Accessibility links

"Ерлер діннің атын жамылып, көп әйел алуға тырысады". Біреудің тоқалы болып, опық жеген арулардың әңгімесі


Азаттықтың Қырғыз қызметі біреудің тоқалы болуға келісіп, кейін опық жеген арулардың әңгімесін жазып алды.

"Жұрт көзінен жасырынып жүрмін. Екінші әйел болудың керегі жоқ. Ер адам өзін екінші отбасының алдында жауапты сезінбейді", – дейді тоқал болудың тауқыметін көрген Жарқынай.

Орталық Азия елдерінде заң жүзінде көп әйел алуға тыйым салынған. Ресми түрде "екінші әйел" деген түсінік жоқ. Билік мешітте қиылған некені мойындамайды. Қырғызстан қылмыстық кодексінің 153-бабында “Екі немесе көп әйел алғандар, яғни, бірнеше әйелмен шаңырақ көтеріп, бірге тұрған азаматтар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады” деп жазылған. Бірақ бұл заң жұмыс істемейді, ал елде ерлер полигамиясы өршіп тұр.

НҰРИЛА: "БӘРІНЕ ӘЙЕЛ КІНӘЛІ БОЛЫП ШЫҒАДЫ"

Нұрила бірінші күйеуінен төрт бала туған. Күйеуі Ресейге жұмысқа кетіп, сол жақта басқа әйелмен отасқан. 38 жастағы Нұрила Ош қаласында тұрады. Ол Азаттық тілшісіне екінші рет отбасылы азаматқа тұрмысқа шығуға қалай келіскенін әңгімелеп берді.

"[Заңды әйелі] "Бала көтере алмадым, сондықтан күйеуіме екінші әйел іздеп жүрмін" деді. "Басты мақсатымыз – ұрпақ жалғастыру, бала тусаң, бар жағдайыңды жасаймыз” деп уәде берді. Күйеуімен таныстырды, неке қидырдық. Ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз, – дейді Нұрила Тороканова.

Нұриланың бірінші күйеуінен туған төрт баласы бар. Күйеуі Ресейге жұмысқа кетіп, сол жақта басқа әйелге үйленген. Бірінші некесінен опық жеген келіншек екінші күйеуінен де жақсылық көрмегенін айтады.

"Ол өз мойнына алған міндеттердің бір де бірін орындамады. Жарты жылда бір келіп, 200-300 сом ($2,5-4) беріп кететін. Жекеменшік емханаларда істеп, 15 мың сом ($188) жалақы алатынмын. Балаларымды сол ақшаға асырадым. Кейін балалы болдым. Күйеуім перзентханадан шығарып алып, "сөйлесейік" деп алып кетті. Үйге барғанымызда, күйеуімнің анасы "Балаңды маған бересің" деп кесіп айтты, – дейді Нұрила.

Нұрила екінші күйеуімен екі жыл бірге тұрған. Осы уақыт ішінде бір ұл, бір қыз дүниеге әкелген. Былтыр ұлын әкесі алып кеткен. Нұрила ұлы мен қызы бір-бірінен жырақта өсіп жатқанына қынжылады.

"Ұлым мен қызым туған бауырлар ғой. Бірге туған балаларды бөлмей, бірге өсіру керек екен. Қызымды әлі көкіректен шығармадым. Сот балаларды маған қалдыруы керек еді. Ер адам екінші рет үйленсе де, бәрібір әйел кінәлі болып шығады. Еш жерде құқығым қорғалмады", – дейді Нұрила.

ЖАРҚЫНАЙ: "ТОҚАЛ БОЛУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ"

Отбасылы азаматпен некеге тұрған әйелдер жасырынып өмір сүруге мәжбүр болады. Жарқынай төрт жасар қызымен бірге Шу облысындағы ауылдардың бірінде тұрады. Күйеуінің туыстары олардың үйленіп, балалы болғанынан бейхабар.

"Некемізді қиған кезде ағасы мен досы ғана келді. Ол да сыныптасы не жақын араласатын досы емес. Маған үйленетінін достарына айтпаған. Ата-анасы мен достарына айтып үйленетін шығар деп ойлап едім. Күйеуім жүрісім ауырлап, ішімдегі бала бес ай болғанда бір-ақ келді. Көшеде таныстарымды көрсем, не дерімді білмей қалатынмын. “Тұрмысқа шыққансың ба?” деген сұрақ ауыр тиетін. Жұрттың сөзі мен сұрағынан қашып, үйден шықпайтын болдым. Өзімнің кім екенімді білмеймін. Екінші рет үйленетін адамдар бар. Бірақ олар әдет-ғұрыпты сақтап, ата-анасымен таныстырып, ашық түрде үйленеді. Бізде олай болған жоқ”, – дейді ол.

Жарқынай сұхбат барысында үнемі терезеге қарап, алаңдаумен болды. Өйткені күйеуі ескертусіз, кез келген уақытта келуге дағдыланған.

"Кейде аптасына бір рет, кейде 10-15 күнде бір келеді. Балаға заттар әкеліп, бірге ойнап кетеді. Бірге жүреміз, ата-анасына айтады деп бір жыл күттім. Шақырған жерге бірге барайық деп ұсындым. Кейін үндемейтін болдым. "Ажыраспасаң, ары қарай қалай өмір сүреміз?" деймін. Мен жасырып қоятын зат емеспін ғой. Ол "уақыты келгенде айтамын" дейді. Уақыт өтіп жатыр. Мен әлі жасырынып жүрмін. Екінші әйел болудың керегі жоқ. Ер адам екінші отбасының алдында өзін жауапты сезінбейді. Үйге келгенде, бізге не керегін байқап, біліп жүруі керек қой. Ол ештеңені көрмейді", – дейді Жарқынай.

Жарқынайдың бірінші күйеуі жол апатынан қайтыс болған. Жесір қалған жас келіншек отбасылы азаматтың екінші жары болуға келіскен. Қазір ол бұрынғы шешіміне өкінеді.

"Күйеуі екінші әйелін үлде мен бүлдеге орап қойса да, әйел адамның жүрегі ауырады. Жұрттың сөзінен ұялып, жасырынып жүресің. Біреу көз тоқтатып қарай қалса, құпиямды біліп қойған шығар деп ойлаймын. Көп жерде сөзімнің салмағы жоқ. Алаңсыз жүре алмаймын. Екінші әйелдің аты екінші әйел екен", – дейді Жарқынай.

БӘЙБІШЕ МЕН БАЛАЛАР

Күйеуінің басқа әйелге үйленгенін білу бірінші әйелге де оңай емес. 38 жастағы Айгүл күйеуінің екінші отбасы барын білгенде қандай күйде болғанын былай еске алады:

"Күйеуімнің басқа әйелмен тұратынын көршілерден естідім. Өзім де күдіктеніп жүр едім. Таңертең жұмысқа кетеді, түнде кеш келеді. Аяғым ауыр еді, бір күні дүкеннен көріп қалдым. Соңдарынан кіріп, күйеуімнен не істеп жүргенін сұрадым. Ол маған қол көтерді. Жүрегім суып кетті. Бірақ үйден кеткен жоқпын, баламды жалғыз өсіргім келмеді. Болашақ сәбиім үшін шыдауға тырыстым", – дейді ол.

Айгүл үш жыл бойы күйеуім екінші әйелін тастап, отбасына оралар деген үмітпен өмір сүрген. "Таныстарым мен туыстарым біліп қояр ма екен" деп жанын қоярға жер таппаған. Бірақ күйеуі ішіп келіп, өзін және баласын ұруды әдетке айналдырғанда, ажырасуға бел буған.

Айжамалдың бала күнінде әкесі жұмысқа кетіп, сол жақта басқа әйелге үйленген.

"Фотоальбомға сурет жинағанды жақсы көретінбіз. Ашуланғаннан әкемнің суреттерін өртеп жібердім. Бір де бір суреті қалмады. Ата-анаммен бірге түскен жалғыз суретім ғана бар. Бұл туралы 11-12 жасымда білдім. Анам қатты күйзелді. Қатты уайымнан тіпті, ауруханаға түсіп қалды", – дейді ол.

Екі жыл бұрын Айжамал тұрмысқа шыққан. Бірақ тойында ата-анасы болмаған.

"ДІННІҢ АТЫН ЖАМЫЛУҒА ТЫРЫСАДЫ"

Мухаё Абдураупова – Ош қаласына танымал құқық қорғаушылардың бірі. Оған көп әйел алушылықтан зардап шеккен ондаған әйел көмек сұрап келген.

"Бірінші кезекте, әйелдер мен балалар зардап шегеді. Ер адам әуелі біреуімен, кейін екіншісімен көңіл көтеріп жүре береді, бар мүлкі өзінде қалады. Олар көбіне діни некеге тұрып, милицияға барғанда екінші әйел алғанын жоққа шығарады. Мұндай азаматтарды түсіну қиын. Олар діннің атын жамылуға тырысады, бірақ шын мәнінде әйелдеріне мүлде көмектеспейді. Кейде бірінші әйелімен арасы суыса, бар тапқанын екінші әйеліне апарып, тіпті, бәйбішесін үйден қуып шығады", – дейді Мухаё Абдураупова.

Полигамия – бір мезетте бірнеше адаммен некеге тұруды білдіретін қатынас түрі. Полигамияның көп әйел алу (полигиния) және көп күйеуге шығу (полиандрия) деген екі түрі бар.

Көп дінде отбасылы адамның екінші рет некеге тұруына тыйым салынған. Бірақ бірнеше елде полигамия үлгілері жиі кездеседі.

Әйелдер полигамиясы Тибет, Непал, Меланезия мен Нигерияда кең таралған. Ерлердің көп әйел алуы көбіне патриархалды, мұсылман елдеріне тән құбылыс.

Исламда көп әйел алуға рұқсат берілген. Құранда "Жетімдерге әділ бола алмаймын деп қорықсаңдар, өздеріңе ұнаған екі, үш, төрт әйелге үйленіңдер. Оларға бірдей қарай алмасаңдар, біреуіне ғана үйленіңдер" деп жазылған.

Видео: Біреудің тоқалы болып, кейін опық жеген қырғызстандық келіншектер ("Настоящее время" арнасының видеосы, орыс тілінде).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG