.

Жолдау иесі сондай-ақ бұдан әрі президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу керегін, бұл ұсынысты сайлаудан кейін парламентке жолдайтынын айтқан.

– Президент кезектен тыс президент сайлауын жариялай отырып, сол президент сайлауында ешбір күмәнсіз жеңіп шығатынына сенім білдіріп отыр. Билік басындағы президенттің алдағы сайлауда ешбір даусыз жеңіске жететініне бір ғана кепілдік бар. Ол – әкімшілік ресурс, – дейді Аққұлұлы.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ СӨЗІ МЕН ІСІ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ"

"Алаш" институтының ғылыми қызметкері Халил Маслов жоспардың 2022-2023 жылдарға арналғанын, яғни жолдауды түсіндіру жұмыстары бір жылға жоспарланғанын айтады.

– Әкімшілік ресурстарды оқу-ағарту, бюджеттік салаларда көп қолданып жатыр. Өйткені жоғары оқу орындарында студенттер көп. Кәмелетке толған студенттердің барлығын арнайы нұсқау бойынша дауыс беруге міндеттейді. Дауыс бермеген жағдайда зардабын тартады. Оқудан немесе жұмыс орнынан шығуы мүмкін, – дейді.

Баспасөз жиынында сөз сөйлеген спикерлердің екеуі де президент Тоқаевтың реформаларына көңілі толмайтынын, айтылған сөз бен іс жүзіндегі әрекеттердің сәйкес келмейтініні мәлімдеді.

– 2019 жылы билік басына келген президент халықтың көңілінен шығатын небір керемет реформаларды жариялады, супер президенттік мемлекеттен біртіндеп парламенттік жүйеге өтеміз деді. Бірақ шешімдеріне қарасақ, парламенттік жүйеге өтіп жатқанымыз байқалмайды. Әділет министрлігі партия тіркеуге сегіз өтініш түскенін айтты, бірақ осы күнге дейін бірде-бірі тіркелмеді. Адам құқығына келсек, кеше ғана (6 қыркүйек – Ред.) Қаңтар оқиғасында қаза болған жігіттердің ата-аналары бас прокуратураға өтініш айтуға келгенде мен сырттан видеоға түсіріп тұр едім. Полиция жасағы келіп, ешқандай ескертусіз, таныстырусыз автозакка күштеп салып, таңғы 10-нан кешкі 5-ке де заңсыз ұстады. Адам құқығын қорғау деген осы ма?, – дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Нұр-Сұлтанда полиция Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Еуразия ұлттық университетіндегі өзге оқытушылар бұл медиа-жоспарға қалай қарайды дегенде спикерлер қарсы шыққандардың аз болғанын, ішкі мәселені сыртқа шығару арқылы "ақ қарға" болып отырғанын айтты.

МИНИСТРЛІК ПЕН УНИВЕРСИТЕТ НЕ ДЕЙДІ?

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар таратқан нұсқаулықта медиа-жоспарды түзуге жауапты адамның аты көрсетілген. Онда "Ғылым және жоғары білім министрлігінен координатор Сәдуақасова Махаббат Абайқызы" деп жазылған, жанында телефон нөмірі тұр.

Азаттық осы нөмірге қоңырау шалып көрді, тұтқаны расымен де Махаббат Сәдуақасованың өзі көтерді.

Азаттық: Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілері жолдауды насихаттау жөніндегі медиа-жоспарды толтыру туралы тапсырма түскенін айтып, сол тапсырманың қағаз нұсқасы ретінде бір құжатты көрсетті. Онда координатор ретінде сізді көрсетіпті. Мұндай жоспарды университеттерге расымен жолдадыңыз ба?

Махаббат Сәдуақасова: Мен Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істемеймін ғой.

Азаттық: Бірақ сіз ғылым және жоғары білім министрлігінде жұмыс істейсіз ғой, рас па?

Махаббат Сәдуақасова: Сұрақты түсінбей тұрмын. Кері хабарлассам бола ма?

Азаттық: Сіз сол министрлікте жұмыс істейсіз бе, жоқ па?

Махаббат Сәдуақасова: Менің нөмірімді қайдан алдыңыз?

Азаттық: Сол баспасөз мәслихатында таратылған нұсқаулықтан. Сіз министрлікте жұмыс істейсіз бе, жоқ па?

Осыдан кейін Сәдуақасова "кері хабарласамын" деп қоңырауды үзді. Бір сағаттан кейін қайта хабарласқанымызда министрлікте жұмыс істемейтінін, "Думан Рымғалиұлына" хабарласуымызды сұрап, телефон нөмірін берді. Шамасы ол сілтеген адам Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Рымғалиұлы Орынбеков болуы керек. Ұсынылған телефонға қоңырау шалдық, ешкім көтермеді.

Атышулы нұсқаулықта кестені толтыру үлгісі көрсетілген. Онда Махаббат Сәдуақасованың аталған министрлікке қарасты "Ғылым қоры" акционерлік қоғамында жұмыс істейтіні жазылған. Азаттық осы қорға хабарласып көрді, ондағылар Сәдуақасованың расымен сол мекемеде сарапшы болып жұмыс істейтінін айтты.

Азаттық сондай-ақ аты аталған министрлік пен университетке сауал жолдады. Мәтін күйінде келген жауапта екі мекеме де мұндай нұсқаулықтың жолданғанын жоққа шығарды, бірақ жалпылама сөзбен университет қызметкерлерінің жолдауды талқылау жұмыстарына араласатынын растағандай болды.

"Ғылым және жоғары білім министрлігі ведомствоға қарасты жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарынан және басқа да ұйымдардан ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға қатысты ұсыныстарды әрдайым жинақтап отырады. Мемлекеттік бағдарламалардың, Президент пен Үкімет басшысының тапсырмаларының орындалу барысын назарда ұстайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген маңызды мәселелер бойынша барлық ведомстволармен бірлесе жұмыс атқарылады. Осы жолғы Жолдау ғылыми қауымдастық тарапынан қызу талқылануда. Айта кету керек, ашық қоғамда пікір әралуандығы орынды" деді министрлік өз жауабында қалған сұрақты университеттің өзіне қоюды өтініп.

Еуразия ұлттық университеті "министрліктен бұл бағытта нұсқаулықтар түскен жоқ, университет өз қызметкерлерінің конституциялық құқықтарын қатаң сақтайды және олардың нанымына ешбір араласпайды" дейді.

– Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары қоғам үшін өзекті мәселелер бойынша ғалымдардың сарапшылық пікірлеріне жиі жүгінетіні белгілі. Бұл ретте ЖОО-на қатысты жеке тұлғалардың қандай да бір оқиғаға қатысты білдірген ойлары олардың жеке пікірі болып табылатынына назар аударамыз, – деп жазылған университет жауабында.

Қазақстанда биліктің үгіт-насихатын жүргізуде, сайлауда әкімшілік ресурс ретінде бюджеттік мекемелердің, соның ішінде мектептер мен колледждердің, университеттер мен институттардың қызметкерлері эксплуатацияланатыны кейінгі 30 жыл бойы айтылып келеді. Бірақ мұны жария түрде айтатыны аз. Сирек жағдайда мұғалімдер наразылық білдіріп, құпия тапсырмаларды әшкере етіп жатады, бірақ осыдан кейін басшылықтан қысым көреді.

Сарапшылар сайлау учаскелерінің оқу орындарында орналасып, сайлау комиссиясы қатарына оқытушылардың тартылуы әкімшілік ресурстың қалай қолданылатынын көрсетеді дейді.

Халил Маслов айтқандай, биліктің студенттерді электорат ретінде пайдалануына да шағынатындар көп. Қазақстанда 19 миллион халықтың 11 миллионнан астамында дауыс беру құқығы болса, оқу-тәрбие орындарындағы тәрбиеші-педагогтардың саны жарты миллионнан, жоғарғы оқу орындарында білім алушылар саны 600 мыңнан асады.

Жергілікті және шетелдік тәуелсіз байқаушылар Қазақстандағы бірде-бір сайлауды әділ өтті деп санамайды. Халықаралық ұйымдар дауыс берудегі бұрмалаушылықтан бөлек саяси бәсекенің әлсіздігіне, тәуелсіз кандидаттардың түрлі кедергілердің салдарынан сайлауға өте алмайтынына назар аударады. Кейінгі жылдары билік бақылаушы болудың өзін қиындатып жіберді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG