Accessibility links

"Күш қолдану Өзбекстан құрамынан шығуға итермелейді". Нөкістегі наразылық Мирзияевке қалай әсер етеді?


Нөкістегі әскери техника. 3 шілде 2022 жыл.
Нөкістегі әскери техника. 3 шілде 2022 жыл.

Қарақалпақстандағы жағдай Өзбекстан билігінің болашағына қалай әсер етеді? Қантөгістің алдын алуға болар ма еді? Бұл оқиғаның салдары қандай болмақ? "Настощее время" телеарнасы жағдаймен таныс саясаттанушы мен құқық қорғаушыдан осы сұрақтар төңірегінде сөйлесті.

Өзбекстанның күштік құрылымдары Қарақалпақстандағы жаппай наразылықты күшпен басты. Қарақалпақстан астанасы Нөкісте 1-2 шілдеде жаппай наразылық тұтанып, мыңдаған адам Қарақалпақстанды "егемен" статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы шыққан еді. Осыдан соң Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нөкіске барып, Қарақалпақстанның статусы өзгермейтінін, бәрі бұрынғыша қалатынын жариялады.

Өзбекстан ұлттық гвардиясы 1-2 шілдедегі наразылықта 18 адам (14 тұрғын, 4 орган қызметкері) қаза болғанын мәлімдеді. 250-ден аса адам жараланып, 500-ден аса адам ұсталды.

"ҚАН ТӨГІЛГЕННІҢ САЛДАРЫ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ"

Лондондағы Central Asia Due Diligence ұйымының директоры, саясаттанушы Әлішер Ильхамов Ташкенттің Қарақалпақстандағы наразылықты күшпен басуын "үлкен қателік" деп санайды.

— Мирзияев "маған неге ертерек айтпадыңдар?" деп Қарақалпақстанда болған жағдайды осы аймақтың жоғарғы кеңесінің депутаттарына жаба салды. Ол сүттен ақ, судан таза шығуға тырысып жатыр ма әлде наразылыққа аймақ басшылығы түрткі болды деп ойлай ма?

Әлішер Ильхамов
Әлішер Ильхамов

— Авторитарлы елдерде жоғарыдан қандай да бір бастама болады да, оны бағыныштылар арқылы айттырады. Яғни, жоғарыда отырғандар бір идея ойлап табады да, оны біреуге айтқызады. Бірақ Қарақалпақстан өкілдері мен оның өзін-өзі басқару органдары Өзбекстан Конституциясына осындай өзгеріс енгізейік деп ұсыныс жасады деп ойламаймын. Бұл оларға не үшін керек? Бұл – халықты тыныштандыру үшін айтылған мәлімдеме.

— Өзбекстан Конституциясында Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгермейтін болды. Енді бұл аймақта не болады? Наразылық көңіл-күй сақтала ма?

— Түсінесіз бе, егер Мирзияев Конституциядағы Қарақалпақстанға қатысты өзгерістер болмайтынын айтып қоя салғанда бұл жағдай екі-үш аптаға созылып, жағдай тұрақталар еді. Бірақ басынан жағдай ушығып кеткен соң, бұл наразылық көңіл-күй бір күнде басылуы қиын. Менің ойымша, Мирзияев Өзбекстанның күштік құрылымдарына бір-екі күнде жағдайды реттеуге бұйрық берген сияқты. Сондықтан күштік құрылымдарда күш қолдануға карт-бланш болды да, олар нәтижеге жету үшін күшке салды. Қан төгілгені Өзбекстан мен Қарақалпақстанның тұрақтылығына Конституцияны өзгерту ұсынысынан да кері әсер етеді, салдары ұзаққа созылады.

— Қарақалпақстан халқы өз тағдырын өзі шешетін күн туа ма? Өзбекстанның автократ ел екенін ескерсек, Ташкент Қарақалпақстанға тәуелсіздік алуға мүмкіндік бере ме?

— Өзбекстан сияқты автократ елде Конституция аса маңызды емес және жағдайға әсер ете алмайды. Конституцияны билік бұза салады. Мемлекетті басқаруда заңға сай келмейтін түсініктер мен принциптерге сүйенеді. Авторитарлы ел режимнің күшімен, күштік құрылымдармен, әкімшілік органдарды бақылаумен басқарылады. Бірақ бұл жерде режимнің қаншалықты бәрін бақылауда ұстауға қауқарлы екеніне байланысты болмақ. Қазір бақылауда ұстау бұрынғыдан қиынға түседі, себебі адам шығыны халықтың сенімсіздігіне триггер болады.

— Қарақалпақстандағы жағдай Мирзияевтың саяси қадамдарына қалай әсер етеді? Ол Конституцияны өзгерту арқылы президенттік мерзімдерін "нөлге айналдыруды" жоспарлайды. Наразылық оның президенттік мерзімдерін "нөлге айналдыруға" кедергі келтіре ме?

— Оның позициясына нұқсан келді, бірақ ол президенттік мерзімін "нөлге айналдырудан" бас тартпайды. Оның бұл жоспары жүзеге асады деп ойлаймын. Мирзияев жағдайды әріқарай уысынан шығармас үшін бақылауды күшейтеді. Яғни, авторитарлы, диктаторлық тенденция күшейе түседі. Қазір Өзбекстанда Каримов тұсындағы басқару жүйесіне оралу қаупі жоғары.

"ҚАЗА ТАПҚАНДАР РЕСМИ ДЕРЕКТЕН КӨП СИЯҚТЫ"

"Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығының президенті, құқық қорғаушы Надежда Атаева Өзбекстан Қарақалпақстан тұрғындарын қолдайтын ұлттық бағдарлама жасағанда мұндай қантөгіс болмас еді деп санайды. Ол Өзбекстан билігінің наразылықтан 18 адам қаза болды деген ресми дерегіне де күдікпен қарайды.

Надежда Атаева.
Надежда Атаева.

— Біздің ұйыммен байланысы бар түрлі дереккөздерден келіп жатқан хабарламаларға қарағанда, қаза болғандар саны ресми деректен көп сияқты. Дәл қазір қанша адам қаза тапқанын нақты айту қиын, себебі аймақта байланыс құралдары бұғатталған, ақпаратты кешігіп алып жатырмыз. Кей ақпарат толық та емес. Адамдар бірнеше минутқа қосылып видео жіберуге тырысады, оларға мәтін түрінде ақпарат жіберу өте қиын. Ал аудио арқылы адамның аты-жөндерін нақты жазу қиын. Себебі адамдар қорқып қалған.

Жақында бізге Қарақалпақстанда төтенше жағдай жарияланған соң наразылыққа қатысқандардың үйіне арнайы қызметтен келіп, адамдарды әкетіп жатқаны жайлы ақпарат түсті. Оларды қайда әкеткені белгісіз. Жақындары не істерін білмейді. Мұндай ақпарат жиі келіп жатыр.

— Қарақалпақстандағы қантөгісті алдын алуға болар ма еді?

— Егер Өзбекстан үкіметі тарапынан Қарақалпақстандағы жұртты қолдайтын әлеуметтік ұлттық бағдарлама болғанда, Өзбекстанның саяси билігі тарапынан Қарақалпақстанға қатысты алалау саясаты тоқтағанда бұл қантөгісті алдын алуға болар еді. Осы күндері Қарақалпақстандық белсенділермен және зардап шеккендермен сөйлестім. Олар бизнестерді тартып алу туралы оқиғаларды айтып берді.

Өзбекстан Қарақалпақстандағы наразылықты қалай күшпен басты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

— Өзбекстанның күштік құрылымдарының Қарақалпақстанда наразылыққа шыққандарға күш қолдануы жайлы не айтасыз?

— Бұл — қатігез және заңға сай келмейтін әрекет. Интернетте тарап кеткен видеолардан көргеніміздей, адамдарды ұстағанда оларды аямай басынан, денесінен ұрып жатыр, асфальтта сүйреп барады. Күштік құрылымдардың бұл әрекеті Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамынан шығуға итермелейді. Яғни, мұндайды билік өзі жасап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG