Accessibility links

"Арнайы операция туралы сұрақты айналып өтті". Тоқаевтың Петербургтегі "ЛДХР" жайлы сөзіне сарапшылар не дейді?


Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей басшысы Путин (сол жақта) Петербургтегі экономикалық форумда отыр. 18 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей басшысы Путин (сол жақта) Петербургтегі экономикалық форумда отыр. 18 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумның отырысында Украинаның "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын тәуелсіз ел деп мойындамайтынын айтты. 17 маусымда өткен бұл жиынға Ресей президенті Владимир Путин де қатысты.

Путин мен Тоқаев қатысқан жиынды Ресейдің RT мемлекеттік телеарнасы мен "Россия сегодня" медиа тобын басқаратын Маргарита Симоньян жүргізді. Симоньян Қазақстанның Украинадағы "арнайы операцияға" қалай қарайтынын сұрағанда, Тоқаев БҰҰ жарғысының екі қағидасы – халықтардың өз тағдырын өзі анықтау құқығы мен мемлекеттік аумақтық тұтастығы – қайшылыққа тап болды деп жауап берді.

"Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деді Тоқаев.

"Қырым сценарийі" қайталануы мүмкін екені жиі айтылатын Қазақстанда Тоқаевтың бұл сөзі түрлі реакция тудырды. Қуанып, қолдау білдіргендер көп болды. Кейбірі бұл сөздің Путиннің көзінше айтылғанын баса айтып, мадақтады. Бірақ "Мәскеумен келісілген болуы мүмкін" деп күмән келтіргендер де болды.

"ЕШҚАНДАЙ ЕРЛІК ЖАСАМАДЫ"

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Тоқаев бар болғаны мемлекеттің ресми ұстанымын ғана білдірді деп санайды.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер

— Ол Қазақстанның ресми ұстанымын ғана мәлімдеді. Басқа не айтты? Оның айтқанын бұған дейін сыртқы істер министрлігі де айтқан. Ал бізде халық не дейді? "Міне жарады, Путиннің қасында отырып қорықпай айтты" деп отыр. Ол не үшін Путиннен қорқуы керек? Ол кім, құбыжық па? Президент дипломатиялық түрде Қазақстанның ұстанымын білдірді, таң қалатындай ештеңе жоқ, — деді Бейсебаев Азаттыққа.

Оның сөзінше, Қазақстан қазір "ЛХР" мен "ДХР-ді" мойындай алмайды.

— Ал "ЛХР" мен "ДХР-ді" қолдай алатын ба едік? Егер Қазақстан оларды мойындаса, онда бірден Батыс санкцияларына ілігеді. Ал Украинаны қалай қолдаймыз? Біздің өз ұлттық мүддеміз бар. Біз санкцияға төтеп бере алмаймыз. Табысымыз тек мұнайдан түсіп отыр. Оны жауып тастаса, не болады? — дейді Бейсебаев.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Тоқаевтың бұл сөзді Кремльмен келіспей айтуы екіталай деген пікірде.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

— [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың жуырдағы Мәскеуге сапарын естен шығармау керек. Шамасы ол жерде Тоқаевтың форумға қатысып, Қазақстанның ұстанымын жеткізуі талқыланған. Оқшауланған Путин үшін саяси маңызы зор мұндай жоғары деңгейдегі шара алдын ала жасалған талқылаусыз, екі тараптың келісімінсіз өтуі екіталай. Путин үшін Қазақстан президентінің форумға қатысуы маңызды болды, ал Тоқаевқа Қаңтар оқиғасының кейінгі беделін дұрыстау қажет болды, — дейді Әлжанов.

Оның айтуынша, Тоқаевтың форумға қатысуын "екі жақ та жақсы ойластырған".

— Тоқаевты өзі шешім қабылдайтын батыл саясаткер, сұрақтарға қорықпай жауап бере отырып, прагматикалық саясатты ұстана алатын дипломат ретінде көрсету керек болды. Президент [Тоқаевтың] әкімшілігі үшін ішкі аудитория үшін наразыларға оқ атуды "жетістік тарихымен" алмастырып, парақты аударып жіберу маңызды. Қажет жағдай туған еді, ұйымдасқан түрде президенттің бейнесін таратып, оны әлеуметтік желі мен медиада жағдай қиындап тұрса да, ұлттық мүддені қорғай алатын адуынды мемлекет қайраткері етіп көрсетуге тырысты, — дейді саясаттанушы Азаттыққа. — Мазмұнына қарар болсақ, Тоқаев жаңа ешнәрсе айтқан жоқ. Ол Қазақстан осыған дейін ресми түрде мәлімдеп жүрген сөзді айтты, соның өзін дүдәмалмен жеткізді. [Қазақстан] Абхазияны да, Оңтүстік Осетияны да, "ЛХР" мен "ДХР-ды" да мойындаған емес. Тоқаев "арнайы операция" туралы тіке сұрақтан (Симоньян баға беруді сұраған еді) жалтарды. Тоқаев халықаралық нормалармен "ойнай" отырып жауабын өзіне қауіп төндірмейтіндей етіп құрастырды. Меніңше, Путинде бұл жерде көп нәрсені күтпеді де. Оған Тоқаевтың қатысқаны ғана маңызды болды.

"ҒАСЫРЛЫҚ БАУЫРЛАР ЕМЕС"

Ресейдің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Аркадий Дубновтың айтуынша, осыған дейін Ресейді қоршаған одақтас мемлекеттер ашық пікір айтуға бара бермейтін.

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов
Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов

— Мен бұл сөзді "ақиқат сәті" деп айтар едім. Бірақ бұл – талғам мәселесі. Мен одан да асырып айтар едім. "Асылған адамның үйінде жіп туралы сөз болмайды" деген мақал бар. Енді қараңыз, кеше "асылған адамның үйінде жіп туралы" сөз қозғаған адамды көрдік, — дейді Дубнов Азаттыққа.

Сарапшының сөзінше, 17 маусым күні Тоқаев Қазақстан президенті ретінде ғана емес, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары ретінде де сөйледі.

— [Тоқаев] БҰҰ бастаған әлемдік қауымдастықтың ұстанымын жеткізді десе де болады. БҰҰ әлемдік тәртіпті өлшемі саналады және Ресей де, Путин де оны әлемдік құрылыстың негізі көреді. [Тоқаев] Қазақстанның Оңтүстік Осетияны, Абхазияны, Косовоны (Косовоның Сербиядан тәуелсіздігін БҰҰ құрамындағы 193 елдің 98-і мойындаған) мойындамағаны секілді Донецк республикасын да мойындамайтынын айтты. Бұл – БҰҰ-ның ұстанымы. Бұл тұрғыда [Тоқаевтың] айтқанын жоғары деңгейде бағалау керек, — дейді ресейлік сарапшы.

Дубнов сондай-ақ Facebook желісінде "Орыс пен қазақ – ғасырлық дос емес" деп жазған еді. Азаттыққа берген сұхбатында ол осы сөзді тарқатып айтты.

— Бауыр болудың қажеті жоқ. Өйткені бауырға қарсы танкімен баруға болатынын көріп отырмыз. Біз үшін Украина – бауырлас халық. Бұл [Ресей] басшылығына Украинаға қарсы әскери операция жасауға кедергі келтірді ме? Жоқ, кедергі келтірмеді. Сол себепті бауырлас болуға ұмтылудың қажеті жоқ. Мұны фетишке айналдырмау керек. Өз ар-намысыңды қорғап, тәуелсіз саясат жүргізу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегісі осыған саяды да. Ал бұған Ресейдің қалай қарайтыны – үшінші деңгейлі сұрақ, — дейді Дубнов.

Сарапшы Қазақстан мен Ресейдің "түпкі мақсаты әртүрлі" дейді.

— Ресей империялық болмысын қалпына келтіргісі келеді. Аумағын кеңейтіп, өзі ұлы держава, қалған елдерді тәуелді колония ретінде көрсетуге тырысып отыр — дейді саясаттанушы қарсыласпаған елдің расымен де колонияға айналатынын ескертіп.

"БАЛҒА МЕН ТӨСТІҢ АРАСЫНДА"

Тоқаевтың сөзін Украинада да талқылап жатыр. "Реакция да жақсы. Бірақ Қазақстанның ұстанымы осыған дейін де белгілі еді" дейді украиналық саясаттанушы, "Пента" қолданбалы саяси зерттеулер орталығының басшысы Владимир Фесенко.

Украиналық саясаттанушы Владимир Фесенко.
Украиналық саясаттанушы Владимир Фесенко.

— Президент Тоқаев мәлімдеген ұстанымда жаңа ешнәрсе жоқ. Маңыздысы – оның бұл сөзді Путиннің көзінше айтқаны. Соның алдында ғана Путин ұзағынан сөйлеген еді. Бірақ Қазақстан президенті қорықпастан Қазақстанның осы мәселедегі негізгі ұстанымын дипломатиялық дәлдікпен жеткізді. Әрине, Украинада мұны өте жақсы бағалады, — дейді Фесенко.

Украиналық сарапшы Батыстың Ресейге қарсы санкцияларына Қазақстан қандай саясат ұстанып отырғанына назар аударды.

Форумның алдында ғана Тоқаев "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында: "Санкцияның аты – санкция. Біз оларды бұзбауымыз керек. Оның үстіне бұзған жағдайда Батыс тарапынан біздің экономикамызға қарсы екінші деңгейлі санкцияға ұшырайтынымызды ескертіп отыр" деген еді.

— Қазақстан басшылығы ЕАЭО аясында Ресеймен әріптестік қарым-қатынасы бар екенін, онымен бірге Батыс елдерінің Ресейге жариялаған санкциялары да бар екенін мәлімдеді. Қазақстан санкциялық саясатқа құрметпен қарайды. Бұл "ДХР" мен "ЛХР-ды" мойындау не мойындамау жөніндегі ұстанымнан кем түспейді. Бұл жерде Қазақстан сыртқы саясатындағы тепе-теңдігін көрсетті. Ол Ресей мен Батыс арасында теңдік ұстауға тырысып отыр. Шындығына келгенде, украин ретінде Қазақстанның бізді толық қолдағанын қалаймын. Кейбір қазақстандықтардың Украинаға жақтасып отырғанын білемін. Бірақ мен реалистпін. Қазақстан да, Тоқаев та балға мен төстің арасында тұр, — дейді Фесенко Ресей саясаткерлерін Қазақстанға қарсы сес көрсете сөйлеп жүргенін атап өтіп.

— [Тоқаевтың] Украинаға көзқарасы қандай екенін білмеймін. Бірақ ол "ДХР мен "ЛХР-ды" мойындау өте жағымсыз дипломатиялық прецедент болатынын жақсы түсінеді. Өйтпесе Қазақстанның солтүстігіндегі ресейшіл қайраткерлер де ұлттық республика жариялауы ықтимал. Кәсіби дипломат және тәжірибелі саясаткер ретінде ол оны жақсы түсінеді, сол себепті мұндай қатердің алдын бірден алды. Ол Ресеймен де, Батыспен де, постсоветтік әлемдегі өзге елдермен де араздасқысы келмейді. Екіжүзді деп сынауға болар еді. Мұндай екіжүзділікті біз қазір көптеген елден байқап отырмыз, — дейді украиналық сарапшы.

Санкт-Петербургтегі форум Донбасста ауыр шайқас жүріп жатқанда өтті. Оның үстіне қазір Ресей украин порттарын бұғаттауы себепті азық-түлік дағдарысы да ушығып тұр. Форумдағы сөйлеген сөзінде және қойылған сұрақтарға жауабында Тоқаев соғысты тоқтату қажет екенін айтпады, Ресейдің агрессиясын айыптамады. Ресейдің басқыншылық соғысынан миллиондаған украин босып кетті, мыңдаған адам қаза тапты. Наурыздың басында БҰҰ-ға мүше 140 ел Ресейден Украинаға қарсы соғысын дереу тоқтатып, әскерін тәуелсіз мемлекеттен алып кетуді талап еткен. Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясындағы бұл дауыс беруде қалыс қалған.

Тоқаев (оң жақта), Путин (ортада) және кремльшіл журналист Маргарита Симоньян (сол жақта) форумда. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.
Тоқаев (оң жақта), Путин (ортада) және кремльшіл журналист Маргарита Симоньян (сол жақта) форумда. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.


Қазақстанның Украинадағы жікшіл аймақтар туралы ұстанымын ресми тұлғалар осыған дейін де мәлімдеген. Ақпан айында Путин Донбасстағы жікшіл екі аймақты тәуелсіз ел ретінде мойындайтынын мәлімдегенде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, әрі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отандық журналистерге Нұр-Сұлтанның бұл аймақтарды мойындамайтынын айтқан. Наурыздың соңында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Тимур Сүлейменов EURACTIV басылымына берген сұхбатында Қазақстан Украинаның ауқмақтық тұтастығын құрметтейді, Қырым аннексиясын мойындамағаны секілді "ДХР" мен "ЛХР-ды" да мойындамайды деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG